КИІЗ ҮЙДЕГІ КІТАПХАНА
Қалалық мәдени-демалыс паркінің сол жақ кіреберіс маңында оқшау тұрған киіз үй әуелде елеусіздеу көрінеді. Ал, онда бас сұға қалсаңыз, іші толы қазына екеніне көзіңіз жете түседі.
Иә, бұл – қазақтың кәдімгі алты қанат ақ үйінде орналасқан кітапхана. Есіктен енген бойда халқымыздың көркем өрнегімен, ұлттық ою-кестесімен әспеттелген киіз үйдің іші құдды бір кітапхана ғимаратындай жасақталыпты. Ондағы бояуы қанық басқұрлар мен текеметтер қаз-қатар тізілген сөрелердегі түрлі-түсті кітап мұқабаларымен ерекше үйлесім тауып тұр. Бір шаңырақ астында тоғысқан қос рухани қазына осылайша келген жанның жанарын жаулап, ұлттық құндылығымыз өте бай екенін айшықтай түскендей. Биылғы жазғы кітапхананың ерекшелігі де осында жатыр. Бұған дейін аталмыш шара тек ашық аспан астында ұйымдастырылумен ғана шектелсе, енді ұлттық болмысқа аса басымдық берумен ерекшеленіпті. Кітапхананың бірыңғай типті оқу залдарынан мезі болсаңыз, дереу осында ат басын бұрғаныңыз абзал. Себебі, мұндағы күмбезді шаңырақ астында жайнаған кітаптар әлемі жанға ерекше бір жайлылық сыйлайды. Түндіктен түскен күн сәулесі мен есіктен соққан самал жел зейініңді аша түседі. Бір сөзбен айтқанда, жантая кетіп, жан-сарайыңды ашуға таптырмас орын.
Жыл сайын дәстүрлі түрде қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бастамасымен қолға алынатын шараның мақсаты – біреу. Шаһар тұрғындарының, тұтастай қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, тынығуына қолайлы жағдай. Сондай-ақ, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға назар аударылады. Мұнда өрендерге арналған «Ертегілер елінде», «Отбасы және балабақша» жинақтарымен бірге, «Балдырған» журналдары, түрлі санамақтар бойынша энциклопедиялар да бар.
– Жазғы кітапхана шарасы 5 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Әр жылдың 1 мамырынан бастап келушілерге есік ашық. Кешкі сағат 16.00 мен 21.00 уақыт аралығында тұрғындарға ақпараттық, танымдық-мәдени қызмет көрсетуде. Қалаға қарасты 21 кітапхана апта сайын ауысып, осында кітап көрмелерін ұйымдастырады. Оқырман сұранысын қанағаттандыратын көркем әдебиеттер, түрлі тақырыптағы оқиғалар желісіне құрылған кітапшалар, балалар ертегілері мен газет-журналдар, мерзімді басылымдарды жаз бойы көпшілік назарына ұсынады. Кітапты ғимарат ішінде емес, таза ауада оқығанды ұнататын оқырман үшін бар жағдай жасалып, қызықты іс-шаралар да өткізіледі, – дейді кітапханашы Гүлайна Аманбалаева.
Бұл орынның ашылғанына көп бола қоймаса да, мұнда келген кішкентай оқырмандардың қатары қалың. Бірі ертегілер әлеміне саяхаттаса, енді бірі қазақ тарихындағы белді тұлғалар – хан мен қолбасшы батырлар туралы еңбектерге қызығушылық танытуда. Айта кетерлігі, жаз бойы демалуға келген тұрғындар мен жастар кітапхананың тұрақты оқырмандарына айналуда. Мәселен, осыдан екі жыл бұрынғы уақыттың өзінде 4 мыңнан аса оқырман тіркеліп, оларға 14 мыңға жуық кітап пен түрлі мерзімді басылымдар ұсынылған.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.