Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ПЕДИНСТИТУТ ПЕРНЕСІ

ПЕДИНСТИТУТ ПЕРНЕСІ

   
Қос ғасырлық тарихы тасқа басылған  Қызылорда қаласы бүгінде білім, ғылым, мәдениет және өнер орталығына айналды. Елімізде жоғары білім беру жүйесінің іргетасы XX ғасырдың 20-30-жылдары қаланғаны белгілі.  Сол уақытта Қазақстанда 12 жоғары оқу орны болды.  Сыр өңіріндегі педаг­огикалық институты сондай білімнің қарашаңырағы саналады. Ол уақытта еліміздің көп  аймағында жоғары білімді мұғалімдер даярлайтын оқу орны жоқ еді. Сондықтан  Қызылорданың төрінде білім ошағының ашылуы тарих­и маңызы зор оқиға саналды.
Пединституттың іргесі 1937-1938 жылдары қаланған. Тарих деректеріне сүйенсек, 1937 жылы Қиыр Шығыстағы корей педагогикалық институтының Қызылордаға қоныс аударуы негізінде қызылорда педагогикалық институты ашылды.  Алғашқы уақытта оның тарих, орыс тілі мен әдебиеті, химия-биология және физика-математика факультеттерінде 372 студент оқиды. Оның ішінде мұғалім кадрларын даярлауды ұлғайтуға мән берілді. Осы мақсатта 1937-41, 1950-54 жылдар аралығында екіжылдық мұғалімдер институты мен жұмысшы факультеті қызмет жасады. Білім ордасында әр кезеңде белгілі көрнекті ғалым-педагогтар дәріс берді. Олардың қатарында ҚР Ғылым Академиясының академиктері С.Кеңесбаев, А.Тайманов, Беларусь Ғлым Академиясының академигі Е.И.Ривлин, ҚРҒА-ның мүше-корреспонденттері Ким Ен Хван, В.М.Боровский, сондай-ақ, көрнекті ғалымдар Ә.Қоңыратбаев, В.Иллерицкий, А.И.Соколовскиий, С.Елубаев, А.Темірбеков, Қ.Жаманбаев, Ә.Ермеков, Б.Өсербаев, О.Қамардинов, А.Айтмұхамедов, Б.Досманбетов, Б.Әбдірәсілов секілді өз саласының мықты майталмандары қызмет етті.
Аталмыш институт соғыстан кейінгі жылдары күрделі кезеңді бастан кешірді. Дегенмен, қиындыққа қарамастан  маман кадрлар даярлау ісінде нәтижелі іс-шаралар атқарылды. Соның нәтижесінде онда оқытушылар саны 52-жеткен. Оның ішінде 1 профессор, 9 ғылым кандидаты, 1 доцент қызмет етті. 1950-51 оқу жылында талапкерлер арасында тарих мамандығына қызығушылық мол болды. Жүйелі жұмыс жасап еліміз бойынша Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтынан кейінгі екінші орынға шықты. 1952 жылдың ақпан-наурыз айларында қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен институтқа белгілі қаламгер Н.В.Гогольдің есімін беру туралы шешім қабылданды.
Тәуелсіздік алған  жылдардан кейін білім ордасы кәсіби мамандар даярлайтын іргелі оқу орнына айналды. Мұндағы құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде қазақ және орыс тілдерінде білім беретін 10 факультет жасақталды.
Қызылорда қаласында 1990 жылы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты да мамандар дайындау ісінде белсенділік танытты. 1991 жылы институтқа екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың есімі беріліп, оқу ордасы 1996 жылы Ы.Жақаев атындағы политехникалық институты болып қайта құрылған. Жоғары оқу орнына Қылышбай Бисенов басшылық етті.
Аталмыш екі ірі оқу орны 1998 жылы Үкімет қаулысымен біріктірілді. Соның негізінде қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті құрылды. Ректор қызметіне техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов тағайындалды.
Университеттің материалдық-техникалық базасын нығайту, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетін көтеру, кітапхана қорын жаңа мазмұнды оқулықтармен толтыру алғашқыда оңайға соқпады. Оқу ғимараттары, жатақханалар, асханалар қайта жөндеуді қажет етті.  Дегенмен, жыл өткен сайын бұл түйткілді мәселелер оң шешімін тапты. Бүгінде қарашаңырақ озық үлгідегі бәсекеге қабілетті университеттердің біріне айналып отыр. Халықаралық деңгейдегі білім ошақтарымен иық тіресетін деңгейге жетті.
Оқу ордасы сексен жылдан астам уақыт ішінде талай асудан, күрделі кезеңнен, түрлі белестен өтті. Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті – ғылым мен білім, өнер мен мәдениет бастау­ алатын бірден-бір тәр­бие ошағы.
                                                                                      Айтолқын АЙТЖАНОВА.
29 мамыр 2018 ж. 1 573 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам