100 ДОМБЫРАШЫ БІР МЕЗЕТТЕ ҚҰРМАНҒАЗЫ КҮЙІН ОРЫНДАДЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бүгін Жалағаш кентінде «Домбыра – думан» атты домбырашылар шеруі өтті.
Домбырашылар шеруі әуез мектебі мұғалімдері, оқушылары, этно топ домбырашылары, «Мұрагер» домбырашылар ансамблінен құралған 100 күйшінің қатысуымен өткізілді. Өңірдің өзіндік келбеті мен ерекшелігін, мәдени, рухани байлығы мен тарихи ізгі қадамдарын жұртшылыққа насихаттау бағытындағы айтулы шараның алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов ашып, халқымыздың мәдениеті мен музыкасын дамыту, өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеудегі бұл шараның маңызы зор екендігіне тоқталды.
Шара барысында домбырашылар «Ерке сылқым», «Көрұғлы», «Күрішшілер биі», «Машботой», «Әлқисса», «Сал күрең», «Нар ағаш» туындыларын жекелей орындаса, Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлерін 100 домбырашы бір мезетте орындап, домбыраның күмбірлеген үні көрермендерді ерекше әсерге бөледі.