ЖАРТЫ ҚАЛАҒА АЙНАЛҒАН КОМБИНАТ
Кеңес дәуірінде Қызылорда қаласында ірі өнеркәсіп мекемелері пайда болды. Олардың қатарында ет, целлюлоза-картон комбинаты, күріш зауыты, құрылыс материалдары және конструкция комбинаты, ТЭЦ-6, ФНМ, аяқкиім фабрикасы және жергілікті өндіріс материалдар мекемелері бар.
Соғыстан кейінгі жылдары шаһарда күрделі құрылыстар қарқын алды. 1956 жылы Мәскеудегі мемлекеттік жоспарлау институтының арнайы экспедициясының Сыр өңіріне келуі айтулы оқиға болды. Олар заманауи картографиялық құралдармен облыс аймағын картаға түсірді. Осы сапарда экспедиция мүшелері облыста қамыстың мол қоры негізінде Қазақстанда тұңғыш целлюлоза-картон комбинатын Қызылордада салуға шешім қабылдады. Бұл асығыс шешім еді, соған қарамастан өңірде ірі өндіріс орны пайда болды. Целюлоза-картон комбинаты 1958 жылы өз жұмысын бастады. Шикізат ретінде Сырдария өзені мен Қараөзек алқаптарында жайқалған ну қамыстар пайдаланылды.
Бүкілодақтық екпінді комсомол жастар құрылысы болып жарияланды. Комсомолдық шақыру бойынша оған Украина, Молдова, Татарстан, Башқұртстанның, еліміздің облыстарынан мыңдаған жастар оны салуға атсалысты. Құрылысқа Виктор Карпович Маруняк басшылық етті. Ал бас инженер қызметін Лев Павлович Пан атқарды. Христофор Колпакиди басқаратын ағаш ұстасы, Тәжібек Ахметов жетекшілік ететін бетоншылар, Дастанбек Қайрановтың тас қалаушылар бригадалары үлкен табыстарға жетті.
Іске қосылған алғашқы жылы өндіріс орны 73 мың тонна целлюлоза, 70 мың тонна картон өндірді. Өз өнімдерін көптеген республикаға жөнелтті. Озық үлгідегі өнімдер әсіресе Горький, Волжск автозауытында, Заволжск мотор, Ленинградтағы «Стройполимер», Мәскеудегі, Одессадағы линолиум зауытында сұранысқа ие болды. Мұнда 19 түрлі тауар өндірілді. Тоқылмайтын өнім шығаратын бұл фабрика облыстың негізгі өндіріс ошағы ретінде есептелді. Қызылорда қаласындағы «бір өзі комбинаттың жарты қалаға» айналған целлюлоза- картон комбинаты осылайша алыс-жақын шетелдерге өз даңқын шығарды.
Комбинаттың өндірістік қуаты жыл санап өсе түсті. 1966 жылы Гофро жәшік цехы, 1969 жылы макулатура, 1978 жылы 86 мың тонна қағаз жасайтын қуаты бар машина, 1972 жылы тазалау қондырғылары іске қосылды. Ал, 1976 жылдан бастап өндіріс қалдығы негізінде халық тұтынатын тауарлар шығаратын цехта еңбек ырғағы қызды . Мұнда екі жарым мыңнан астам адам еңбек етті. Өндіріс қуатын, өнім көлемін арттырумен қатар тұрғын үй, әлеуметтік тұрмыстық құрылыстар салуды жүргізді. Өз жұмысшы-қызметкерлеріне арнап 1290 пәтерлік 65 үй, 700 орындық жатақхана мен қонақ үй салды. Ғарышкер Титовтың есімі комбинат жұмысшылары тұратын қалашыққа беріліп, «Бумажник» мәдениет сарайы іске қосылды.
Зауыт 1994 жылы нарықтық экономика жағдайына бейімделіп, қағаз шығаруға мәжбүр болды. Қажетті жабдықтардың болмауы және көптеген себептерге байланысты ол ырғақты жұмыс істеп кете алмады. Сөйтіп комбинаттың еңсесін нарық экономикасы тежеп, жұмысы тұралап қалды.
Мұның бәрі қала тарихы қатпарындағы елеулі оқиғалар, өміршең сәттер. Алайда сол айтулы жылдардағы әлем назарын аударған тарихи деректер құнды дүние санатында ел есінде сақтаулы.
Г. Асқарқызы.