БАЛДӘУРЕН ШАҚТЫҢ БАЗАРЫ
Қызылорда қаласындаы «Сырдария» сауықтыру лагерінің алғашқы маусымы аяқталды. Мұнда барлығы 167 бала өз демалысын көңілді өткізді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев лагерь жұмысымен танысып жас өрендерге сыйлықтар табыстады.
«Сырдария» лагерінде жазғы 7 ауысымда 1050, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан 499 бала демалуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта балғындарға керемет көңіл-күй сыйлау үшін бірқатар танымдық үйірмелер ашылған. Мәселен, «Ақылды спорт» үйірмесінде тоғызқұмалақ, шахмат, асық ату, арқан тарту, алтыбақан секілді ұлттық ойындар үйретілуде. Сондай-ақ, екі киіз үй тігіліп, «Этноауыл» ұлттық орталығы қызмет етуде. Жас өрендер «Ұлттық бұйымдар» және «Шебер қолдар» үйірмесі арқылы ұлттық дәстүрлер мен құндылықтар жайында терең мәліметтер алып жатыр.
– Маған лагерь өте қатты ұнайды. Біз таңертең тұрғаннан жаттығу жасап, флеш-моб билейміз. Әсіресе, маған ұлттық ойындарды үйрену ұнайды. Сурет саламын. Мұнда түрлі тақырыптарда сайыстар, байқаулар өткізіліп тұрады. Өзіме жақын жаңа достар таптым, – дейді №253 орта мектептің 4-сынып оқушысы Жұлдыз Шаймерден.
Жазғы лагерь тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие, үгіт-насихат құралы екені анық. Үстіміздегі оқу жылында облыс бойынша 136 мың оқушы жазғы демалыспен қамтылады. Бұл олардың 97 пайызын құрайды. Оның ішінде 9 жазғы тынығу лагерлері 7 ауысымда демалушыларды қабылдаса, 111 мыңнан астам бала мектеп жанындағы жазғы демалу орындарымен қамтылады.
Сонымен қатар, оқушылар үшін аймақтың көрікті жерлеріне экскурсия мен түрлі спорттық-танымдық үйірмелердің жұмысы ұйымдастырылады деп жоспарланған.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.