АРМАНҒА ҚАНАТ БІТІРГЕН АЙДЫН
Бүгінге дейін облыста қысқы спорт түрлерінің даму деңгейі онша көңіл қуанта қоймағаны рас. Жасыратыны жоқ, бұл бағыттағы шаралар тым баяу жүрді. Оның себебі де жоқ емес. Оған жергілікті климат пен ауа райының қолайсыздығы әсерін тигізді. Сондай-ақ, өрендердің емін-еркін жаттығуына жағдай жасайтын арнайы кешеннің болмауы да жоқтығы кері ықпал етті.
Осындай үлкен кемшіліктің орнын толтыру мақсатында облыс орталығынан «Мұз айдыны» спорттық-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланып, 2013 жылдың күз айында ел игілігіне берілді. Ол жалпы көлемі 7 мың шаршы метрден асатын нысан спорттық ойын залы, мұз аренасы, күрес және көркем гимнастикаға арналған блоктардан құралған. Бүгінде мұнда грек-рим күресі, шайбалы хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, волейбол, баскетбол, жекпе-жек түрлерінен 500-ге жуық өрен шұғылданады. Сондай-ақ, спорттық билерге арналған хореографиялық сынып қарастырылған. Бір қуантарлығы, мұнда салауатты өмір салтын ұстануға ниет білдіріп, шымыр болуға еңбектенетін жастар қатары күннен-күнге артуда. Мұз айдынына жаппай сырғануға келетін халық қарасы да қалың. – Кешеннің ашылуы Сыр спортының дамуына тың серпін берді. Нысан халықаралық дәрежедегі жарыстарды өткізу стандарттарына лайықталып жасалған. Оның құрал-жабдықтары, тазартқыш техникалары түгелімен итальяндық зауыттан шыққан. Сапасы, қызмет көрсету тиімділігі өте жоғары. Әр сағат сайын арнайы машиналармен мұқият тазаланып отырады. Бір уақытта 50-70 адам емін-еркін сырғанақ тебе алады. Келушілерге барлық жағдай қарастырылған. Спорттық бөлімдерден бөлек, конькиді жалға беру орталығы, арнайы жуыну орындары мен асхана бар. Ал, биылғы маусымнан бастап мекеменің өз қаржысы есебінен ашық аспан астындағы жүзу бассейні іске қосылды, – дейді «Мұз айдыны» спорттық-сауықтыру кешені директорының орынбасары Ерғали Шөмішбаев. Айта кетейік, салауаттылық салтын ұстанған мекеме қайырымдылық шараларынан да шет қалған емес. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі өрендер мұнда алдын-ала белгіленген кесте бойынша тегін сырғанау мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, мереке күндері де жаппай халыққа ақысыз сырғанау жеңілдіктерін жиі ұсынып отырады. Ал, былайынша күндері де межеленген баға мөлшері қолжетімді, қалтаға қонымды. Сондықтан болар, бұл жер бүгінде көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген. Қазіргі таңда қысқы спорт түрлерін серік еткен жастар арасынан мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева байрақты бәсекелерде тек облыс емес, тұтас республика намысын қорғап келеді. Небәрі 18 жастағы дарынды спортшы халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрініп үлгерді. Биыл Оңтүстік Корея төрінде дүбірлеп өткен қысқы Олимпиадада жерлесіміз жер-жаһанның әр қиырынан келген мұз айдын үстіндегі бұл өнерді ұршықша иіре білетін маңдайалды мықтылармен бірге сынға түсу мүмкіндігіне ие болды. Элизабеттің бұл жетістігі бүгінде мұндағы біраз жасқа өнеге. Олар да осындай белесті бағындыру үшін күн сайын мұз айдынында тынбай еңбектеніп, аталмыш спорттың қыр-сырын меңгеріп келеді. Осы қарқын үдесінен шығып отырса, бұл кешен әлі талай Сыр саңлақтарын түлетері сөзсіз.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.