ЕЛІМІЗДЕ ЕСІРТКІ САУДАСЫНА ҚАТЫСТЫ 4 МЫҢНАН АСТАМ ІС ТІРКЕЛГЕН
Қызылорда облысында қылмыскерлер үнді қарасорасын өсіргені анықталды. Құқық қорғау саласының қызметкерлері соңғы үш жыл көлемінде 154 есірткі алаңын тауып, 215 тонна тыйым салынған шөпті тәркіледі.
Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов тұрғындарға есеп беру кездесуінде мәлім етті. Сала басшысы ауған елінен келетін қауіпті көкнәрға да баса назар аударды. Ресей мен Еуропаға таралатын героин аталған есірткі біздің елмен өтеді. Мамандар транзит арқылы келетін есірткінің 10 пайызы елімізде қалып қоятынын айтады. Соңғы бір жарым жыл ішінде Қазақстанда есірткі саудасына қатысты 4 мыңнан астам қылмыс ашылды. Министр нашақорлыққа қатысты жұмыс күшейгенін тілге тиек етіп, елімізде есірткі саудасымен айналысқан 190 сайттың бұғатталғанын жеткізді. Қасымов Ішкі істер министрлігіне қарасты 39 қызмет түрінің сапасы толық жақсарып келе жатқанын да атап өтті.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
– Соңғы бес жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азайып келеді. Соған қармастан, былтыр жеткіншектерге қатысты 3140 іс тіркелді. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Қылмыстық жауапкершілікке 3 мыңнан астам жасөспірім тартылды. Оның 79 пайызы – 16-17 жастағы балалар. Соңғы жылдары түрмедегі қылмыскерлер саны да азайып келеді. 2011 жылы 57 мың сотталушы болса, биыл бұл 35 мыңға дейін кеміді. 15 жыл бұрын Қазақстан сотталғандар саны жөнінен әлемде АҚШ пен Ресейден кейін үшінші орын алса, қазір біз 78-орынға түстік.
www.24.kz