ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРГЕ ҚАТАҢ ТАЛАП ҚОЙЫЛАДЫ
Коммуналдық саладағы жұмыстың жандана түсуіне атқаратын қызметтері ұқсас мекемелердің бір құрылым ретінде біріктірілуі оң серпін береді. Осы мақсатта «Тұңғыш Президент паркі» мен «Тұрғын үй Қызылорда» мекемелері «Қызылорда тазалығы» ЖШС құрамына енгізілді. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде бұл мәселе жан-жақты таразыланды.
Қала тазалығын жүйелендіре түсуге септігін тигізетін бастама арқылы бюджеттен 80 млн. теңге үнемделеді. Қайта құрылған мекеме басшылығына осы салада тәжірибесі мол Талғат Құлмағанбетов тағайындалды. Ол осы кезге дейін қалалық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
Мұнан бөлек, мәжілістің күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алдымен қоғамдық көлік қатынасын реттеу мәселесі талқыланды. Ол жайында қала әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаев баяндап, қазіргі уақытта қоғамдық көлік бағыттары қайта қаралып жатқанына тоқталды. Яғни бір көшенің бойымен жүретін екі бағыттың біреуі қысқартылады. Автобустардың жүру жиіліктерін 5 минутқа дейін жеткізіледі.
Электронды төлем жүйесін де жолаушылар пайдалана бастады. «Қызылорда» автобус паркінің 112 автобусына орнатылған жаңа төлем жүйесін сәуір айынан бастап жергілікті азаматтар қолданып келеді.
Қоғамдық көліктерге қойылатын талап күшейтіледі. Себебі 2013 жылғы желтоқсан айында қоғамдық көліктерге арналған конкурстың 5 жылдық мерзімі биылғы жылдың аяғында бітеді. Сондықтан алдағы қазан айынан бастап жаңадан конкурс жарияланып, қатысушыларға қатаң талап қойылады. Атап айтқанда, алыс және жақын шетелден келген автобустардың шыққан жылы 10, Еуропадан келген автобустардың шыққан жылы 20 жылдан аспауы тиіс. Оған қоса автобустар бейнекамералармен, GPS құрылғыларымен қамтамасыз етілуі басты назарда ұсталады. Бұл мәселеге байланысты қала әкімі қоғамдық көліктердің ішкі және сыртқы келбеті, орындықтары стандартқа сай болуы басты назарда болатынын айтты.
Мәжілісте талқыланған тағы бір мәселе – «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру барысы. Бұл туралы қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тұрсын Байменов хабарлама жасады. Сол жағалаудың бас жоспарына сәйкес бүгінде алғашқы кезектегі игерілетін 500 гектар жер телімінде қарқынды жұмыстар жасалуда. Осы уақытқа дейін 3,34 шақырымды құрайтын ауыз су және кәріз жүйесінің құрылысы аяқталған. Бұл аумақта көпқабатты 50 тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 18 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде 16-ы алдағы қыркүйек айында пайдалануға беріледі.
Мәжіліс соңында қала әкімі қаралған мәселелерге байланысты тапсырмалар берді.
Биболат Сағындықұлы