КЕЛЕР ЖЫЛЫ МЕРЕЙТОЙЛАР АТАП ӨТІЛЕДІ
Кеше қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХVІІІ сессиясы өтті. Сессия отырысына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова, депутаттар, бөлім басшылары, ауыл-кент әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнәр Баймаханова «2017-2019 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2016 жылғы 14 желтоқсандағы № 49-9/1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәлімдеме жасады.
Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер басқармасының қала бюджеті кірістерін сапалы орындау мақсатында кейбір салық көздері бойынша болжамдық көрсеткіштерді қайта қарау жөніндегі ұсынысы ескерілді.
Сессия барысында қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қаланың «Құрметті азаматы» атағын беруге байланысты тоқталды. Қала әкімі жанындағы марапаттау комиссиясының қорытындысына және қала әкімінің ұсынысына сәйкес, «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы есімі елге белгілі бірқатар азаматтарға беріледі деп жоспарлануда. Әрқайсысы шаһар дамуына өз үлестерін қосқан.
Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындауға орай қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметова баяндап берді.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – сот шешімімен коммуналдық меншікке түскен болып танылған иесіз қалдықтарды басқару қағидаларын бекітуге байланысты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Сәрменбаев айтып берді.
Сессияны қала әкімі қорытындылады. Қала басшысы алдымен жиналған қауымды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, атқарылып жатқан жұмыс барысын атап өтті.
– Соңғы жылдары өңірімізді өркендету бағытында айтулы бастамалар мен ауқымды жобалар жүзеге асып, қала тұрғындарының әлеуметтік әлеуеті артып, экономикамыз қарқынды даму үстінде. Биыл қала бюджеті 30 млрд. 831,4 млн. теңге болып бекітіліп, бүгінгі күнге 42 млрд. 914,3 млн. теңгені құрады. Оның ішінде өз кірістеріміз 17 млрд. 063,3 млн. теңгеге жетті.
Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен ең үлкен жетістіктің бірі – Сарыарқаның төрінен әсем Астана бой көтерді. Келер жылы Елорда өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Сонымен қатар, төрімізге еңгелі тұрған 2018 жылы облыстың құрылғанына 80 жыл толады. Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда 200 жылдығын атап өткелі тұр. Оған дайындық келер жылдың қаңтарынан басталады, – деді қала басшысы.
Сондай-ақ, алда Тәуелсіздік мерекесі келеді. Осынау айтулы күн қарсаңында бірнеше әлеуметтік нысандар ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
Сурет авторы: Бағдат ЕСЖАНОВ.