ҚЫЗЫЛӨЗЕККЕ КІМ ӘКІМ БОЛАДЫ?
Қалаға қарасты Қызылөзек ауылдық округінің әкімі басқа қызметке ауысуына байналанысты қалалық мәслихаттың мәжіліс залында депутаттар басқосты. Оған мәслихат хатшысы Роза Боханова, сайлау комиссияның төрағасы Асқарбек Есжанов қатысты.
Округ әкімі лауазымын екі үміткер ниет білдіріп отыр. Халық қалаулылары Сәкен Әбдіжаппар және Асқар Бердалиев сынды үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларын тыңдады. Екеуі де Сыр өңірінің тумалары. Жоғары білімді және отбасылы. Еңбек жолында бірнеше қызметтерді атқарған.
Сайлауға дейін олар ауылдың тыныс-тіршілігімен тынысып қайтты. Қызылөзек тұрғындары көбіне мал шаруашылығымен айналысады. Мұндағы бір мәселе – Қараөзек станциясында ауыз су тапшы. Сондай-ақ, кандидаттар балабақша, спорт алаңын салу мәселесі өзекті екеніне зер салды.
Округке қарасты ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар бойынша шағын және орта бизнесті дамыту –басты мақсаттың бірі. Жол жарық жайы да назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, ауылда жұмыссыздық мәселесі де бар. Әкім қызметінен үміткерлер осындай проблемаларды зерделей келе, оны шешу жолдарына орай ой-пікірлерін білдірді.
Жиын барысында депутаттар үміткерлерге өз сауалдарын жолдады. Сайлау 29 маусымда өтеді деп жоспарлануда. Ал, шілде айында Талсуат ауылының әкімінің сайлауы өтетінін хабарлады мәслихат хатшысы.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.