АЛҒАШҚЫ ҰЛТ ТЕАТРЫ
Алаштың анасы атанған Сыр өңірі ұлттық театр өнерінің тамырын тереңнен тартқан талбесігі екені белгілі. Олай деуіміздің себебі, қазақ өнерінің қарашаңырағы, яғни, бүгінгі М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының өз шымылдығын осы Қызылорда қаласында түрген еді. Тарих көздеріне сүйенсек, 1925 жылы тұңғыш кәсіби қазақ театрын құру туралы шешім қабылданған. Сөйтіп, келесі жылдың 13 қаңтар айында алғашқы астанада М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы тұңғыш рет сахналанды. Сол күні киелі сахна төрінде Ә.Қашаубаев, Қ.Жандарбеков, С.Қожамқұлов және Ж.Шанин секілді саңлақтар өнер көрсетіп, көп қошеметіне ие болған. Олардың барлығы – ұлт мәдениетін ұлықтаған маңдайалды тұлғалар. Алғашқы жылдары театр құрамында көркемөнерпаздық пен халық шығармашылығының танымал шеберлері – И.Байзақов, Е.Өмірзақов, Қ.Жандарбеков, Қ.Бадыров, Қ.Мұңайтпасов, З.Атабаева, Ш.Әлібекова, Ш.Байзақова, М.Шамова, Ж.Шанин сынды театр тарландары қызмет жасады. Міне, қасиетті жерде киелі өнердің алашқы оты осылай тұтанған-ды.
Театр тарихына қатысты ресми мәліметтерде өнер ордасының ашылған күні мен алғашқы сахналанған қойылымы туралы екіұшты деректер де жоқ емес. Яғни, театрдың ашылу күніне байланысты бірнеше мерзім айтылады. Олар – 1925 жылдың желтоқсан айы, 1926 жылдың 10, 13, 31 қаңтары. Ал, сахнаға қойылған алғашқы пьеса деп бірде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі», бірде Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы» айтылады. Бір айта кетерлігі, бұл сыңаржақ пікірлер әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда біржақты нақтыланбай келеді.
Мәселен, осы тарихи оқиға туралы ғаламтордағы электрондық энциклопедияларда «Қызылорда қаласында 1926 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен тұңғыш рет театр шымылдығы ашылды» деген дерек кездеседі. Сондай-ақ, онда мынадай мәліметтер келтірілген: «Театр директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметіне Дінше Әділов тағайындалған. С.Қожамқұловтың қоюы бойынша «Еңлік-Кебек» трагедиясының 3-актісімен және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен тұңғыш рет театр шымылдығы Қазақ өлкелік 5 партконференция кезінде ашылды. Ал, 1926 жылдың 31 қаңтарында болған Ұлт театрының ресми ашылуында Қошмұхамбет Кемеңгеровтің «Алтын сақинасы» пьесасы ойналды» делінген. Соңғы пікірді Сыр театры өнерінің қарашаңырағы – Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір-Темір де растайды.
– Негізінде, көне дереккөздердегі Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» қойылымының алғаш рет қоюлуы туралы пікірдің жаны бар. Мұны бұған дейін де бірнеше ғалымдар театр тарихы мен сол кездегі баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар арқылы дәлелдеді. Десе де, бұл мәселеге келгенде әлі де нақтылауды қажет ететін дүниелер бар. Алғашқы ұлт театры сөз болғанда «Алтын сақина» қойылымы туралы ондай мардымды ештеңе айтылмайды. Жалпылама түсінік бойынша «Қызылордада 1926 жылы алғаш рет М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналанды» деген мағлұматтар жиі сөз етіледі. Тарихта мұндай екі ұдай дүниелер жетерлік, – дейді облыстық театрдың көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір-Темір.
Ұлт мәдениетіндегі тарихи оқиғаның мұндай көмескелікке ұшырауына театрды ұйымдастырған Смағұл Сәдуақасұлы, Дінше Әділұлы, Қошке Кемеңгеровтардың саяси қуғын-сүргінге ұшырауы ықпал етпей қоймағаны анық. Себебі, сол кездері аталмыш тұлғалардың есімдері көп уақытқа дейін театр тарихы беттерінен аластатылған еді. Олар тек кейінгі жылдары ғана ақталып, әдебиет пен өнердегі лайықты орны айшықтала бастады.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.