ЕРЖАН ШЫНКЕЕВ «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ»-2018 АТАҒЫН ЖЕҢІП АЛДЫ
Астана төріндегі «Барыс Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан «Қазақстан Барысы» VIII республикалық турнирінде Ержан Шынкеев чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ержан Шынкеев финалда «Әскер Барысы» Ерасыл Қажыбаевты айқын басымдылықпен ұтып, «Қазақстан Барысы-2018» атағының иегері атанды. Осылайша Қажыбаев күміс белбеуді Айбек Нұғымаров қола белбеудің иегері атанды.
Айта кетейік, Ержан Шынкеев осыған дейін «Қазақстан Барысында» бір рет күміс белбеуді жеңіп алған болатын. Міне, бұл оның аталған турнирдегі екінші ірі жеңісі.
Осылайша, Ержан Шынкеевке алтын белбеу мен алтыннан құйылған «тайтұяқ» және 25 млн теңге табысталды. Ал бапкері 3,5 млн теңгеге иелік етті. Екінші және үшінші орынға сәйкесінше күміс және қола белбеу тапсырылды. ІІІ орын алған балуанға 1,8 млн теңге, ал оның бапкеріне 900 мың теңге табысталды. Ал ІІ орын үшін 5,5 миллион теңге, оның бапкеріне 1,8 млн теңге берілді.