Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ШЕЖІРЕ ТӨГІЛЕДІ ШАНАҒЫНДА

ШЕЖІРЕ ТӨГІЛЕДІ ШАНАҒЫНДА

   Ертедегі аңыз әңгіменің бірінде домбыраның жоғары тиегінің қалай пайда болғаны жайлы айтылады. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолшыбай дем алады. Сонда ол арқасын сүйеп, саялап отырған тал ағашының бір шыбығын кесіп алады. Оған жылқының қылын керіп байлаған көрінеді. Сөйтіп одан дыбыс шығармақ ниетпен шертіп көреді. Әбден әуреге түседі. Одан дыбыс шығара алмайды. Жасаған затын жанына қоя салып, қисайып ұйықтап кетеді. Әлдебір уақыттары әдемі әуеннің әуезімен тербеле оянады. Қараса өзі жасаған аспаптан жан елітер әдемі әуен шығып тұр. Аң-таң күй кешкен батыр оны дереу қолына алады. Байқап көрсе аспаптың мойын тұсынан барынша кішкентай ағаш тиек тұр екен. Оны кім қойып кеткенін білмейді. Содан батыр: «Е, бұл шайтанның ісі болды ғой» деп ойлайды. Тілін кәлимаға келтірген батыр оны әлдебіреудің қойып кеткенін ұғады. Халық арасында жоғары тиекті «шайтан тиек» деп атап кеткені сондықтан дейді көнекөздер. Домбыраның алғаш жасалуы мен шығу тарихы осылай бастау алған дейді аңыз әңгімеде. Негізінде кейбір көне аспаптарда жоғары тиектің болмауы тән нәрсе.
Бабадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қоңыр домбыра –  ұлтымыздың нағыз шежіресі, үні. Ол қазақ шығармашылығының өсуіне, өркендеуіне, қалыптасуына үлкен ықпал етті. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Мәселен, қазақтың эпикалық жырлары мен толғауларын, термелері мен күйлерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде оның орны зор.
Домбыраның шығу тарихы жайлы ешкім де дөп басып айта алмайды. Қазақ даласының түрлі ескерткіштері мен этнографтардың қалдырған зерттеулеріне жүгінсек, домбыра және басқа халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған. Мәселен, Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінде тамбур аспабы жайлы баяндалады. Ал әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» трактатында өзбектің екі ішекті дутары қазақтың домбырасына ұқсайтыны жайлы айтылады. Оның шанағы мен мойыны құрылысы біздің домбырадан аумайтындығы жайлы сөз етіледі. Осыған қарағанда осындай аспап аттарының өзі бір-біріне ұқсастау аталып, олардың түпкі шығу дерегі бір екенін байқатса керек.
Ұлан-ғайыр даланың ұлы тұлғалары Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап, Сүгір, Әлшекей секілді саңлақ күйшілер дүйім жұрттың ықыласына бөленді. Жаны даланың үні мен әуенін ұғынып, небір ғажап күй шығарды. Олар он саусағынан күй саулатқан өнер иелері еді. Осындай дәулескер тұлғалардың арқасында домбырадан шыққан күй ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, күйдің бүгінгі таңдағы орындауда музыкалық формасы жетілді. Осылай домбыраның техникалық мүмкіндіктері артты. Тарту өнері де түрленіп, заманға сай өзгерді. Бұл – уақыт пен үндестік тапқан домбыра өнерін әлемге таныта түсудің бірден-бір жаңа қыры.
Жалпы, қазақ даласында әр өңірге қарай домбыра бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен Батыста, Арқада, Жетісуда, Сыр бойында оның түрі де, тартылуы да ерекше. Бізде ертеректе оны жидеден шауып жасаған. Оның өзі төрт түрге бөлінген. Бұл жайлы өзімнің туған бауырым, марқұм Камал Райымбековтың айтқаны есімде бар. Ол кісі шанағы өте жалпақтау сегіз пернелі жиде домбыраны қолына алып, онымен жыр айтатын. Шанағы шамалы сүйірлеу келген домбырамен халық әндерін орындайтын. Оның үні қоңырлау болғанымен шамалап ащылау, шіңкілдеп шығатын. Бірақ, оған он екі перде байланған. Шанағы кішілеу, өте сүйірлеу келген домбырамен күй тартатын. Енді бірінің беті төрт бұрыш үлкен еді. Көмейден созып салатын ескі жырлар сол дүниемен орындалатын. Арасында көмейден екпіндете оғыздарша, түркімендерше үн қосатын. Төрт түрлі домбыра үйінің төрінде әрдайым ілулі тұратын. Оны бізге «сындырып, бүлдіріп тастайсыңдар» деп ұстатпайтын. Домбыра жасаудағы тағы бір ерекшелік – жиде домбыраның шанағы мен мойнын қоса тұтас шауып жасайтын. Ол кісі мұны өзімнің «құйма домбырам» деп атайтын.
Домбыра жасаудың өзі әр жерде әр түрлі. Мәселен ол жайында елімізге белгілі аспап жасаушы Б.Сарыбаев, Б.Орымбетов, Т.Әсемқұлов, А.Сейдімбек, Д.Шоқпарұлы секілді қолөнер шеберлері еңбектерінде кездестіруге болады. Негізінде домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағайдың көлеңке бет жағынан алынып ойып, қашап жасалады. Сондай-ақ,   ол емен, тұт, үйеңкі ағаштарынан да жасалған. Оны жасаудың технологиясын дамыта отырып, әрбір құрылысын өз алдына бөлшектеп, дайындап, желім арқылы біріктіріп отырған. Оны құрама домбыра деп атайды. Бізде оған көбіне жиденің шайырын көп пайдаланған. Жиденің шайыры дыбысты тез өткізуде ешқандай кедергісі жоқ. Домбыра құрылысы – басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек, ішектен тұрған. Ал қосымша бөлшектерге тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік жатады. Болса да шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиектен тұрады. Домбыра аспабын жетілдіру 1932 жылдан бастау алған. Осыдан бастап, бүгінгі күнге дейін дамып келеді. Қазір оның прима, альт, тенор, бас, контрабас сияқты түрлері дүниеге келіп, оған көбіне сым ішіктер тағылып, оркестрлерде ойналатын болып жүр. Бұл – заманның ағымына қарай жетілген түрі.
Бұрынғы кезде үш ішекті домбыра Қазақстанның түрлі аймағында кездескен. Бұл көбіне кезіндегі Семейдің Абай, Шұбартау және Жаңа Семей аудандарында жиі кездескен. Семейде орын тепкен республикалық Абай әдеби-мемориалдық музейінде үш ішекті домбыра сақталған. Зерттеушілердің сөзіне қарағанда, оның қырғыздардың үш ішекті домбырасына қарағанда біршама артықшылығы бар.
 
К. БАЙЕГІЗ
02 шілде 2018 ж. 1 565 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам