ҚҰЛАҚТАН КЕТПЕС ҚОҢЫР ҮН...
Домбыра – қазақтың ежелден келе жатқан екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Оның қазақ өмірінде алатын орны өте ерекше. Ол жайлы айтылар тағылымды аңыз әңгіме тарихы тереңнен шертіледі. Көмейіне қорғасын құйса да өшпеген қоңыр үнінің құдіреті әлі күнге дейін қазақ даласының сахарасы мен киелі сахнасын тербеп келеді.
Бабадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қоңыр домбыра – ұлтымыздың нағыз шежіресі, үні. Ол қазақ шығармашылығының өсуіне, өркендеуіне, қалыптасуына үлкен ықпал етті. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Мәселен, қазақтың эпикалық жырлары мен толғауларын, термелері мен күйлерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде оның орны зор.
Бала кезімде марқұм Камал аға қоңыр домбырасын тартқанда кез келген ауыл адамы «ой, пәле» деп арқаланып қалатыны есімнен кетпейді. Оның көз ілеспес қағысына қарап біз таңғалып отырғанда, бірнеше күй мен термені құйқылжыта орындап тастайтын. Біздің қызыға қарап отырғанымызды байқаған ол кісі алдымен домбыраны үйренбес бұрын, оның үнінің шығу дыбысына мән беріп, қалай ажырата білу керектігін түсіндіретін. «Біздің бұрынғы көнекөз домбырашылар оны тартпас бұрын, шанағына көз жүгіртіп, шегін жалаң шертіп, үнін байқап көретін болған. Осылай оның үнінің қай деңгейде шығатынын бірден аңдап білген. Мысалға, екі шекті қатар шертіп жібергенде шанағында үн ұзақтау созылып, қоюлана естілсе, онда ол жыр айтатын домбыра болғаны. Ал, шертіп жібергенде сырнайдай сыңғырлап ашық шықса, ол күйдің домбырасы болғаны» дейтін. Ол кісі атақты Барат, Кеңесбай, Рахмет жыраулар секілді Сыр сүлейлерінің жастайынан соңына еріп, қазақтың күйлері мен термелерін зердесіне тоқып өсті. Өзінің шығарған «Аққамаш», «Ақбастой», «Дариға жастық», «Райымбек батыр» атты күйлері болған. Домбыра алғаннан кейін тартып, қан қыздырып оны арқасына қойып қобызды шалғандай созып тартатын. Одан қалды аяғының саусақтарымен пернелерді басқанда жиналған жұрт таңғалатын. Олай тартқанын талай көзіміз көрді. Бірақ, ол кісінің шығармашылығына дер кезінде ешкім мән бере қоймады. Белгілі фольклоршы-ғалым Мардан Байділдаев ағамызды арнайы іздеп келіп, жолығып кеткені есімде. Күйлерін арнайы таспаға жазып алам деп кеткеннен кейін, Камал ағай көп ұзамай аяқ астынан ауырып өмірден озды.
Бір жағынан ол кісі домбыраның жасалуы мен шегіне қатты беретін. «Негізінде шекті ешкінің ащы ішегінен жасаған өте жақсы болады. Сонда ол қою, қоңыр үнді болып шығады» деп марқұм Камал ағай жиі айтатын. Өйткені, ол кісі домбыраны жидеден жасайтын. Анда-санда оны көңілі ауған жандарға ғана істеп беретін. Негізінде оны кәсіпке айналдырған жоқ. Жиде домбырасын қолыңа алып тартқанда, оның дауысы ерекше күмбірлеп шығатын. Оны ешкімге ұстата бермейтін.
Бір күні мені «домбыраның шегін жасайтын едім, көмектесіп жібер» деп үйден алып кетті. Үйіне барсам, жаңа сойылған ешкінің ащы ішегі бір ыдыста салулы тұр екен. Содан кейін басқа бір ыдысқа орталап ысқылтымдау етіп 2 литрдей су құйды. Шамамен оның орташа жылылығы 20-30 градустай болып қалады. Ыдысқа сұқ саусағын салып қайта-қайта көріп отырды. Содан соң 250 грамдай ас тұзын салды. Маған «оны әбден ерігенше араластыра бер» деді. Тұзды судың дәмін көріп болып, оған ешкінің әбден тазаланған ащы ішегін салды. Онда 1 сағаттан астам уақыт ұстады. Уақыты біткесін оны тұзды судан алып, ішін алюминий жуандау сыммен тазалап шықты. Сымның дауыс шығаруға зор әсері болатынын айтты. Сөйтіп, оны үш мәрте қайталады.
Тазалау кезінде ішек бойының зақымданбау құпиясын түсіндірді. «Бір тегіс тазаланған ішектің даусы біркелкі шығады» деді. Одан кейін таза ыдысқа салып, бір ұшын ұршыққа орап, түрегеп тұрып иіріп, есе бастады. Маған «ұршықты түбінен біркелкі иіріп, қозғап отыр» деді. Иіріліп болғаннан кейін есілген ішекті үй ішіне керіп тастады. Содан соң керілген оның әр жерінен біркелкі салмақтағы заттарды іліп қойды да, үстінен көнмен бір-екі сипап өтті. «Міне, домбыраның ішегін жасап қойдық. Енді оны әбден кепкеннен соң аламыз. Осыдан кейін Алла бұйыртса, домбыраға тағуға жарайды» деді Камал ағай арқамнан қағып. Осы жасалған шекті кейіннен домбырасына тақты. Оның қою да, қоңыр үні көңілімде әлі күнге шертіліп тұрғандай сезінемін.
К. БАЙЕГІЗ