ТЕМІРЖОЛ ТҮЛЕТКЕН ТІРШІЛІК
ХХ ғасыр қаланың тыныс-тіршілігіне түбегейлі бетбұрыс әкелген оқиғамен басталды. Бұл кезде Патша үкіметі барлық Орта Азия аумағын орталық Ресеймен байланыстыратын «Орынбор – Ташкент» темір жолының құрылысын бастаған еді.
Бұған дейін 1879 жылы Перовскіге телеграф желісі жеткізіліп, Сібір әскери шебінің 22 орудиядан тұратын командасы қаланы әскери отарлауға кіріскен еді. Отарлаушылар үшін инженерлік қамтамасыз ету мен хабарласу жүйесін жақсарту, артиллериялық қоймаларды орналастыру, темір жол салу құрылысының әскери-стратегиялық маңызы жоғары болды.
Құрылыс 1901 жылдың ерте көктемінде басталды. Өлкеге капиталистік қатынастардың дендеп енуіне ықпал еткен Орынбор – Ташкент темір жолы, Перовск уезінің экономикалық дамуына өз әсерін тигізді. Құрылыста орыс қазақ, қарақалпақтар, өзбектер, парсылар, ауғандар, татарлар және басқа ұлт өкілдері еңбек етті. Құрылысшылардың көбі қазақтар еді. Құрылыс 1906 жылы толық аяқталды.
1901 жылы негізгі темір жол магистралінің құрылысы кезінде Перовскіде 1852 адам жұмыс істеді. Қаладағы жердің барлығы мемлекет меншігі саналды. Суармалы алқаптар Ресейден көшіп келген шаруаларға беріліп, жергілікті халық құнарсыз жерге ығыстырылды. Мысалы, жер өлшеуші Каплунь жасаған картаға қарағанда Перовск қаласында 7127 десятина құнарлы жер жергілікті шаруалардан тартып алынды.
Жолдың іске қосылуымен Перовскіде үлкен бірегей коммуникациялық жүйе құрылды. Аймақта патшалық Ресей позициясы күшейді. Петербургтен тікелей әскери, жолаушы жүк тасымалы орнатылды. Басында әскери-стратегиялық мақсатпен салынған Орынбор-Ташкент темір жолы өзінің басты міндетін орындаған соң, біртіндеп орыс капиталистерінің өз капиталын көбейтетін құралға айналдыра бастады. Қазақтардың дәстүрлі өмір салты өзгере бастады, қазақ шруашылығына тауар-ақша қатынастарының енуі және натуралдық шаруашылықтың ыдырай бастауы, шетке жұмыс іздеп кетушілер мен жұмысқа жалданушылық кең етек жайды.
Қаланың жұмысшылары көбінесе ақшасы аз төленетін, ешқандай біліктілікті қажет етпейтін ауыр қара жұмыстарға жалданды. Ф.Шербина экспедициясының мәліметтерінде 1901 жылы Перовск қаласынан қазақ халқынан шыққан табыс іздеп келушілер арасында 3033 қара жұмысшы болған деген дерек бар. Олардың көпшілігі темір жолды жөндеу, және вагондарға жүк тиеу жұмыстарын атқарған. Ол жұмыстар жылдың әр түрлі уақытында және әдетте ұзақ мерзімде жүргізілген. Жұмысшылардың басым бөлігі Орынбор-Ташкент темір жолының жөндеу жұмыстарына жалданған.
Теміржол қалаға революциялық идеяларды да алып келді. Бірінші орыс революциясының әсерінен жергілікті халық арасында отарлау саясатын қарсы толқулар басталды. Ереулідер өтіп, жұмысшылар экономикалық ғана емес, саяси талаптарды да ұсынды. 1907 жылғы қараша айының бас кезінде Перовск ереуіл комитеті пайда болды. Ереуілшілер бір ай бойы теміжол желісіне, азық-түлік, телеграфқа иелік етті. Перовск ереуіл комитеті қаланың өзінен бөлек Түркістан мен Көбек станцияларындағы көтерілістерде басшылық жасады.
Революция жеңіліске ұшыраған соң патша үкіметі ереуліге қатысқан адамдарды сотсыз, тергеусіз жазалауды бастады. Перовск станциясы саяси сенімсіздігі үшін жер аударылғандардың тұрағына айналды. Сол уақыттары қаланы Н.Шумилов, А.Червяков, Н.Селиверстов, Н.Виторский сияқты бір топ саяси қуғындар паналады.
1907 жылы 28 мамырда Перовск депосында барлық жұмыс тоқтатылып, жұмысшылар депо бастығына өз талаптарын қойды. Себепсіз жұмыстан қуылған жолдастарын өз орнына қайтаруды сұрады. Оған қоса жұмыс жалақысын қайта қарауды ұсынды. Өйткені жаңа бастық келгеннен кейін жалпы еңбек ақысы 30 пайызға төмендеп кеткен еді.
Перовск жұмысшыларының ереуілін басу үшін депо басшыларының өтініші бойынша Жосалыдан жедел түрде жандарм әскерлері шақыртылды. Олар 29 мамыр күні таңертең депо алаңында болды. Жандармдар жұмысқа келгендерді қақпа алдында қарсы алып, олардың ішінен 17 адамды қамады. Осы оқиғалардың барлығы қала халқының саяси тұрғыда өскенінің көрсеткіші болатын.
Орынбор-Ташкент темір жолының ірі станцияларының бірі Перовск Орта Азия мен Ресейді қосатын сауда жолының бойында жататын еді. Сонымен қатар қаланың географиялық-экономикалық жағдайы өзгеше әрі мұнда қазақ халқының саны басым болды. Ыстық климат, су жетіспеушілігі, ауыр тұрмыс жағдайы мұнда жоғарғы білікті мамандардың келуіне кедергі келтірді. Сондықтан кесімді жұмысшылардың орнын толтыру жергілікті халық есебінен жүргізілді. Бұл қаланың кәсіби теміржолшылары пайда болуына ықпал еткен.
Қазақстанның оңтүстік аудандарының экономикалық және саяси өмірінде ең маңызды рөл атқарған Перовск Сырдария облысының орталығы ғана болып қойған жоқ. Сонымен қатар Түркістан генерал-губернаторлығының билік органдары орналасқан саяси орталық қызметін атқарды. Қаланың рөлі темір жол салынған соң бірден өсті. Екі жолдың тоғысында орналасқан Перовск Ресейдің тауарларын Түркістанға таситын транзиттік пунктке айналды.
Орынбор-Ташкент темір жолы қазақ шаруаларының өмірінде елеулі рөл атқарады. Осы темір жолдың құрылысымен мыңдаған кедей қазақ шаруалары жұмыс істеп, жан сақтады. Біртіндеп көшпелі өмірден отырықшы өмірге өте бастады. Қала халқының саны күрт өсті. Темір жолға жақын орналасқан халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірін өзгертті.
ХХ ғасырдың басында Перовск атанған Қызылорда қаласында станция, вокзал, вагон жөндеу шеберхенасы, азық-түлік, жүк қоймалары, Сырдан су айдайтын мұнара, темір жолшыларға арналған тұрғын үйлер бой көтерді. Сондай-ақ, бірінші кезете салынған паравоз депосы болды. Депода о баста төрт секциялы 16 тұрақ және әрбір паравозға арнаулы орын, айнымалы қондырғы болған. 1904 жылы қазандық салынған. 1906 жылы Перовск депосында небәрі 159 жұмысшы еңбек етті.
Сол кезде салынған вокзал қазіргі кезге дейін сақталған. Еңселі ғимарат бірнеше күрделі жөндеуден өткенімен, негізгі құрылымын жоғалтқан жоқ. Бүгінде алаштың анасы атанған қалаға келген жолаушылар вокзал ғимаратын көргенде тағылымды тарих табалдырығынан аттағандай әсерге бөленері анық.
Биболат Сәтжан