ҚҰЖАТЫ ЖОҚ АЗАМАТТАРҒА КӨМЕК
Дүниеге келген нәрестелерді және құжаты жоқ ата-аналарды тіркеу –бүгінгі таңда қоғамдағы мәселелердің бірі. Осыған орай, «Сыр ұландары» жастар қоғамдық бірлестігі, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы мен «Сана-сезім» әйелдер бастамалық-құқықтық орталығы «Әрбір бала туылуын тіркеуге құқылы» тақырыбында семинар-тренинг өткізді.Аталмыш шарада құжаттары жоқ және азаматтығы анықталмаған балаларға қатысты бірқатар мәселелер айтылды. «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының өкілі Шахноза Хасанованың айтуынша, азаматтарды құжаттандыру бойынша орталық БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасымен арнайы жоба негізінде бірге жұмыс жасаған.
– Қазақстанда ата-анасының құжаты жоқ болса, олардың балалары да құжатсыз қалады. Егер баланың ата-анасының бірінің жеке куәлігінің мерзімі өтсе, ата-анасының бірі шетел азаматы болса немесе шетел азаматының көші-қон карточкасының мерзімі өтсе де дүниеге келген балаға туу туралы куәлік берілмейді. Перзентханада тек туу туралы анықтама беріледі. Бұл анықтама бір ай ғана пайдалануға жарайды. Сондай-ақ, ата-анасының жеке басын куәландыратын құжаты болмаса, баласына туу туралы куәлік алып беру мүмкін емес, – дейді Шахноза Хасанова.
Ал, құжаты жоқ адамда көптеген қиындық туындайды. Бүлдіршіндер мектепке қабылданбайды, ата-аналар әлеуметтік көмектен қағылады, өзге қалаларға бара алмайды. Осы секілді мәселелер туындайды. Сондықтан да құжаты жоқ ата-аналар аталмыш орталықпен байланыс жасап, құқықтық көмектерге жүгінгені абзал.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.















