ТҰНЫҚ ӨНЕРДІҢ ТОЛАЙЫМ ТАРИХЫ

Ал, жарты ғасырдан астам жылнаманың сырлы құпиясын қабырғасына бүккен театр музейінің өз көрермендеріне қашанда есігі айқара ашық. Таңбалы шежірені дәріптеп, жәдігер дәрежесіне жеткен асыл бұйымдарды олар қалың көпшілік назарына ұсынудан әсте жалыққан емес. Көрермен залының екі қанатынан орын тепкен қос музей қорында бүгінде шамамен 100-ден аса құнды жәдігер бар. Ал, бұл тұрғыда өмірден өткен өнер майталмандары тұтынған бұйымдарға көзінің қарашығындай қамқорлық жасап, жүйелеп жүрген әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлболсын Қылышбаеваның еңбегі бір төбе.
– Музей 2015 жылы театрдың 60 жылдығына орай ашылды. Ғимарат фойесінен аталмыш нысанға орын қарастырып, қарашаңырақ тарихынан сыр шертетін осы музейдің ашылуына бастама жасаған театр директоры Мұхит Әбдікәрімов. Содан бері музей өзінің жәдігерлерін толықтырудан бөлек, халықты өнер ордасының өткенімен таныстыратын, әртістердің өмірнамасының ел біле бермейтін беттерін жинақтап, көрерменге жеткізетін айрықша беделге ие бола білді, – дейді ол.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.