ӘН МЕН СӨЗДІҢ АЖАРЫ
«Киікшіден шыққан қос жүйрік
Сүйкімбай менен Сүйіндік...
Ән менен сөзін ажарлар»,–
деп Сыр сүлейі Омар Шораяқұлы шайыр жырлағандай Қожагелді ұлдары Сүйкімбай мен Сүйіндік жыраулар жайлы қолымызда мәліметтер жоқтың қасы. Кейінгі зерттеулер бойынша кешегі аумалы-төкпелі заманда қоныс аударып, басқа елдерге қоныстанып, үрім-бұтақтары сол шет жерлерде қанат жайған секілді. Біздің білуімізше, Кетенің Киікші аталығынан тарайтын Тілеу атамыздан Ораз, Рыспанбет, Жанарыстан, Сырлыбай болып төртке бөлінеді. Біз әңгіме етіп отырған қос жырау сол Тілеудің Оразынан. Біздің Сыр бойында Ораз аталығынан 3-4-ақ отбасы бар. Олардың көпшілігі Ақтөбе облысы, Қарақалпақ, Өзбек республикасының Бұқар, Навои облыстарында орналасқан. Шамамен XIX ғасырдың 1840 жылдарында Сыр бойы, Қармақшы аймағы, Қуаңдария өзенінің жайлауында, Ақтайлақ деген жерде дүниеге келген қос жырау кейінгі орыс орамында оңтүстіктегі түрікмен, қарақалпақ, өзбек ағайындар арасына қоныс аударып, сіңіп кеткен. Атақты Сыр сүлейінің бірі Балқы Базармен араласып, ағайын-жекжат болып араласқан көрінеді. Бірге жүріп, бірге тұрып елдегі жиын-тойды бірге атқарған сыңайлы. Бір-бірінің қадірін біліп, өнерлерін мойындаған Базар мен Сүйкімбай әрдайым қолдау көрсетіп жүрген. Бірде үлкен жиында Базар сыртқа шығып, жыр үзілісінде, үйде қалғандар Сүйкімбайдан: Базар қандай жырау, осы?-деген сқрақ қояды. Сонда Сүйкімбай: «Базардың сөз салмағы қорғасындай, біздікі тек әләулай әншілік қой» – деп марапаттаған екен.Енді бірде жырлап отырған Сүйкімбай сыртқа шығып кеткенде Базардан Сүйкімбай қандай жырау? – деген сұрағына Базар: – Ой! Пәлі, оның мақамы, сазы нашар сөздің өзін аспандататын, өзі қалай сұлу болса, әндері одан да сұлу, біздікі тек сөз ғой! – деп марапаттаған екен.
Осы әңгімеден екеуінің достығымен бір өнерге адал қызмет етіп жүргендігін білдірген екен» – дейді бізге жеткен көнекөз сөздер. Базардың, Шегебайдың, Тауелібай ақын-жырауларының сөздерін насихаттаған ағайындылардың өнерін Тұрмағамбет шайыр былай мадақтаған:
Сүйкімбай менен Сүйіндік,
Сүйекті суша білмейтін,
Өткір найза секілді,
Ағылский ұңғылы...
Бұл шумақтан біз қос жыраудың орындаушылық шеберлігін байқаймыз. Сүйкімбай жыраудың Сердалы (1896-1974), Сүйінішәлі, Бағдагүл (1903-1999) атты балалары болған. Сердалысынан Алпысбай атты баласы қазір Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында тұрады, зейнеткер. Сүйінішәлі өткен ғасырдың 1932-1933 жылдарындағы ашаршылық кезінде жоғалып кеткен. Ал Бағдагүл атты қызы өзінің жолын қуып, өнерпаз болды. Күйеуге шыққанға дейін-ақ Сырда атағы шыққан әнші-жырау болып ел аузына ілінген. Кейін Шөмекей-Торыбай Кәжім атты азаматқа күйеуге шыққан. Бағдагүлдің өнерін бағалаған, оны білген, көрген, тыңдаған ақындар төмендегідей жыр жолдарымен мақтан еткен.Сүйкімбай қызы Бағдагүл,
Сайраған бақта ол бұлбұл.
Ән ырғағы тасқындар,
Аққандай таудан асау Ніл, –
деп Кете Әлиакбар Жұматаев ақын кітапқа түсіріп, жас жыраулардың репертуарынан табылатын «Жүз шайыр» толғауында Бағдагүл атты өнерпазды бағалаған.Ал, Сүйіндік жыраудың Ақсобық, Балсобық атты екі қызы болған. Жыраудың тұқымы болғанмен ол екеуі де ата жолын қумады. Ақсобық Құлыс Кете Бәйсейтұлы Кенеймен бас қосады. Ұлы Жақсылық келіні Тәттігүл, Әбдірахман, Кеңес, Әбдіқадыр, Мафура, Кәрімбек, Кәрібай Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жаңажол ауылында тұрады. Балалары Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Балсобықтың балалары Қармақшы ауданында тұрады.
Киікшінің қос пырағы Сүйкімбай мен Сүйіндік ақсақалдар Тауелібай елінде, Бұхара облысының Қызылқұмында 1912-1915 жылдар шамасында өмірден өтіп, сонда жерленген. Бағдагүл Сүйкімбайқызы Қарақалпақ Автономиялық Республикасындағы Нөкіс облысы, Бируни ауданында 1999 жылы 87 жасында қайтыс болған. Сұлтан Уаис бала әулие қорымында жатыр. Ұрпақтары қазір Жамбыл облысында тұрады.
Жұмабек АҚҚҰЛОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері