Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «МЫҚ» ДЕГЕНІМІЗ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

«МЫҚ» ДЕГЕНІМІЗ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

  Бұл туралы алғаш рет белгілі жырау Айбек Тәңірбергенов ағамыздан естіген едім. Оның айтуынша, «мық» дегеніміз – шеге. Шеге болғанда да, ағаштың өзегінен жасалған. Бұрынғы жырау-жыршылар, дәулескер күйшілер омырылмалы домбырасын ашқан кезде шанақ пен перне арасын сол шегемен бекітеді екен. Ағаш шегенің беріктігі сонша, үш күн жырласа да домбыраның құлағы босамайтын көрінеді. Ауыл баласымыз, күнделікті үй шаруасында үлкендер «мық шеге» деп айтқанын талай естіп жүрсек те, байыбына барып, мағынасына үңілмеппіз.
Негізінде, тілдік қорымызда ежелгі дәуірден келе жатқан сөздер баршылық. Сондай-ақ кейінгі заманда пайда болған сөз тіркестері де кездеседі. Ежелгі дәуірден бері қарай сақталып, бүгінге жеткен сөздердің байырғы тұлғасы мен бұрынғы лексикалық мағыналары, олардың тууына себепші болған уәждің танымдық маңызы өте зор.
Осы оймен «мық» сөзінің мағынасын іздестіре бастаған едім. Бір анығы, бұл сөз күнделікті өмірде кәдімгі шегемен мағыналас қолданыла береді. Ыбырай Алтынсариннің мысал әңгімелер жинағында да: «Етікшілер істеген мығын керіп ұнатқан соң, әскердің етігіне мық істеудің міндетін алып, көп мал тауып, ақыр өміріне дейін кемдік көрмей өтіпті-міс» деп, етікке қағылатын майда шеге мағынасында қолданады.
Ал еліміздің шығыс өңірінде «мықтың үйі» деген сөз тіркесін жиі айтылады. Осы сөз айтылғанда аласа бойлы, тапал келген адам елестейді және «күш» сөзінің синонимі ретінде қабылдаймыз. Ондай адамдар осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүріп, әлдебір жағдайға байланысты жерасты тұрғындарына айналған. Соны мәңгілік мекеніне айналдырыпты-мыс. Демек, күшті адамды мықты дейміз. Түбірі бір сөз – «күш». Күшті адамды «мықтай екен» дейді. Алайда, мыңжылдықтар тасасынан үн қататын аласа төбешіктер мен еңселі обаларды зерттеген ғалымдар мен археологтар қиыршық тастармен көмілген мұндай орындардың астынан тек мүрделердің ғана шығатынын алға тартады.
Тағы бір мысал, Ресейлік өлкетанушы Петр Шангиннің жазбасында «Огромные курганы захоронение мыков» деген тіркес кездеседі. «Мық» ұғымының алғаш хатқа түсуі осы болса керек. Бұл айқындауыш сөзді белгілі ғалым Әлкей Марғұлан ғана өз еңбектерінде қолданған. Басқа тарихшылар оны шала түсінгендіктен аттап өтумен келеді. Демек, мық сөзін П.Шангин аспаннан алған жоқ, төбе-төбе алапат зираттарды халық мық жұртының жәдігері деп есептеп, өлкенің есте жоқ ескі тарихына меңзеп отыр.
Қазақ топырағында мық, мұқыр жер-су аттары кездеседі. Оларды мәңгілікке жоғалған мықтар немесе мүкрилер тайпасы деседі. Сыр өңірінде де «мық» деп аталатын төбе де бар. Арал ауданы аумағындағы бұл жерді белгілі ақын Мешітбай Құттықов өз шығармаларында суреттеген.
Белгілі этнограф, шежіреші, тарихшы Жағда Бабалық өзінің бір жазбаларында 1973 жылы Мәскеудегi орталық кiтапханада Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң араб қарпiмен жазған өз қолжазбасын тауып алған екен. Онда «Арқада мық деген халық болған» деген сөздi оқығанда ерекше толқығандығын келтіреді.
«…Бiрден көшiрiп алдым да, Әлкей Марғұланға алып келдiм. Мән-жайды түсiндiрдiм. Ол кiсi ойланып отырды да: «Иә, мықтың үйi дегендi бiлемiн, бiрқаншасын қазып та көрдiм, астында адамның сүйегi жатады, мола екен», дедi. Сондай-ақ, Әлкей Марғұлан «Мықтың үйі» аталып кеткен қорымдарға ұқсас зираттар Енисей өзенінен бастап Дунайға дейінгі аралықта көп екендігін айтады.
«Мықтың үйі» моңғол мемлекетінің аумағында, Оңтүстiкте, Орта Азияда, яғни Тәшкен ойпатында кездесетін көрінеді. «Үй» деп шығыста зиратты да айтатыны бар. Мәселен, «Әкемнің үйін тұрғыздым», «Анамызға үй соқтық» деген секілді… Демек, тарихшыларымыздың «мықтың үйін» олардың мәңгілік мекендері дейтіндері ақиқат ауылынан алыс кетпегенін айғақтайды.
«Мықтың үйі» дегеніміз не, ол өзі бір дәуірдің адамдары ма деген сауалдар көкірегінде саңылауы бар, халқының өткенінен бейхабар болғысы келмейтін арда азаматтардың көпшілігіне тыным бермеген сыңайлы. Жазушы Таласбек Әсемқұлов осындай зираттардың жаугершілік заманынан қалғандығын тілге тиек етеді.
Өзінің «Бастырма» деген мақаласында жазушы: «Қазақ соғыста өлген азаматтарды қолдан келгенше жерлеп кетуге тырысады. Көнекөз қариялардан естiгенiмiз, адамдардың мәйiтiн, мысалы, бiрнеше мың мәйiттi әуелi бiр-бiрiне сүйеп отырғызады. Содан кейiн екiншi қабат тағы бiрнеше мың адам алдыңғылардың үстiне отырғызылады. Содан кейiн тағы бiрнеше мың... Тiрi қалғандар шәйiт болғандардың аруағына дұға оқып, қайғыра жүрiп, даланың төсiнде осындай бiрнеше, кейде он-жиырма, кейде отыз-қырық сұмдық төбелер тұрғызады. Бұл жерде бiз әскер жүз мыңдап қырылатын ұлы соғыстарды айтып отырмыз. Ал кейде адам шығыны аз болып, өлген жауынгерлердi елге алып қайтудың мүмкiндiгi болса, алып қайтады. Елге келгеннен кейiн арулап көмедi. Далада қалған, шала-шарпы көмiлген сүйек уақыт өте шаң, топырақ үйiрiлiп, ақырындап төбеге айналады» дейді.
Ежелден әруақты құрметтеп, сыйлайтын, «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қағиданы берік ұстанған халқымыздың шынында да мәйітті табан астында қалдырмай, қабірдің үстіне оба тастар қоятыны шындық.
Қорыта айтқанда, «мық» сөзі қазақ тілінің өзіне ғана тəн төл түбірі. Оның арғы төркініне барсақ, тілімізде күнделікті қолданылып жүрген мықты, мықыр тəрізді сөздермен тарихи түбірлес екенін көреміз. Басқаша айтқанда, «мықты» мен «мықыр» «мық» түбірінен өрбіген сан алуан этимологиялық нұсқалардың бір көріністері ғана. Дəл осы сөз шеге, қазық мағынасында жеке-дара қолданылып жүр.
Сөздердің тарихы, олардың шығуы мен қалыптасу құбылысы еш нəрсені аңғартпайтын, өзімен-өзі қалып қоятын құбылыс емес. Бұл ретте сөздердің өзгеріп даму тарихынан, əсіресе олардың мағыналық жақтан даму тарихынан, адам ойлауының табиғат құбылыстары мен қоғам құбылыстарын ғасырлары бойы танып-білуге ұмытылып күш салуының тарихы көрінеді деген пікірді орынды деп санаймыз.



Биболат Сәтжан.
14 тамыз 2018 ж. 3 707 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 442 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам