ӘР ЖОБАНЫҢ ӨЗ БАҒЫТЫ БАР
Жыл басынан бері мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласы бойынша 391 қызмет түрі арқылы облыстық орталық және жергілікті атқарушы органдарымен 1 млн. 600 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Оның ішінде электронды түрде көрсетілгені 81 пайызды құрап отыр.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялық қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Абзал Мұхимов мәлімдеді.
– Биыл аталмыш саладағы заңнаманың сақталуы барысында 25 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 5 649 заң бұзушылық анықталды. Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша әкімшілік кедергілерді анықтау, жою, алдын алу мақсатында ҮЕҰ өкілдерімен бірлесіп, «Жасырын сатып алушы» жобасы жүзеге асырылды. Ал, 106 инспекциялау мен бақылау жұмыстары нәтижесінде бірнеше кемшіліктер кездесті. Олардың басым бөлігі қорғаныс істері, денсаулық, білім салаларында орын алып, 14 қызметкер тәртіптік жазаға тартылды, – деді департамент басшысы.
Сондай-ақ, электронды қызмет алушылардың үлесін арттыру мақсатында облыстың барлық аудандары, ауылдық округтерінің мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлеріне мемлекеттік корпорация қызметкерлерімен бірлесіп, Е-gov «Электронды үкімет» порталымен жұмыс жасау дағдыларын түсіндіру жүргізілді. Оған 25 мыңнан астам адам қамтылды.
Сонымен қатар, аймақтағы Әдеп жөніндегі кеңеспен өткізілген 9 отырыста 42 мәселе қаралды. Оның 19-ы тәртіптік істер болса, 23-і заңнама бұзушылықтарының алдын-алу профилактикасы бағытындағы мәселелер. Тәртіптік істерді қарау кезінде Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен 12 қызметші әртүрлі тәртіптік жазаға тартылды. Оған қоса департаментпен мемлекеттік органдарда 36 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 136 бұзушылық анықталып, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын сақтауда тексеру қорытындыларымен бұзушылықтарды жою туралы мемлекеттік органдарға 15 ұсыныс пен ұсынулар енгізілді.
Сонымен бірге, «Рrotecting business and investments» инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасы бойынша фронт офис ашылып, арнайы мобильді топ құрылып, қолға алынды. Қазіргі таңда облыстағы жалпы құны 356,2 млрд. теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобаны сүйемелдеу туралы келісімдерге қол қойылды. Фронт офиске «Орда Гласс», «Хуавей Технолоджиз Казахстан», «Чайна Триумф Интернэшнал» компанияларынан, «Жолаушы сервис А.Б.» және «Медикея» ЖШС-нен жалпы 7 өтініш түсті. Сондай-ақ, Агенттік пен Ұлттық бюроның жергілікті департаменті басшылығының фронт офисте жеке қабылдаулары өткізіліп отыр.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.