ҚАРАҚШЫЛЫҚ ҚЫЛМЫСЫН ҚОЛДАН ҰЙЫМДАСТЫРҒАН АЗАМАТША ҚҰРЫҚТАЛДЫ
28 тамызда Қызылорда қаласында полицияға сауда орталығында орналасқан ломбардқа қарақшылық шабуыл жасалғандығы туралы хабарлама түсті.
Жәбірленушінің айтуынша, 28 тамызда күндізгі сағат 10:00 шамасында белгісіз азаматша ломбард ғимаратына баса көктеп кіріп, пышақ жарақатын салып, ломбард мүлкін ұрлап кеткен.
Тергеп-тексеру барысында, кассадағы ақшаны жәбірленушінің өзі ұрлағандығы белгілі болды. Тексеріс болатындығын білген ол алдын – ала алтын бұйымдарды ұрлап, жалған қарақшылық қылмысын қолдан ұйымдастырып, өз-өзіне пышақ жарақатын салды.
Тексеру барысында жәбірленуші өз кінәсін толық мойындап, көрсетім берді. Оның тұрғылықты жері бойынша көміп тастаған алтын бұйымдар заттай дәлелдеме ретінде алынды.
Қазіргі таңда, оған қатысты көрінеу жалған айғақтар көрсету дерегі бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 420-бабының 2-бөлігімен тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.
Күдікті азаматшаның кінәсі дәлелденген жағдайда, оған сот шешімімен бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалуы мүмкін.
Қызылорда ОІІД Баспасөз қызметі