ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ БІР КҮН...

Әңгімемізді күнделікті тіршіліктен бастасақ, жұмысқа келген сәттен-ақ компьютерді қосып, әлеуметтік желіні ашамыз. Жаңалықтар лентасына бір шолу жасамасақ болмайды. Онсыз жұмыс жүрмейтін секілді. Кім не жазды, не сурет қойды, оған жұрт не деді? Соның бәріне қарап шығу кәдімгідей әдетке айналған. Азанымен шолу жасайтындардың бірі – өзіммін. Жақында Астанадан досым қоңырау шалып тұр: «Саған ат қойдық» деп.
– Қандай ат?
– Фейсбуктың жұлдызы деген. Естіп, бір күліп алдым.
Жасыратыны жоқ, өзім журналист болған соң ғаламторда көп отырамын. Негізі жылдам ақпарат таратын құрал ретінде қарау керек. Кейде тақырып тауып аласыз, кейде ойдан ой туады. Әйткенмен, алаңсыз осыған байланып қалғаным жоқ. Себебі, арасында әріптестеріміздің де ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Қанша дегенмен бетпе-бет жүздескенге жетпейді. Айтыңызшы...
Тек тақырып қана емес, іздеген адамыңызды да табуға мүмкіндік бар. Расында да керек адамыңызды табу оңай болып қалғандай. «Бармысың, бауырым?» хабары бар еді ғой. Бірақ, ол қазіргі күні болса, жолда қалады-ау. Неге? Өйткені, сол адамның аты-жөнін фейсбукке немесе инстаграмға терсеңіз болды. Бірден шыға келеді. Үлкені де, жасы да бәрі осында. Арасында достардың да түр-түрін табасыз. Тіпті, кейбір достықтың соңы махаббатқа ұласып, бас қосып жататындары да бар. Әрине, жарасып, сыйласып тұрса, оның несі айып... Сондай да осындағы мүлдем көрмеген таныстарыңыз «Тойыңа шақыруды ұмытпа» деп жатады. Бұл да бір қызық шығар деп ойлап қаласың іштей...
Әсіресе, мереке кездері телефонға дамыл болмай кететін жайттар кездеседі. Сізде де солай ма? Ватцап дегеніңіз тықылдап, жаттанды тілектер мен суреттерді көшіріп, бірінен соң біріне жібере береді. Телефонның іші түрлі-түсті суретке толып кетеді, иә. Одан да қоңырау шалып, дауысын естіген жақсы емес пе...
Әлгі досым айтқандай, әлеуметтік желідегі белсенділердің бірі болсам да, өз басым жеке өмірім мен қоғамдағы жағымды, қызықты жаңалықты жазуға тырысамын. Міне, дәл қазіргі өмір осылай өтуде... Жылы шырай танытып, сөйлесуден, жағдай сұрасудан, жүздесуден қалдық, суынып барамыз. Сонда бізден кейінгі ұрпақ қалай болмақ?
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.