ЖІГІТТЕ ДЕ ЖІГІТ БАР, БІРАҚ...
Соңғы уақытта сән әлемінің көлеңкесінде кейбір қазақи болмыстар ескерілмей жүр. Қазір заман ағымымен өмір сүреміз, заманға сай киінеміз деп ұлттық құндылықтарымыз жоғалып бара жатқандай. Себебі, бүгінгі жастарымыз сән қуудың өзіндік мәдениеті бар екенін ұмытқан сыңайлы. Оған сіз де күнделікті куә болып жүрген боларсыз. Жауырыны тоқпақтай, иығы қақпақтай Қабанбай, Наурызбайлардың бүгінгі ұрпақтарының бейнесіне қарап, қарның ашады. Қасын жұлып, шашын өсіріп, құлағына сырға тағып, ышқырына ілініп зорға тұрған шалбар киіп, сәнденіп жүретін жігіттердің бары рас. Сонда жігіттердің бойындағы жастық жігер қайда? Тырнақ егеп, сырға тағу жігіттікке лайық па?
Әрине, сәнді киінген, сырт келбетінің келісті болғаны дұрыс, тек қоғамның пікірімен де санаса білу керек. Дегенмен, қазақ жігіттері сән қуғаннан гөрі қарапайымдылығы мен байсалдылығын сақтап қалса жарасар еді. Әйтпесе, сәннің соңынан қуып жеткен ешкім жоқ. Шындығын айтқанда, сән – ақшалылардың ермегі. Бұрын әшекей бұйымдар тек әйелдерге ғана тән болатын. Ал, қазір ше? Қазір, жігіттер де әйелдер қауымынан қалмай сәндік бұйымдар тағатын болған. Мода қуамыз деп, мазаққа қалмасақ жарар еді деген ой келеді кейде. Жасыратыны жоқ, сығанның балгер әйелдеріне ұқсап мойын, құлақ, саусақ, бәріне қос-қостан темір тағынған жігіттер қатары көп-ақ. Қараған көзге тым ерсі. Қыздар болса, мейлі ғой. Қашан да нәзікжандылардың жылтырға, әшекейге құмар келетіні белгілі нәрсе. Сөйтсек, бүгінде жігіттер де сәнқойлыққа құмар болып шықты. Кәрістің сериалдары көрсетілгеннен бастап, не жігіт екенін, не қыз екенін айырып болмас жасампаздар саңырауқұлақтарша көбейіп кетті. Соларға еліктеп, шаш өсіріп, оны бояп қоятынын қайтерсің? Сонда деймін-ау, жастарымыз кімге еліктеп, кімге қарап бой түзеу керектігін білмейтін күйге жеткен бе? Әйтпесе, нағыз үлгі боларлық тұлғалар өзімізде де бар емес пе?
Кешегі күні балапан басымен, тұрымтай тұсымен ту-талақай болған заманда ел шетіне қорған болған Махамбетке, әлі де ызғары басыла қоймаған желтоқсанда ұлтты сүюдің биік үлгісін көрсеткен Қайратқа неге еліктемеске? Жігітке тән бүкіл болмысты бір бойына сыйдырған батырларымыз неге кәріс әртістерінің көлеңкесінде қалып қойды деген ой келеді. Осындай нар тұлғалы азаматтарымыз бен қазіргінің жігіттерін салыстырудың өзі ұят секілді. Әрине, бес саусақ бірдей емес. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегеннің кері келген сияқты. «Екі иығына екі кісі мінгендей», «нар тұлғалы екен» деген тіркестер бүгінде көркем шығармада болмаса, ауызекі тілдегі қолданыстан шығып қалғандай. Жасыратыны жоқ, «Жігіттеріміз майдаланып бара жатыр» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Өткен ғасырда да заманына сай сән қуып, серілік жасағандар болды. Олар үкілі бөрік пен жібек шапан киіп, ауыл сыртында қыз-келіншектерге көз салған. Бірақ, әдептен аспаған. Олар барша ел-жұрт пен қыз-қырқынның қошеметіне осылай бөленіп жүрсе де, адамгершілік пен ұлттық болмыстан аттап өткен жоқ.
Әрине, бүгінгінің «батырларына» Шапырашты Наурызбай, Қара керей Қабанбайға ұқсап алты құлаш сауыт киіп, арғымақ ерттеп мінсін деген ешкім жоқ. Тек қазақ жігітіне тән мәрттік мінез бен нар тұлғалы келбетті қайта қалыптастырса болғаны. Әйтпесе, жігіттік қалыптарын жасанды имиджге айырбастағандардың күн санап көбеюі көңілге күдік ұялатады. Тырысқан шалбар мен жейде киіп, мүсіндерін көрсетіп тұрған жігіттерге де көз үйреніп, таңқалудан қалып барамыз. Құлағын тесіп сырға таққан жігіттер, сол сырғаның шығу төркінен хабардар екендігіне күмән бар. Тарих беттеріндегі мәліметке сенсек, ертеректе сырғаны римдіктер құлдарға таққан болса, гректерде жезөкшелікпен айналысатын ерлер тағып жүрген көрінеді. Сонда қазақ жігіттері әлгі темірді таққанына неге мәз болып жүр? Сәндік аксессуарларды табиғатына жатсынып жатқандар қатары да аз. Керісінше, әйелдерден бұрын сәнденіп алғандай. «Мода» екен деп қит еткен жаңалыққа жармаса берудің де өз қиысыны бар екенін ұғынған жөн. Әрине, сән қуу әбестік емес, алайда жігіттің негізгі қаруы – жүрек пен білек, ақыл-ой, парасат-пайым болуы уәжіп. «Үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген. Баяғының қарағайға қарсы біткен, еменге иір біткен бұтадай, қазақтың нарқасқа жігіттерінің сол даралығын бүгінде сақтап қалғандар саусақпен санарлық. Бұған қоғамды кінәлау бекершілік. Еркекке тән тұлға-келбетін сақтап қалу – жігіттің өзіне сын. Мұны жазғандағы мақсат – тырнақ астынан кір іздеп, жігіттердің намысына тию емес. «Қазақтың жігіті» деген азамат атқа сөзі де, өзі де лайық болса деген ниет ғана.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.