ТЕРЕҢНЕН ТАРТҚАН ТАМЫРЫН
Шаһардың 200 жылдық тойы – тек Қызылорда қаласының ғана емес, бүкіл Сыр жұртшылығының мерекесі. Елбасы Алаштың анасына балаған – Қызылорда қос ғасырлық шежіресінде талай тарихтың куәсі болды.
Соңғы жылдары қала халқының әлеуметтік ахуалы жақсарып, экономикалық көрсеткіштер көтеріле түсті. Облыстың индустриалды-инновациялық бағыттағы өндіріс орындарын қолға алуы – тұрмысымыздың мұнан әрі де түзеле түсетінінің кепілі.
Баса айтатын бір жетістігіміз – тұрғын үй құрылысының қарқыны. Қаншама жерлесіміздің қоныс тойына өзіміз де куәміз. Осыған қатысты асыраушысы жоқ немесе әлеуметтік қамтылуы төмен қоныстанушылар үшін қаралған жеңілдіктердің нағыз қолжетімділік екені анық.
Айтуға тұрарлық айрықша іс – Сырдарияның сол жағалауынан бой көтеріп келе жатқан жаңа қала. Ол дегеніміз – жас отбасылардың баспаналы болуына үлкен мүмкіндік. Мені бір қуантарларлығы, облыста бала туу көрсеткішінің жыл санап артуы. Мен кәсіпкер ретінде қаланың дамуына үлкен үлес қосып келемін. Бүгінде «Шұғыла», «Нұр-Шұғыла», «Алтын Орда-Шұғыла» деп аталатын үш балабақша ашуға ұйытқы болдым. Ол мектепке дейінгі мекемелер санын арттыруға өз септігін тигізді. Бұл балабақшаларда 1000-нан аса бала тәрбиеленіп жатыр, 250 адам жұмыспен қамтылған.
Ал Сыр халқын шаһар мерейтойымен шың жүректен құттықтаймын. Қызылорда қаласы бұрын жылдарға қарағанда әлдеқайда өзгерген. Айта кетер болсақ, көз тартар көшенің сәнді, түрлік түсті жарық шамдарының өзі көз тартады. Мен көп адамдармен байланыс жасаймын. Олар «Сыр еліне барғымыз келіп тұрады» дейді. Ендеше осындай бейбітшілік заманда қаламыз әлі талай құлашын кенге жаятынына сенеміз.
Сейітқали АЛШЫНБАЕВ,
облыстық мәслихат депутаты,
кәсіпкер, меценат.