Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » АҚМЕШІТТЕГІ АЙШЫҚТЫ ІСТЕР

АҚМЕШІТТЕГІ АЙШЫҚТЫ ІСТЕР

  Биыл Қызылорда қаласы екі ғасырлық мерейтойын атап өтеді. Бүгінде мерейлі мерекеге қызу дайындық басталып кетті. Ақмешітте атқарылып жатқан айшықты істердің ауқымына ерекше көңіл сүйсінеді. Әсіресе, соңғы жылдары әсем де көркем шаһарға айналып, қала келбеті ажарлана түсті. Архитектуралық сәулеті жаңарып, тарихи орындар қайта жаңғырды. Демалыс алаңдары, сансыз ғажап гүлдер аллеясы, тынығу жағажайлары, зәулім үйлер, түрлі-түсті жарық шамдары мен көше бойында тізілген тал ағаштары да әсемдік атаулыға үлес қосқандай асқақтатып тұр.                                    
Елдің елдігін айшықтайтын ең негізгі нышан – оның рәміздері десек, оларды ұлықтау да облыста назардан тыс қалған емес. Өткен жылдың қала күні қарсаңында «Рәміздер алаңы» пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын бұл орында Елтаңба, Әнұран және биіктігі 60 метрлік Мемлекеттік Ту орналастырылған. Алыстан мен мұндалап көз тартатын нысанның айналасы абаттандырылған.                                                                    Сылаң қаққан Сырдарияның дәл жағасынан былтыр Тәуелсіздік даңғылы ел игілігіне берілді. Жаяу жүргіншілерге, велосипедшілер мен көлікке арналған даңғыл өзен бойының шырайын келтіре түсті. Жол алдымен қала ажарын ашса, екіншіден, шаһар ішіндегі көлік кептелісінің алдын алуға өз септігін тигізді. Сұлтан Бейбарыс көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралықта ашылған әсем жағалауға ел Тәуелсіздігіне ширек ғасыр толу құрметіне орай Тәуелсіздік атауы берілді. Бүгінде бұл жол халықтың басты игілігіне айналып отыр.                                                                                     Осылайша қаламыз күн санап құлашын кеңге жайып келе жатыр. Самаладай жарқыраған жарықтар мен аспалы көпірлер қала көркін одан әрі арттыра түсті. Осыдан 10 жыл бұрынғы Қызылорда мен қазіргі қаланы салыстыру тіпті мүмкін емес. Оңтайлы өзгерістер жер мен көктей. Мұндағы тұрғындар да шаһарда орын алып жатқан әрбір жағымды өзгерістер мен ауқымды істерге қуанып, олардың сәтті жалғасын табуына ұдайы тілекші болып отырған жайы бар.                                                                         Сондай-ақ, Алты Алашқа ана болған Ақмешіттің тек әлеуметтік жағдайы емес, экономикалық қуаттылығы да өрге қадам басты. Көптеген жағымды жаңалықтар көрініс тауып, облыстың индустриалдық ахуалы артты. Осы бағытта біршама өнеркәсіп ошақтары іске қосылып, нәтижесінде қаншама адам жұмыспен қамтылып отыр.                                                    
    Былтыр – Сыр жұртшылығы үшін жетістіктерге толы жыл болды. Өңірде атқарылған өнімді істер мен өрелі өзгерістерге сырттан келген қала қонақтары мен ресми тұлғалар оң бағасын беруде. Осы орайда өткен жылдың ең басты оқиғасы ретінде Елбасының Сыр өңіріне арнайы іссапармен келуін ерекше атап өтуге болады. Мемлекет басшысы сол ресми сапары кезінде аймақтағы бірқатар әлеуметтік, құрылыс нысандарында болып аймақ басшысының қолдауымен атқарылып жатқан тың жобалар мен жаңашыл бастамаларымызға оң бағасын бергендігі белгілі. Елбасының «Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады», деген сөзінің өзі осындағы ілкімді істерге берілген жоғары баға деп ұғынған жөн.                                                                                                    Өткен жылдың өзінде қаламыздың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда біршама іс-шаралар атқарылды. Инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамытуда, жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала қарқынды құрылыс алаңына айналды. Былтыр республикалық, облыстық және қалалық бюджеттерден инфрақұрылымды дамытуға барлығы 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы ауыз және кәріз су құбырлары қайта жаңғыртудан өтті. Соңғы 5 жылдың ішінде Қызылорданың ауыз су инфрақұрылымын дамытуға 16 млрд. теңгедей қаржы тартылды. Қазіргі таңда республика бойынша қалаішілік су құбырлары 60 пайыздан астам толық жаңартылған және толығымен таза, жер асты ауыз суын тұтынып отырған бірден бір қала – Қызылорда қаласы. Жылу желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соңғы 5 жылда қаладағы магистральды жылу желілерін жаңартуға 8 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды.                                            Тұрғын үй құрылысы да ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артты. Осындай ауқымды жобалардың нәтижесінде соңғы 5 жыл көлемінде қалада жаңадан 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық жерлестеріміз қоныс тойын тойлады. Бұған дейін 230 мың шаршы метр болатын көпқабатты 61 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 43,8 пайызы қаланың үлесінде тиюі де осындай серпінді істердің жемісі. 2017 жылдың ең үлкен жетістігі ретінде Қызылорда бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеріп жатқан жаңа қаланың құрылысы да қарқынды жүруде.   Соңғы жылдары қалаға қарасты елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүзеге асып келеді. Осыдан үш жылдай уақыт бұрын Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округінде газдандыру жұмыстарына қаржы бөлініп, 5 мыңнан аса тұрғын үйлер мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар көгілдір отынмен қамтылды. 2016 жылы Талсуат ауылдық округінде 500-ге жуық тұрғын үй, әлеуметтік нысан табиғи газге қосылды. Ал, былтыр бұған дейін өзекті мәселелердің бірі – Белкөл кенті «көгілдір отынға» қол жеткізді. Бүгінгі күні қаламыздың газдандыру көрсеткіші 95 пайызды құрап отыр.Заман талабына сай қала мәдениеті мен шаһарымыздың әсем келбетін айшықтайтын түрлі архитектуралық формалар орналастырылып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар салынуда. Бұл бағытта – қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ескерткішінің аумағы абаттандырылып, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылды. Тұңғыш Президент саябағы мен Рәміздер алаңы аралығынан жаңа демалыс саябағы салынуда. Аталмыш демалыс орны қала мерекесі қарсаңында ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Абай Дәулет» серіктестігінің демеушілігімен «Ана бақыты» аллеясы ашылды. Пайдалануға берілгеніне көп уақыт бола қоймаса да бұл аллея қазірдің өзінде қала тұрғындарының отбасыларымен демалатын бірден-бір таптырмас орынға айналды. Сонымен қатар, әуежайдың қалаға кіре беріс бағытынан қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік берер жаңа қақпа пайдалануға берілді.
  Жыл өткен сайын Ақмешіт ажарының осылайша айшықтана түсуі мұндағы тұрғындар көңіліне қуаныш нұрын құйғандай ерекше сезімге бөлейді. Қос ғасырлық тарихы бар шаһарымыздың мерейлі мерекесі қарсаңында әлі де тарту етілер дүниелер жетерлік. Біз айтып отырғандар тек соның бастамасы ғана. Жайнай бер, кемел Қызылордам!
                                                                                                         Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
27 наурыз 2018 ж. 1 428 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам