ЖУРНАЛИСТЕР ТУРНИРІ ҚЫЗЫҚТЫ ӨТТІ

Жарысқа еліміздің әр өңірінен 12 команда келді. Атап айтқанда Оралдан «Жайық», Астанадан «Хабар», «Sport-59», Талдықорғаннан «BAQ JETISU», Тараздан «Taraz press», «Jambyl медиа"» Түркістаннан «Рейтинг», Шымкент қаласынан «Erniyaz Медиа», Қызылордадан «Сыр медиа», «Қаламгер», «Qyzylordatv» командалары.
Облыс әкімдігінің қолдауымен жоғары деңгейде өткізілген аталмыш шара тартысты бәсекесімен жанкүйер есінде қалды. Ал, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен қалалық әкімдік аталмыш бәсекенің өтуіне қолдау көрсетті.
Турнирдің ашылыуында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов өз лебіздерін білдірді.
Бәрі де республикалық бәсекелерде көзге түсіп жүрген командалар. Бір-бірінің әлеуетін жақсы біледі. Сол себепті де, доп додасы тартысты өтті. Турнирге келген 12 команда үш топқа бөлініп бақ сынады. Айта кетейік бұл турнирге облыстың атынан 3 бірдей команда қатысты. Үш команда үш топқа түсіп облыстың намысын қорғады.

Бұл жарыста футболға тән дүниенің бәрі болды. Әсіресе, жартылай финалдық ойында, «Taraz press» пен «Хабардың» арасындағы кездесу драмаға толы өтті. Екі команда тең түсті. Алма кезек шабуылмен өткен кездесуде негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады. Ойын пенальти сериясына ұласты. Қос қақпашы да мықты. Нәтижесіде «Taraz press» финалға өтті.
Екінші жартылай финал «Erniyaz Медиа» мен «Jambyl медиа» жолықты. Екі тараздық команданың финалын көріп қалуымыз мүмкін еді. Дегенмен оған шымкенттік жігіттер тосқауыл болды.
Финалда «Erniyaz Медиа» мен «Тараз пресс» командалары кездесті. Қос команданың тартысы жанкүйер көңілінен шықты. Негізгі кезеңде жеңімпаз анықталған жоқ. Есеп 1:1. Пенальтиден тағы да «Erniyaz Медиаға» сәттілік жолдас болды.

Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.