ОТАНДЫҚ СОРТТЫҢ ОРНЫ БӨЛЕК
«Несібесі мол елдің егіні бітік шығады» дейді халқымыз. Сыр диқандарының ала жаздай аққан тер, еткен еселі еңбегінің зейнетін көретін кезі келді. Құба белде жайқалған Сыр маржаны сайын даланы сәнге бөлеп, ырыс-несібе, тоқшылық пен молшылық мерекесін еселей түсетін ерекше сәт бұл. Жыл сайын рекордтық өнімді қамбаға құйып, экспорт деңгейінің артуы да кетпен арқалаған қарапайым еңбек адамының құлшынысын одан әрі арттыра түсті. Сондай-ақ, күріштің жаңа сорттарының әзірленіп, оның өндірісте жемісті нәтиже беруі аталмыш саланың кең көлемде дамуына ерекше серпін беріп келеді.
Сыр маржаны өңірдің күрделі табиғи-климаттық, топырақ жағдайына бейімделген, экологиялық, экономикалық-әлеуметтік маңызы өте жоғары дақыл ретінде бағаланады. Қуантарлығы, жылдан-жылға күріш өндірісінің көлемі артып, экспорттық қуаты ұлғайып келеді. Аймақтың тұтас қоршаған ортасы, тұрмысы, өңдеу саласы, тіпті, экологиялық ахуалы да осы дақыл түрімен етене астасып жатыр. Жалпы, ауылшаруашылығында еңбек өнімділігін 2,5 есеге дейін және экспорттық әлеуетті көтеру ғылыми нәтижелерді, дамыған технологияларды өндіріске енгізуге тікелей байланысты.
Аймақта күріш дақылын өсірудің ежелден қалыптасқан дәстүрі сақталған. Бүгінде тоқсан жылға таяу тарихы бар Ы.Жақаев атындағы Күріш ғылыми-зерттеу институты жаңа сорттарды өндіріске енгізуде. Қазіргі таңда институт ғалымдары жаңа технологияны енгізе отырып, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, өнім сапасын арттыруға көңіл бөліп отыр.
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі Серікбай Өмірзақовтың айтуынша, егіншілік саласында ғылымға жасалған қолдау әрдайым өз жемісі мен қайтарымын беретіні анық. Мәселен, сонау 1987 жылы өндіріске енген "Маржан" сорты осы уақытқа дейін 1,3 млн. гектарға егіліп, ең төменгі көрсеткішпен қоса есептегеннің өзінде 150-160 млрд. теңгенің өнімі өндірілген екен. Демек, нәтиже бар.
Иә, расында агроөнеркәсіп саласының бәсекеге қабілеттілігі күріш сорттарына тікелей байланысты. Оны тәжірибе көрсетті. Қазіргі таңда институт ғалымдары аталмыш дақылдың нарық сұранысына сәйкес келетін инновациялық "Сыр Сұлуы", "АйКерім" түрлерін шығарып, мемлекеттік сортсынақтан өткізуде. Сондай-ақ, оларды тұқым шаруашылығында қатар сынау жүргізіліп, бірегей тұқымын көбейту жүзеге асуда. Қолдағы бар нақты тұқымдарды және жүргізілген тәжірибелер нәтижесіне сүйенсек, келер жылы 1000 гектардың үстінде дәл осы сорттар егілмек. Нәтижесінде 2021-2022 жылдары аймақтағы күріш егісінің 60-70 пайызын алады деп күтілуде. Ал, ғалымдар бұл сорттардың өңірдің топырақ-климаттық жағдайына аса бейімділігімен, мол өнім түзегіштігімен, дәндердің ірілігімен ерекшеленетінін жеткізді.
Аталмыш институтта бақша дақылдары селекциясы және сұранысқа ие сорттар тұқымын дайындау, жаңа технологияларды өндірісте тиімді пайдалана білу, үйрету бағытында да ілкімді істер қолға алынуда. Мәселен, халықтық "Күләбі", "Қалайсан" қауын сорттары қалпына келтіріліп, селекциялық үдерістерге қолдану нәтижесінде жаңа "Ливера" сорты шығарылып, тұқымын көбейту шаралары жүзеге асырылуда. "Балшекер", "Альтаир" сорттары да болашақта рекордтық өнім беретін сорт қатарының көшін бастап тұр.
"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының алғашқы алғышарттары, автоматтандырылған жүйені нәтижелі өнім алу мақсатында тиімді қолдана білу, егіншілікке дәлдік жүйені ендіру, ақылды технологияларды пайдалану сынды бүгінгі күн талабынан да тысқары қалмай келеді. Аталмыш бағыт аясында әуелі, аналитикалық зертхана ұйымдастырылып, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Бүгінде топырақ құрамындағы қоректік элементтер гумус, тұздар құрамын, судың минерализациясын анықтау арқылы егістік жерлердің агрохимиялық картасы әзілену үстінде. Тағы бір айта кетерлік жаңалық, бүгінде күрішке күтім жасау замандық технологияны пайдалану арқылы жүзеге асырылып отыр. Атап айтқанда, шағын ғана дронды пультпен басқара отырып, егіске қажетті тыңайтқыштарды нақты мөлшерімен беруге болады. Мұнан бөлек, тамшылатып суару әдісімен қауын және басқа көкөністер егілген. Үш жылдан бері қолға алынған бұл жұмыс та өз нәтижесін беруде. Институт ғалымдары кезіндегі «Күләбі» қауыны секілді жоғары сортты қауын өсіріп шығаруға ден қойып отыр.
Сондай-ақ, мұндай шаралар қатарын топырақ құнарын арттыру, күріш өндірісі қалдықтарынан биотыңайтқыш даярлау ісі толықтыруда. Оның ішінде сабан мен күріш қауызы өте тиімді түрде іске асуда.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.