ДИАС БАХРАДДИН - ЖАСӨСПІРІМДЕР ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ
Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиада ойындарында қызылордалық Диас Бахраддин байдарка және каноэде есуден алтын медальды иеленіп, еліміздің Әнұранын шырқатты.
Каноэ бірлік бәсекесінде сынға түскен Диас іріктеу кезеңінде мәреге екінші болып келсе, ширек финалда украиналық спортшыны артта қалдырды. Ал жартылай финалда ол венгриялық спортшыдан озып, финалда өзбек спортшысымен түскен таласта 1:54.66 уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші болып келді.
Диас Бахраддин қазіргі таңда Қызылорда облысы Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 11-сыныбында оқиды. Байдарка және каноэде есуден ҚР спорт шебері. Ол бұған дейін 2 дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы, күміс және бірнеше мәрте қола жүлдегері. Биыл Испанияда өткен лицензиялық халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған.
Диасты жарысқа Мұхитдин Миербеков пен Диана Хазиева дайындады.
Жалпы жасөспірімдер Олимпиада ойындарына облыстан 3 спортшы қатысты. Олар: байдарка және каноэде есуден Диас Бахраддин мен Эльнура Нұрланова, жеңіл атлетикадан Галина Панасенко.
Эльнура Нұрланова каноэ есу жарысында үздік төртікке кірсе, жеңіл атлетикадан Галина Панасенко шеберлігін шыңдады.
Дүбірлі дода 18 қазан күні мәресіне жетеді.