МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАРАЗЫҒА ТАРТЫЛДЫ
Қала әкімдігінің мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалының саяси кеңес бюросы өткізілді. Бюро отырысына «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев төрағалық етті. Оны ашқан қала әкімі Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттер мен басым бағыттарды әрбір тұрғынға түсіндіре отырып, оны жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ету қажеттігін айтып өтті.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында – қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі мен өмір сапасын арттыруға аса мән беріп, шағын және орта бизнесті одан әрі өркендетудің жаңа бағыттарын нақтылап берді. Сонымен қатар, Елбасы келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауды және ұстаздар мәртебесі туралы айтып өтті. Ол – егемен еліміздің кемел келешегіне салынған басты капитал екендігі сөзсіз. Сондықтан біздің алдымызда ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы халыққа өмір сүруге жайлы орта қалыптастырып, әрбір отбасының баспанаға деген қолжетімділігін арттыру міндеті тұр, – деді қала әкімі.
Аталмыш шара барысында бірнеше маңызды мәселе қаралып, жан-жақты талқыланды. Қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов қалалық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының биылғы жылда атқарған жұмыстары туралы кеңінен айтып өтті.
– Үстіміздегі жылы мәслихаттың 3 кезекті, 7 кезектен тыс сессия отырысы өткізілген. Онда әлеуметтік мәселелер, жарық, су, жылу, жол жөндеу, экономикалық қауіпсіздік, мемлекеттік бағдарламалардың өңірде орындалуы, жаңа тұрғын үй саясаты, агроөнеркәсіптің дамуы, жемқорлықтың алдын алу жөніндегі мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Бұған қосымша қалаға қарасты ауылдық округтер мен кент әкімдерінің есептері тыңдалып, тиісті ұсынымдар берілді, – деді ол.
Аталмыш жиында, Ақжарма ауылдық округінің әкімі Жұмабек Әлиев округте атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде хабарлама жасады. Сыр өңірінде алдағы үш жылды кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жариялауына байланысты ауыл тұрғындарының бизнеспен айналысуына мол мүмкіндіктер берілуде. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамудың бірыңғай бағдарламасының «Қайтарымсыз грант» бағыты бойынша 2 жоба қолдау тапса, «Өңірлік инвестиция» қоры бойынша 8, «Ауылшаруашылығы қаржылай қолдау» қорына 16, «Сыбаға», «Құлан» бағдарламасына 3 жоба дайындалуда.
Қалалық филиалдың кезекті ХХІ конференциясы 25 қазанда өткізледі. Ол партия жарғысына орай жүргізіледі.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.