Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ТОЛАССЫЗ ІЗДЕНІСТІҢ МЕКЕНІ

ТОЛАССЫЗ ІЗДЕНІСТІҢ МЕКЕНІ

    Мектеп, білім, ұстаз бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл сөздердің құдіретін ұға білу де парыз. Дана халқымыз «дарын жанып тұрған жалын» – дейді, әр оқушының өз таланты болады. Шәкірттері білімді, дарынды мектептер қаламызда көптеп саналады. Солардың бірі –  Нағима Ахмадиева атындағы  №112 орта мектеп.
Ол қаламыздағы «Шанхай» аталып кеткен аймақта орналасқан.  Екі қабатты шағын №112 орта мектептің табалдырығын аттадық. Әрбір мектепке кірсең оның жылылығы сезілетіні анық. Қоңырау сыңғыры, сыныптардағы оқушылардың көңілді дауыстары ғимараттың сәнін келтіріп тұрғандай.  Дәлізде көздің жауын алатын, кеудеңді нұрға бөлейтін ақпараттар, оқушылар, түлектер, ұстаздар туралы баннерлерді көруге болады. Содан-ақ, білім ошағының уақыт үдесінен қалмай, өрендерді тәрбиелеп келе жатқанын аңғаруға болады. Мектеп директоры Асылхан Сейілханов оқу ошағын он жылдан бері басқарып келеді екен.
Білім мен тәрбиеге үйрететін киелі мекен ол – мектеп. Бүгінгі таңда заман ағымы өрендерге әр түрлі бағытта бағдар беруге үлкен жауапкершілікті талап етіп отыр. Дарынды бала бәріміздің мақтанышымыз, сонымен бірге, ол – ортасының өнегесі. Тәрбие ісі озықты үлгі етуге негізделгендіктен, балалардың кез келген жетістігін сынып та, мектеп те насихаттап, талабын жандырып отыру әркезде маңызды. Бұл тұрғыдағы жұмыстар мектеп директоры Асылхан Әміржанұлының белсенді қолдауында жоғары деңгейде жүргізіліп келеді.  
– Ұрпағымыз білімді, болашағымыз жарқын болуы үшін жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру – бүгінгі күннің басты талабы. Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағының иегері, ХХІ ғасырда Қазақстанның туын аспандатып, тұтқасын ұстар тірегі жан-жақты білімді, жоғары мәдениетті ұрпақ болып өсуі қажет. Біздің мектептің басты ұстанымы да – осы, – дейді мектеп директоры Асылхан Сейілханов.
Қазіргі уақытта мектепте  718 оқушы білім нәрімен сусындауда. Мұнда орналасқан 34 сынып комплектісінде өрендер 2 ауысымда оқуда. Олардың ішінде алтын ұяның мерейін үстем етіп, мақтанышқа айналғандар жетерлік. Оқушы жетістігі әрқашан ұстазын қуанышқа, шаттыққа бөлейді. Өнерде де, білімде де, спортта да биік белестерден көрініп жүрген өрендермен мақтанады. Солардың бірі – Самрат Асылбек. 7 «А» сынып оқушысы Самрат Асылбек Каратэ-додан  ҚР Ақтау қаласында өткен 12-13 жас аралығындағы  40 кг салмақ дәрежесінде өткен чемпионатының  1 орын иегері. Самрат – мектеп оқушылары арасында беделді.  Ол өзіне берілген тапсырмаларды тиянақты орындайды. Қалалық, мектепішілік өткізілетін іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстарға аса жауапкершілікпен араласатындықтан, үнемі алдыңғы қатардан көрінеді.  Ол – өте талантты, өнер мен білімді ұштастырып жүрген алғыр да жан-жақты оқушы.
Сонымен қатар, 6 «А» сынып оқушысы Жалғас Анарбаевпен де мақтануға болады. Ол Жамбыл облысында ұйымдастырылған Киокушинкай-кан каратэ жарысының  І-орын иегері. Жалпы, мұндағы өрендер біліммен қатар спортты да жанына серік еткен.
Оқушылардың білім деңгейі жыл сайын түлектер арасында өтетін ұлттық бірыңғай тест кезінде таразыланып келеді. Мектеп түлектері ҰБТ дан жақсы нәтиже көрсетіп,  абыройы асқақтай түсуде. Өткен жылғы бітірушілер арасында 2 оқушы «Алтын белгі» иегері  атанса, 3 түлек үздік аттестатпен бітірген. Үкілеген үмітті ақтаған олар қазақстандық жоғары оқу орындарының мемлекеттік грант иегері атанған. Бұл мектептен ұстаз тәлімі мен тағылымын бойына сіңірген қаншама шәкірт түлеп ұшты. Олар бүгінде арман мақсаттарына қол жеткізіп, еліміздің түкпір – түкпірінде халыққа қызмет етіп жүрген маман иелері.
Осындай дарынды жастарды тәрбиелеп отырған білім ошағының тарихына тоқталып өтсек,  мектеп 430 орынға арналып, 1952 жылы салынған. 65 жылдық тарихы бар киелі орын бүгінде  көптеген жетістіктерге жетті. Мәртебесі биіктеп, түлектері көптеген  беделді оқу орындарына түсіп, жастары өркендеп өсуде. Мектеп мұғалімдерінің қажырлы жұмысының нәтижесінде әр оқу жылында білім олимпиадасына қатысқан өрендер жүлдемен оралады. 1958 жылы Қазақ темір жолы қарамағына беріліп № 410 мектеп болып ауысады. Мектеп оқушыларының санының көбеюіне байланысты қосымша  6 класс, акт залы, шеберханалар салынады.  Содан кейін1997 жылы жаппай оңтайландыру жағдайында оқушылар мен ұстаздар қауымы Макаренко атындағы балалар үйіне көшіріледі. 1999 жылы қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісі С.Жүнісов және мектеп директоры Нағима Ахмадиеваның араласуымен мектеп ғимараты қайтарылады. 2006-2007 оқу жылынан бастап жаратылыстану-математикалық бағытында жұмыс жасауда.
Білім жолы – қиын да қасиетті жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. «Шәкірт шәкірт емес, ұстазын сүймесе, Ұстаз ұстаз емес шәкірті үшін күймесе» – деген қазақтың ұлы педагогі Ы.Алтынсарин. Осы қастерлі мамандықтың қадірін біліп, шәкірттерінің жүрегіне бар асыл қаиеттерін ұялатып, өн бойына ұстазға тән салмақтылық пен мәдениеттілікті сыйғыза білген жанның бірі – Елена Птицина. Оның ұрпақ санасына білім дәнін сіңіріп жүргеніне биыл  30 жыл. Ол осы аймақ тұрғындары арасында өте сыйлы, танымал ұстаз. Ол кісінің түлектері бүгінгі күнде немерелерін жетектеп әкелуде.
Сонымен қатар, Айгүл Сармолдаева балаға білім берумен қатар мектеп ұжымында кәсіподақ комитетінің төрайымы қызметін атқарады. Оның шәкірттері әрдайым облыстық, қалалық байқауларда жүлделі I орын алып отырады. Әрбір шәкіртіне жанашырлық қамқорлық көрсету оның өмірлік ұстанымы. Ұжымдағы жас мамандар әрдайым осы секілді ақылшы ұстаз, білікті мамандардан тәжірибе алмасады.
Қазіргі таңда 74 мұғалім жұмыс істейді. Олардың 21-і жоғары санатты,  І санатты бойынша 30,  ал ІІ санатты 18 мұғалім бар. Қиыны мен қызығы мол осы жолда талай жылғы еселі еңбегі еленгендер жетерлік. Мектеп мұғалімдері өздерінің біліктілігін кәсіби педагогикалық қалалық, облыстық, республикалық байқауларда жоғары көрсеткішпен дәлелдеп жүр. Мәселен, география пәнінің мұғалімі Айгүл Рахымжанова «Үздік география пәні мұғалімі – 2017» қалалық байқауының жеңімпазы атанса, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Гүлжазира Тәшенова «Үздік әлеуметтік педагог» облыстық байқауының жеңімпазы, ән-әуез пәнінің мұғалімі Алма Дүйсенғазиева «Үздік жетекші» республикалық балалар мен жас өспірімдер шығармашылық ән байқауының жеңімпазы атанған.
– Еліміздің көркейіп гүлденуі және өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Сондықтан дарынды оқушыларды қалыптастыруда сапалы көрсеткіштерге жету бағытында жұмыс жасаймыз. Мектеп мұғалімдерінің біліктілігін көтеру, оқушылардың білімге құштарлығын арттыру және материалдық-техникалық базаны қазіргі заман талаптарына сай жабдықтау мәселелеріне назар аударып келеміз. Қазіргі уақытта аталмыш салада болып жатқан реформалар мен жаңалықтар ұжымға үлкен міндет жүктеп отыр, – дейді мектеп директоры Асылхан Сейілханов.
Расында, сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға жағдай жасау арқылы білім жүйесінің серпінді дамуына ықпал етуге болады. Сонда ғана Тәуелсіздік тірегіне айналар жаңа буын күштерінің болашағы даңғыл. Өйткені, бәсекеге қабілетті білім бәрін жеңеді.
                                             Айтолқын АЙТЖАНОВА.
06 қараша 2018 ж. 1 473 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам