Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «ҰШҚЫННЫҢ» ҮЛГІЛІ ІСТЕРІ

«ҰШҚЫННЫҢ» ҮЛГІЛІ ІСТЕРІ

   Айналамызда денсаулығында кінарат бола тұра, жүрек түкпіріндегі үмітін үкілеп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандар өте көп. Бәрі де ала таңнан өзін жан-жақты жетілдіруді, қоғамнан тыс қалмай, оған пайдасын тигізуді ойлаумен болады.  Мұны біз «Ұшқын» Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорынында тағдырдың маңдайға жазғанын көрген жандармен жүздескенде айқын сезіне білдік.
«Ұшқын» ең алғаш қоғамдық бірлестік ретінде 2012 жылы құрылды. Жыл өткесін мүгедек жандарды кәсіпке баулып, шаруаға тарту мақсатында жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта ашылған. Жарнама, полиграфия, компьютерлік қызмет көрсету істерін қолға алған олар бүгінде қарқынды дамып келеді. Серіктестік 2014 жылы жиһаз жасап шығаратын цех тұрғызды. Осы кәсіптен түскен табысты жинап, 2015 жылы баннер шығаратын құрылғыға қол жеткізді. Бұдан соң осындай тағдырлас басқа да азаматтарды еңбекпен қамту үшін жолжиек тастарын (брусчатка) жасайтын тағы бір цехты іске қосты. Еңбекке ынталы жандар мұнымен де тоқмейілсімей, қазіргі таңда Павловния ағашының көшетін отырғызумен айналысуда. Бүгінгі күні серіктестікке тиесілі жерге Ресейден арнайы тапсырыспен алынған ерекше ағаштың 1700 көшеті отырғызылған. Мекеме мамандарының айтуынша, оны сапалы жиһаз жасауға, табиғи отын ретінде пайдалануға болады. Сондай-ақ, жағымсыз иісті (кәріз жүйесінен, қоқыстан пайда болатын) тазартатын да қасиеті бар. Мұндағы қызметкерлер аталған ағаш жайында жергілікті басшылыққа жан-жақты баяндап берген екен. Егер нәтиже жоспардағыдай орындалса, серіктестік осы ағаш арқылы «Жасыл белдеу» бағдарламасының жүзеге асуына атсалысатын болады.
Жұмыс орнында адамға жігер мен қайрат беретін қазақтың түрлі нақыл сөздерін жапсырып қойған мүмкіндігі шектеулі жандардың ең бірінші үлгілі қасиеті жан-жақтылық екенін байқадық. Себебі қазірдің өзінде «Ұшқын» сегіз бағытта жұмыс жасайды. Алматы, Сәтбаев қалаларында филиалын ашып үлгерген. Мұнда жұмыс істейтін 116 адамның 92-сі мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатарына жатады. Сондықтан жұмыс уақыты да жеңілдетілген.
Ұйымдағы тасы өрге домалаған саланың бірі – тігін тігу және пішу шеберханасы. Мұнда қыз жасауы, төсек қаптамалары, көрпе, жастықтан бөлек ұлттық киімдерге дейін тапсырыс қабылдайды. Бұйымдарды дайындау үшін тағдырлас 17 шебер еңбек етуде. Солардың бірі жеті жыл бұрын көлік апатына ұшырап, бел омыртқасы сыну салдарына арбаға таңылған Анар Әбілдаева. Ол қазір осы кәсібі арқылы өзін әлдеқайда жақсы сезінеді.
– Еңбекпен қамту бағдарламасы аясында 3 ай оқу курсынан өтіп, осында келдім. Қазір жасаған бұйымдарыммен мақтанып, қоғамға керек екеніме қуанамын. Айлық жалақымды да уақытылы береді. Үйімнен арнайы көлікпен қатынаймын. Біздің қажеттілігімізбен санасып, жағдайымызды жасап отырған серіктестік басшысы Бақыт Жұмашов пен облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Мұрат Жұмаділдаевқа айтар алғысымыз шексіз, – дейді ол.
Қазақта «Көпті жаман басшы тоздырады, жақсы басшы оздырады» деген бар. Мүгедек жандарды тіршілікке араластырып, олардың жалғыз емес екендігін сезіндірген Бақыт Жұмашовтың еңбегі орасан. Содан да болар серіктестік марапатсыз емес. Мәселен, 2013 жылы республикалық «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» байқауында «Ең үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша ІІ орын алған. Ал осы жылы «Жылдың үздік ұйымы» атанған. «Парасат»,  «Шапағат» төсбелгілеріне ие болған кәсіпорын басшысынан алдағы жоспарлары туралы да сұраған болатынбыз:
– Жақын келешекте күн энергиясынан қуат алатын терезелер дайындаумен айналыссақ дейміз. Батыс Қытай-Батыс Еуропа тас жолының бойына желден энергия алатын құрылғылар қою да жоспарлануда. Бұл үшін Алматы қаласындағы таңдаулы оқу орындарымен мүгедек жандарды оқыту мәселелерін қарастырудамыз. Егер жұмыс ойдағыдай орындалса мүгедек адамдарды қызметпен қамтимыз. Ел экономикасының жандануына үлес қосамыз, – деді Бақыт Төлеутайұлы.
                                                                      Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
06 қараша 2018 ж. 1 067 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 447 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам