ШӘКІРТТЕРІН ШИРАҚТЫҚҚА ШЫҢДАҒАН
Жаңабай Жакешовөзінің Тасбөгет кентіндегі №172 орта мектепке әскери-дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушы болып, осыдан 37 жыл бұрын келді.
Сол бір жылдарда тәлім мен тәжірибесін үйреткен асыл ұстаздары, Ұлы Отан соғысына екі қатысқан майдангер, елу қаланы жаудан азат еткен, гвардия подполковнигі, марқұм Әлжан Жалғасбаев пен Кеңес Одағының батыры Павел Артемов екеуі еді. Әсіресе, Әлжан ағасын тіптен ұмытуға қақысы жоқ. Әр кезде ол кісінің рухына арнап құранын бағыштап отыратыны да сондықтан. Өйткені, әскери-патриоттық тәрбие беру сабағында жоғары сынып оқушыларына ол кісі «Сендер ертең Отанды қорғайтын нағыз солдатсыңдар! Сондықтан өздеріңді елдің тірегі, қорғаны, батырымыз, азаматымыз, жауынгеріміз деп есептеңдер» дейтін. Осы сөзі Жаңабайдың да басты қағидасына айналған.
– Ол кісі оқушыларға әскери тактикаларды үйретіп, дайындық жасатқанда шаршауды білмейтін. Қайта, керісініше қанаттанып, хас батырдай тұлғаланып шыға келетін. Мен осындай Әлжан Жалғасбаев, Павел Артемов секілді батыр ағалардан тәрбие алып, олардан көп нәрсе үйренгеніме өзімді бақытты санаймын, – деді Тасбөгеттегі №172 орта мектептің бастапқы әскери-дайындық және патриоттық тәрбие беру тәлімгері, запастағы майор Жаңабай Жакешов.
Өзі сонау 1978-1980 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеді. Осыдан бастап ол Отанды қалай сүю керек екендігін терең түсініп, әскери тәртіптің қыры-сырын үйреніп шықты. «Әскер негізі азаматты шыңдайды. Қиындықты жеңуді, шалт-қимылды үйретеді. Ұқыптылыққа тәрбиелейді. Түрлі әскери қаруды игеруге икемдейді. Әрбір азаматтың әскерде болғаны дұрыс. Онда темірдей тәртіпті үйренеді. Біздің кезімізде әскерге бармау ұят саналатын. Қатардан қалмай әскерге баруға тырысатынбыз. Қатардан қалып қоюды намыс санайтынбыз. Қазір жастар өз елімізде, өз жерімізде Отандық борышты өтейді. Қандай жақсы. Бұрын Кеңес Одағы тұсында азаматтарымыз басқа елге барып әскери қызметін өтейтін. Мен сол өзге елдің қатарында армияға бардым. Бұл деген біз сияқты ауылдың баласына оңай шаруа болған жоқ. Қанша жерден техникум бітіріп бардым дегенмен де, өзге жер. Сондықтан әскерге бару азаматтар үшін үлкен абыройдың бірі деп санаймын» деді Жаңабай.
Өзінің ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйене отырып, 2009 жылы Қызылорда қаласы бойынша «Жас қыран» әскери-патриоттық үйірмесін құрған. Үйірмеге болашақ офицер боламын дейтін өрендер келіп әскери дәріс алады. Әскери өмірдің қыр-сырын оқып үйреніп, Ұлы Отан соғысының батырлары мен майдангерлердің ғұмыр жолдарымен терең танысады. Оқушылары үстіміздегі жылы республикалық «Айбын» әскери-қолданбалы спорт ойындарына қатысып жүлделі орынды иеленді. Сол сияқты «Уран-2012», «Тосқауыл-2013» «Ерлік-2016» жылдардағы Әскери ойындарға оқушылары қатысып, биік тұғырдан көріне білді. Сондай-ақ, республикалық «Мәңгілік ел үміткері» топтамаға әскери тәрбие берудегі тәжірибесі енген. Мұнан өзге «Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі» атты кітапқа бірнеше атаулы сабақтары жинаққа шыққан.
Сондай-ақ, жастарға әскери патриоттық тәрбие беруде жеткен жетістіктері де елеусіз қалмады. Еліміздің алғашқы Қорғаныс министрі болған С. Нұрмағанбетов пен Талғат Бигельдинов атындағы медалімен, сондай-ақ «Әскери тәрбие беру үздігі» медалімен марапатталған. «Жергілікті әскери органдарға – 90 жыл» мерекелік медалдардың иегері атанды. Облыстық, қала әкімдігінің «Алғыс хаты» және «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Бұдан басқа облыстық, қалалық қорғаныс істер жөніндегі басқарманың, облыстық кәсіподақ және облыстық білім басқармасының құрмет граматоларын бірнеше мәрте иеленген.
Оқушыларға әскери патриоттық тәрбие берудегі 37 жыл ішінде талай шәкірттерді түлетіп ұшырды. Бүгінде олар Ұлттық Ұланда, қауіпсіздік комитетінде, шекара қызметінде, аэро полкінде, қалалық қорғаныс істер басқармасында мінсіз қызмет етуде. Олар ағайымен үнемі хабарласып, сәлемін үзбей тұрады. Алпыстың төріне шыққан Жаңабай үшін одан артық бақыт жоқтай көрінеді. Бәрі де мереке сайын ұстаздарын құттықтаудан жаңылмайды. Ол осыдан бір марқайып, көңілі көтеріліп қалады. Айналаға өзін бақытты жандардай сезініп, келер күндерге әрдайым қуана қарайды.
Отбасындағы жары Рыскүл педагогтік қызмет атқарған. Бүгінде зейнеткер. Ұлы Асылбек түзету колониясында заңгер болса, келіні Айзада экономист-бухгалтер. Бүгінде Жаңабай қызығын көріп, шаңырақ шаттығына бөленіп отыр.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ