БАСПАНА АЛУДЫҢ МҮМКІНДІГІ ЗОР
Үйі жоқ адамда қайдан күй болсын. Мыңдаған жас бас құрағанымен пәтері болмай, қиындық көріп, соның салдарынан тағдыр жолы екі бөлініп жатқандар көп. Көпті көрген қариялар өткен мен бүгін туралы әңгіме қозғағанда байы жиған-тергенін алты қанат ақ ордасымен өлшеп, жарлысы лашығының жыртығынан жасып қарап тұратын сол заманның өзінде диуанадан басқаның бәрі баспаналы болған деп айтып отыратынын талай естіп өстік. Расында, көшіп-қонып, жаз жайлауға, қыс қыстауға қоныс аударған бабаларымыз сол жиналмалы киіз үйдің арқасында баспана мәселесін толық шешті. Әркімнің өзіне лайық осындай үйі болды. Мүмкін, сол кездегі көшпелі тұрмыс баспанаға деген аса мұқтаждықты талап ете қоймаған да шығар. Әйткенмен, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көшеде үш тас атсаң, екеуі баспанасыз жанға тиетін өте күрделі кезеңді бастан өткердік. «Жетім бұрыш» сағалаған үйсіз-күйсіз халықтың жәутең тағдыры талай жанның жүрегін сыздатқаны анық.
Десе де, соңғы уақытта мұндай жағдайды бастан өткізген тұрғындар саны саябырлаған секілді. Оған мемлекеттік қолжетімді баспана бағдарламасының игілігі ықпал етсе керек. Расында, жас отбасыны баспана жәйі көп мазалайтыны белгілі. Тұрғын үй әлі күнге дейін жастар арасында өзектілігін жоймай отыр. Бұл олқылықты жою мақсатында мемлекет соңғы жылдары халыққа тиімді бағада баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік беретін көптеген бағдарламаларды ұсынып келеді. Жалпы, елімізде жыл сайын қала халқы санының өсуі тұрғын үйге деген сұраныстың да еселеп артып келе жатқанын байқатты. Осы мақсатта мемлекет халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған көптеген бағдарламаны қолға алды. Олардың қатарында «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары көпшілік көңілінен шықса, енді «Баспана хит» бағдарламасына да қызығушылық артуда. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Өз үйім" бағдарламасы бойынша мөлшерлемені төмендеткенін жұртшылық ерекше қуанышпен қарсы алды. Өйткені, аталмыш бағдарлама аясында ең төменгі бастапқы жарна төмендетіліп, алдын-ала тұрғын үй займын алу үшін шотта үй бағасының 20 пайызын тең соманың басын құрау жеткілікті болмақ. Бұған дейін несиелердің пайыздық мөлшерлемесі жинақ сомасына тәуелді еді. Шотында үй құнының 30 пайызын құрайтын бастапқы жарнасы бар салымшы жылдық мөлшерлемесі 9,5 пайыз алдын-ала займнан үміткер атанатын. Халықтың қалтасына қараған мемлекет бұл мәселені де тұрғындардың пайдасына шешіп отыр.
– "Өз үйім" осыдан 3 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламаларын қолдау үшін іске қосылған еді. Бұл жоба банк салымшыларына құрылыс салушылар ұсынатын жаңа үйлерді нарықтағыдан төмен бағамен алуға мүмкіндік береді. Алматы мен Астана секілді үлкен қалаларда 1 шаршы метрдің орташа құны – 260-290 мың теңгені құраса, біздің аймақта бұл 180-200 мың теңгенің шамасында. Қазіргі таңда банк шоттарында үй алуға қажет 20 пайыз көлеміндегі бастапқы жарнаны жинаған 45 мыңдай адам бар. Біз қазір осы азаматтарға қолжетімді үй сатып алуға көмектесіп, жайлы және бағасы төмен пәтерлерге орналастыруды мақсат етіп отырмыз, – дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облыс бойынша филиалы директоры Әділжан Сәулебаев.
Облыста өңірлерді дамытудың 2020 жылдарға дейінгі бағдарламасының аясында жас отбасыға арналған үйлер салынып, пайдалануға берілуде. Құрылысы қарқынды Қызылордада осы бағдарлама барлық азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартып, баспана нарығындағы мәселенің түйінін шешуге көп көмегін тигізуде. Соның нәтижесінде халықты баспанамен қамтамасыз ету көрсеткіші еселеп артуда.
– Былтыр жаңа жылды жаңа қоныста қарсы алдық. "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы "Арай-3" мөлтекауданынан 3 бөлмелі пәтер бұйырды. Аумағы да үлкен, 74 шаршы метрді құрайды. Айлығымызды ай сайын жалдамалы пәтерге бергеннен бұл біз үшін әлдеқайда тиімді. Су, жылу беру жағдайында да әзірше ешқандай кінәрат жоқ. Көптен күткен баспанаға қол жеткізгеніміз отбасымыз үшін үлкен қуаныш болды, – дейді Бақытбек Қаленов есімді қала тұрғыны.
Иә, Бақытбек сынды бағдарлама игілігін көрген халық қарасының көбейіп келе жатқандығы қуантады. Мәселен, соңғы бес жылда қаладан 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық қала тұрғыны су жаңа пәтер кілтіне ие болған. Тек былтырдың өзінде шаһарда 230 мың шаршы метр болатын 2 мың 971 пәтерлік 61 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы ел игілігіне берілді. Бір айта кетерлігі, Қызылордада апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесі толығымен шешімін тапқандығы жергілікті тұрғындарды ерекше қуантты. Сондай-ақ, Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеріп жатқан жаңа қалада құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Демек, болашақта қызылордалықтар да Астана тұрғындары секілді "Сол жағалауда тұрамыз" деп мақтанышпен айтып отыратын сәті жақын.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.