ПИЛОТТЫҚ ЖОБАҒА ЖОЛ АШЫЛДЫ

Нақтырақ айтқанда, белді кәсіпкер «Туған жер» арнайы жобасы аясында кіші «Атамекен» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында «Әкімшілік құқық бұзушылықтың бірыңғай тізілімі» жобасы енгізілген планшеттер мен принтер жиынтығын алуға қолдау танытты.
Бүгін, арнайы жүйеге қосылған құрылғыларды аудан әкімі М.Оразбаев аудандық ішкі істер бөліміне табыстап, жүйенің артықшылықтарына тоқталды. Жаңа жүйенің басты артықшылығы – әкімшілікті істерді рәсімдеуде уақыт үнемделеді. Мәселен, бүгінгі таңда бір хаттаманы қағазға жазып тұруға 15-20 минут кетсе, енді планшет арқылы 3-5 минутта толтыруға болады. Яғни, планшет құрылғысына құқық бұзушының ЖСН нөмірін енгізсе болғаны, барлық мәліметі база арқылы сайрап тұрады.
Аталған жоба «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын атап өту қажет. Сондай-ақ, келешекте, бұл планшеттердің санын көбейту көзделіп отыр.