Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Рахымжан КЕМЕЛ: «ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІҢ КЕЛСЕ, АЛҒА ҚАДАМ БАСУ КЕРЕК».

Рахымжан КЕМЕЛ: «ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІҢ КЕЛСЕ, АЛҒА ҚАДАМ БАСУ КЕРЕК».

   Бүгінде еліміздің белгілі бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етіп жүрген жерлестеріміз аз емес. Өз кәсібін жетік меңгеріп, көрермен көзайымына айналған олар ілкімді істерімен көзге түсіп жүр. Осындай азаматтардың бірі – «Қазақстан РТРК АҚ» әлеуметтік медиамен жұмыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рахымжан Кемелмен сұқбаттасудың сәті түсті.
Рахымжан Әмірханұлы, қазіргі күні әлеуметтік медиа – заманауи бағытқа айналды. Ұзақ жылдан бері өзіңіз осы салада келесіз. Жалпы, бүгінде медианың қоғамда ықпалы, бағыты қандай?
– Әлеуметтік медианы әркім әрқалай түсінеді. Біреуге ол жәй хобби болса, енді біреуге ол пайда көзі, қоғамдағы жаңалықтармен танысу, өзінің ойымен, жеке жаңалықтарымен достарымен бөлісу. Әрине, әлеуметтік медиа қазіргі таңда үлкен алаңға айналды. Өйткені, осы жерде қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалып, ол тиісті органдар тарапынан бақылауға алынуда. Сондай-ақ, әлеуметтік медианың ықпалы орасан, оны соңғы жаңалықтардан да байқауға болады. Айталық, Әліби ісі, Шымкенттегі оқушы балаға қатысты зорлық-зомбылық жағдайы, жер дауы, тіл мәселесі, жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасаған түрік азаматы, ауыр дерті бар балаларға қайырымдылық акциялар арқылы ақшалай көмек берілуі, латын әліпбиі, құқық қорғау органдарындағы заңсыз деректері оған нақты мысал.
Соңғы жылдардағы оқиғалар қоғамдағы заңдардың әлі де толықтыратын тұстары көп екенін аңғартып берді. Осының арқасында көптеген заңдар қайта қаралып, оларға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Айта кетсек, ақпаратты қоғамға жариялау турасында азамат деректерінің қорғалуы алдыңғы қатарға шықты. Бұл да болса, әлеуметтік медианың қоғамдағы құбылыстарға бей-жәй қарамай, әркім өзінің азаматтық позициясын заң аясында ашық білдіріп, сол мәселенің тиісті органдарға жеткізіп, оң шешім табуына ықпал ететін алаңға айналғанын көрсетті.
 Ұлттық арнадағы жаңа жобалар жайында айтып өтсеңіз? Көбіне көрермен қай бағдарламаны көруге құштар?
– Осы жылдың тамыз айының соңында «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының жаңа маусымының ресми ашылуы болды. Онда жаңа маусымда болатын тележобалар, телеөнімдер таныстырылды. Әрине, әр бағдарламаның өзінің өзіндік көрермені бар, біреуге шоу, яғни әзіл-сықақ, біреуге тарихи-мәдени, әлеуметтік-саяси, қоғамдық тақырыптардағы бағдарлама ұнайды.
Сіз көрермені ретінде қайсысын таңдар едіңіз?
– Өзім көрермен ретінде айтар болсам, әлеуметтік-саяси тақырыптағы бағдарламалар ұнайды. Әркімнің талғамы әртүрлі, оның ішінде жастар да, қариялар да, орта буын да бар. Қазіргі таңда ұлттық салт-дәстүрімізге деген қызығушылық артқанын байқадық. Себебі, бұл біздің брендіміз, ұлттық колоритіміз, қай ел, қай ұлт болмасын өз ұлттық нақышымен мақтанады.
Біздің телеарна қатарынан 2 жыл «Men Qazaqpyn» ұлттық мега жобасы шығарылымын эфирден көрсетіп келеді. Қазақтың ата-баба аманаты ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан күй, терме, жырлары кімді болса да бей-жәй қалдырмайды деп ойлаймын. Бұдан бөлек, қызықты бағдарламалар өте көп. Мысалы, «Tan’sholpan», «Nazar», «Shan’yraq», «Minber» бағдарламаларын айтуға болады. Сонымен қатар, тұрақты көрсетіліп келе жатқан бағдарламалар мен жобалар жаңа маусымда жаңа форматта көрсетіле бастады. Соның ішінде «Qareket» тележобасы, «Аpta» апталық сараптамалық бағдарламасы. Тағы бір телерадиокорпорацияның тың жаңалығы – жақында ашылған «Tamasha» телеарнасы. Онда еліміздегі әзіл-сықақ тележобалардың, кезіндегі осы сала майталмандарының өмір жолы мен олардың сахнадағы бейнесін көрерменге ұсыну жоспарланып отыр.
Әлеуметтік желіде белсенді азаматтардың бірісіз. Әрине, жұмысқа, қоғамға қатысты тұщымды ойлар жариялап отырасыз. Негізі журналист   қандай тақырыпты көтергені дұрыс?
– Менің негізі мамандығым – экономист. Жақында Елордадағы «Тұран» университетінің магистратурасын тәмамдадым. Менің жұмыс істеп отырған салам – әлеуметтік медиа, яғни жаһандық әлеуметтік желі деп қарастырсақ, экономика да бұл да жаһандық әлеуметтік-экономикалық процестерді жаңғырту, жандандыру жүйесі. Осы тұста маған экономика бойынша мамандығымның көп көмегі тиді десем қателеспеймін.
Сайып келгенде, экономика, әлеуметтік медиамен өзара тығыз байланысты. Қарап отырсаңыз, қазіргі әлеуметтік желілердің өзі үлкен шет елдің алып корпорациялардың құрылымы негізінде шыққан дүниелер. Ол жерде ең алдымен маркетинг, менеджмент саласындағы жұмыстар алдыңғы қатарға қойылған. Дүниежүзі сатып алу мен сату принципі негізінде жұмыс жасайды. Әр компания өзінің өнімдерін халыққа ұсынады, компания –сатушы, ал, халық – сатып алушы. Қазіргі таңда бұрын шыққан желілік маркетинг секілді ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Халықтың деңгейі сапалы дүниелер қарау, алу, соған қарай бейімделген.
Жалпы, журналистердің әлеуметтік желідегі белсенділігі олардың айнасы дер едім. Әрине, кейбіреулердің онда отыруға уақыты да болмайды. Бірақ та кей журналист тұщымды ойларымен желідегі оқырманды бір тербеп алады.
Соңғы уақытта интернет журналистикасы қарқынды дамуда. Сіз маман ретінде қалай ойлайсыз, бүгінгі заманда сайт тиімді ме, əлде газет пе?
– Бала кезден өзіміз газет-журнал оқып өстік. Алғашқы жұмыс жасаған ұжымдарда жасы үлкен кісілердің қасында болдым. Олардың айтқан сөздері мен оқыған газеттері әлі есімде. Міне, оған деген қызығушылығым сол тұстан артты. Үйде әкемде газет оқиды.
Қазір «Қазмедиа» орталығының басшылығы төменгі қабатта арнайы газет тұратын ұяшық орнатқан. Осы жақтан үнемі жаңа шыққан газеттің сандарын алып тұрамын. Бүгінде көбісі ойлайды газет өзінің шектелген жеріне жетті деп. Жоқ, мүлдем олай емес. Өйткені, шет елде, «The New York Times», «Woshington Post», «The Gardian», «Le Figaro» басылымдарының тарихы 100 жылдан әріге созылады. Ал, кейбіреуінің таралымы 1 млн. данадан асады. Мәселен, «Нью Йорк Таймс» газетінің беттері, бір кездері 984 бетке барыпты.
Газетке біздің елде де басқаша қарау тәсілі керек секілді, сонда оның ғұмыры да ұзақ болады. Ал, сайтқа келсек, қазір көбісінің қолында смартфон бар, сондықтан да олар сол арқылы жаңалықты сайттан көріп тұрады. Сайт әр минут сайын еліміздегі, шет елдердегі ең трендтегі жаңалықтарды жариялап отыр. Бірақ, бұл жерде де үлкен бәсекелестік бар. Кейбір сайттардың беделі, жазылатын дүниелерінің сапалылығы және ақпаратты жедел беруі олардың оқылымын арттыра түседі.
Күннен-күнге ауқымы кеңейіп, шексіз даму үстінде келе жатқан әлеуметтік медиаға сарапшы ретінде берер бағаңыз...
– Әлеуметтік медиа расында да дамып келеді. Алдағы уақытта қандай жүйеге келеріміз белгісіз. Кезінде кейбір мобильдік операторлар өздерінің тұтынушыларын өз шеңберінен шығармас үшін көптеген жеңілдіктер мен акциялар, тіптен өздерінің телефондарын шығарған болатын. Әлеуметтік медиадағы кейбір компаниялардың да басты мәселесі – осы төңіректе. Себебі, олар өздерінің тұтынушыларын басқа желілерге кетпес үшін осындай қадамдарға баруы ықтимал, оған барып та келеді.
Қазірдің өзінде олар парақшаларға жаңартылған дүниелер қолданып, функцияларын көбейтіп, адамды барынша қызықтыруда. Бір байқағанымыз, адамдар қазір робот болып бара жатқан секілді. Олардың бір-бірімен байланыс, сөйлесу де азайып, телефонға үңілу көбейді. Көшеде де, үйде, жұмыста әлеуметтік жүйе өрмекшінің торындай өзіне тартып барады.
Қазір Астанадасыз. Туған жеріңіз Сыр өңіріне деген сағынышыңызды қалай басасыз?
– Иә, Астанаға келгеніме 7 жыл болыпты. Алғашында қыдырып келгенде бәрі таңсық, керемет, бір басқа әлемге келгендей әсерде едім. Мүмкін, сол өзімнің туған өлкемнен бұрын көп шықпағаннан да шығар. Әрине, Астанаға қыдырып келгенмен мұнда орнығып, жұмыс жасау екеуі екі бөлек дүние. Еліміздің бас қаласы әркімнің еңбегіне, кәсібіне байланысты өзінің нәсібін береді. Адамға үлкен мүмкіндік береді. Жаңа жер, жаңа орта, жаңа таныс.
Бірақ, жырақта жүргенде туып-өскен жеріңнің қадірін түсінесің. Кейде осында Қызылордадан келген ағайын-таныстарды көріп қалып, жүздескеннің өзі – бір ғанибет. Ауылдың сағынышын сол арқылы басып, көптеген кезінде естімеген әңгімелерді еске түсіріп, бүге-шүгесіне дейін сұрап, одан үлкен ой түю – бұл бір жағынан қазақтың ажырамас ұлттық коды іспеттес. Сол арқылы өзіңді кім және қайдан шыққаныңды қайтадан жаңа қырыннан танисың.
Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Жоспар деген көп. Аллаға шүкір, Астана өзіме жақсы әсер етті. Егер бір жетістікке жеткің келсе, онда тек алға қадам басу керек екендігін түсіндім. Бастысы, қай жерде болмасаң да жайсыздықтан жайлылыққа жетсең, соның өзі үлкен жетістік деп айтар едім.
Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға тек жетістіктер тілеймін.
                                                      Сұқбатты жүргізген: Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
30 қараша 2018 ж. 1 389 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 449 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам