Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жетікөл жағасындағы үй

Жетікөл жағасындағы үй

    Шалқыған айдыны алыстан жарқырап көрінген, көгілдір тартып жатқан Жетікөлді көрдіңіз бе? Соның жиегінде тораңғыл-талды баудың ортасында алыстан мұндалап тұрған ақ шатырлы дәу үй көзіңізге түсті ме? Айналасы жап-жасыл желекке көмкерілген бұл үй, біздің Құлман көкемнің шаңырағы. Шалқар көлдің жарқабағына орналасқан үйдің бау-шарбағында көкөніс түрлері мен жеміс ағашының бәрі бар. Есік алдына шығып балуан денесімен айналаға бұрыла қарағанда, алып тұлғасына қарап, баяғының батырына кездескендей болатының ақиқат. Күректей қолын алғаныңызда қазақтың апайтөс батырына жолығып тұрғандай сезінесің өзіңді.
         Кейде қалың тоғайды аралап, төрт түлігін іздейді. Сондайда қалың арасынан аюдай балпаң басып алдыңнан ойда-жоқта шыға келгенде, жаудың қарақшысын көргендей шошып-ақ қаларың анық. Өзі де алып денесіне сай сұсты. Қалың қабағынан қар жауатын секілді. Түнерген түсін көргенде, астыңдағы атыңа ие бола алмай қалуың мүмкін.
         Ол кісінің сондай нар тұлғасымен ісіне бекем екендігін үйдің айналасындағы ұқыптылығынан байқайсыз. Шаруақорлығы, ыждағаттығы бәрі көзге ұрғандай көрініп тұр. Қол ашықтығы бір бөлек әңгіме. Дастарқан басында көсілте ет турағанының өзі бір бөлек. Тегештегі етті қиялап кескенде таң қаласыз.
         Қай кезде болмасын іздеп бара қалсаң, қолынан газет пен кітап түспейді. Әңгімені баппен, асықпай, нақышына келтіріп, еліктіре айтады. Әсіресе, жер-су атаулары мен оның тарихын тереңнен қаузайды. Ел тарихын түптеп, тәптіштеп, батырлар мен бағландарды бейнелей айтқанда, құдды бір кітап оқып отырғандай боласың. Сонау ескі замандағы әңгімені бүгінгі күнге әкеліп ұштастырғанда рухтанып-ақ қаласың. Содан жан-жағыңа масаттана, көңілің марқая қарайсың.
         Енді бұл кісінің тағы бір ерекшелігі бар. Өмірбақи адал еңбекпен нәсібін, ырыздығын тауып келеді. Сондықтан ба, кейбір адамдар секілді бүгінгі қоғамның көлеңкелі тұстарын сөз етуге әуес емес. Тіпті, жыл сайын салмағы батпандай ауырлай түскен инфляция жайында сөз етпейді. Қазақша, орысша газеттердің түбін қопара оқиды.
         – Ана-а-ау орталықтағы Қайырғали інімнің дүкенінен күнделікті қажетті қант пен шай ғана сатып аламыз. Қалғаны өз қорамда бар. Барлығы табиғи өнім. Алты ай жаз немерелерді жаныма алып, есік алдындағы бау-шарбақтың ішінде жүріп еңбекке баулимын. Сексеннен ассам да анау-мынау жігіттен кетпенді кем шаппаймын. Жеміс ағаштың барлық түрі бар. Адам қоғамға, заманға, үкіметке ренжімеу керек,– дейді Құлман көкем.
         Расында, бұл үйдің есік алдынан әр жаз сайын келгенде байқайтыным,  ағаштары жеміске басы иіле малынып тұрады. Қарап тұрып қызығасың. Барлық ағаштың бабын білетін агроном секілді. Әр ағашты қай уақытта қалай баптауын жақсы біледі. Жүзімнің төрт-бес түрі бар. Оның бірінен мейіз кептіріп алады. Көл жиегіндегі қалың ішіне жазда 10 шақты бие жіберіп, сары қымызды ала жаздай сапырып ішіп отырады. Төрт түліктің бәрі бар. Олардың жылтырап тұрған күйлі қоңын көргенде Құлман көкемнің тірлігіне риза боласың. Ұл-қыздарына қаладан бір-бір үй салып берген. Қолында келін мен кенже баласы отыр. Одан өрбіген немеренің де алды ержетіп қалған. Есік алдында жеңіл көлік пен шаруаға пайдаланатын техниканың неше түрі тұр.
         Кейде бұл кісі ауыл орталығына барып қайтады. Сондайда үйге ренжіп келеді. Орталықта бостан-бос сандалып, жуан қараталдың жанына үймелей жиналып, уақытын босқа өткізіп, бостекі сөзді айтатын ауыл азаматтарына қарны ашып келеді. «Ескі сөздерді есілте тыңдап, әзіл-қалжыңнан қуат алып қайтам ба десем, қайдағы жоқ ақылға сыймайтын, мұрнына исі бармайтын ел жаңалығын айтқан болып, өтірікті судай сапырып тұр. Әй, анау Жаяу шірен оңбайды. (Ол өзінің Әпен құрдасын айтқаны). Жасы келсе де өтірігін қоймайды. Желкесінен бір қояйын тұрдым да, өзімді сабырға шақырдым» деген Құлман көкем орталыққа содан бері бармай қалды.
         Жақында Құлман көкем ойда-жоқта Тасбөгетте тұратын Жолан баласының үйіне бес-алты күн болып кетті. Бір-екі күннен өткеннен кейін қаладағы әл-Фараби көшесінде тұратын үлкен баласының үйіне баруға бет алды. Ақыры алды демалыс күн. Сонымен көше бойына шығып 22 маршрутты күтті. Бір сағатқа жақындағанда әрең дегенде біреуі келді.
         Қала тіршілігі ағамызға онша ұнаған жоқ. Өзінің үйренген ауылына, үйіне асықты. Содан бері қалаға ат ізін салмағанына біраз болды.  
                                                                            Кенжалы ЕРІМБЕТОВ
12 желтоқсан 2018 ж. 1 199 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам