Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » САЯБАҚТАҒЫ ХАЙУАНАТТАР ӘЛЕМІ

САЯБАҚТАҒЫ ХАЙУАНАТТАР ӘЛЕМІ

 
Қалалық паркке кіргеннен үлкен қәріппен жазылған «Зоопарк» сөзі алыстан көзге мен мұндалап тұр. Темір тормен қапталған қоршаудың ішінен аң-құстың дыбысы қатар шығып, төңіректі азан-қазан етіп жатыр. Мұндағы демалушылардың да ағылып бара жатқан бағыты бір. «Жақсыны көрмек үшін» дегендей, барлығы алдымен хайуанаттар бағын тамашалауға асық.
Жақындай түскеннен құдды бір аяқ асты ауылға еніп кеткендей күй кешесің. Төр жақтағы торлы қоршауда екі павлин қанатын кеңге жайып, келушілерді құшақ жая қарсы алып тұр. Санаулы секунд ішінде қанаттары мың құбылып, қараған жанарды таң-тамаша күйге бөлейді. Ал, сол жақ тұстан бұтаққа қонған алып қара бүркітті байқайсың. Қараған өткір көздері бейне бір өңменіңнен өтіп кетердей. Айналасына аса сақтықпен қарайтын қайратты құстың қозғалысы шапшаң. Балалардың тор арасынан лақтырған жемтігіне де өзге хайуанаттар секілді қомағайлана жүгірмей, мұқияттылықпен қарайды. Әуелі аяғымен қысып, содан соң ғана тұмсығымен түрте бастайды. Сондай өте сақ. Ал, екі құлағы делдиіп, бірінен соң бірі зыр жүгіріп жүрген әппақ үй қояндары көңілге бір жылылық пен жайлылық сыйлайды. Кішкентай ғана тіршілік иесінің бір бойына нәзіктік пен әсемдік атаулысын жиып бергенін табиғат шеберлігіне таңғаласың. Қарап тұрып, көзің тояды. Дәл осындай нәзіктік болмысты сары ауыз шөжелерден де сезінесің. Ұстағанда жұдырығың толар-толмас кіп-кішкентай балапандардың мұнда 20-дан астамы бар. Шиқылдаған дауыстары үзіліп кетердей еміс-еміс естіледі. Топ-тобымен гуілдеп біресе былай, біресе олай жүгіріп жүр. Осындай керемет сезімге толы әсерді ысылдаған құлаққа жайсыз дауыс ғана бұзып жіберді. Төрт бұрышты әйнек қоршауда жатқан сары жыланның түсі де, өзі де суық екен. Әлгі ерекше әсерден сол сәтте-ақ арылып, лезде бойыңды жиып ала қоясың. Қораптағы кішкене ғана бұтаққа мың оралып жатыр. Айыр тілі әлсін-әлсін сумаң-сумаң етеді. Айтпақшы, мұнда аяғыңа орала кетіп, үсті-басыңды жалай жөнелетін кішкентай күшік те бар. Мойнына қарғы байланған күшікті балалар жетектеп, асыр салып ойнап жүр. Бұл парктің ерекшелігі де сол – кішкентай қонақтардың әрбір жануарды емін-еркін қызықтап, қолына алып ұстап көріп, тіпті арнайы тәртіптік ережелерді сақтай отырып, тамақтандыруға да рұқсат берлген.                                               
 
Қалалық паркке келе қалсаңыз, сіз де дәл осындай сан алуан көрініске куә болатыныңыз анық. Аталмыш контактілі зоопарк биыл Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында мәдени-демалыс орнынан алғаш рет ашылып отыр. Соған қарамастан мұнда келушілер қатары қалың. Қалалық мәдени-демалыс паркінің директоры Әнуар Нақыптың айтуынша, бұл қала мерекесі құрметіне жергілікті «Бекнұр» жеке кәсіпкерлігінің жасаған тартуы екен.                                                         
   – Бізге келушілер қатары артуда. Балаларын жетектеген ата-аналар өте көп келеді. Бағасы да қолжетімді. Ересектер үшін 300, балалар үшін 200 теңге. Аталған хайуанаттардан бөлек, мұнда тотықұс, тасбақа, лақ, терісі бағалы тышқан тұқымдас жәндік – шиншилла сынды тіршілік иелері бар. Таза, күтімі де жақсы. Сондықтан қолыңа алып, еркін тамашалуға болады. Арпа, бидай, күнжара жүгері сынды қарапайым тағамдармен баптаймыз. Ал, бүркіт ет, балық, бауыр жейді. Павлиндерді арнайы Түркістан қаласынан алдырдық. Алдағы уақытта хайуанаттар түрлерін толықтыра түсу ойда бар, – дейді зоопарк қызметкері Азамат Мырзабеков.


                                                                                     














 Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
21 мамыр 2018 ж. 1 560 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам