ҚАНАР ҚАПТАҒЫ ҚАРАҚШЫ МЕН ҚАРАУЫЗ
Бұл оқиға осыдан алпыс жыл бұрын болған. Ол жайлы әлі күнге дейін Есен ағай жиі есіне алып, айтып отырады.
...Қазіргі Аманкелді ауылының шығыс жағындағы «Қызыл ту» мен Жетікөл ауылдары ортасында Желқазған мен Терісөзек алқабы (қалың сәйке) орын тепкен. Кезінде оған колхоз жылда күріш, жүгері, бидай, мақта екті. Ол шақта екі қалың алқаптың жағалауы дарақ сексеуілдерге сыңсып тұратын. Осыларды отын етіп алуға қаладан бірен-саран адамдар келетін. О кезде қазіргідей шұбырған жүк көліктері жоқ. Желқазғанның аржақ басында Райымбектің, Бижанның, Рахметтің, Махамбеттің үйлері орын тепкен. Жетікөл бет жақтағы тұста Исақожа, Егемберген, Алданазардың үйлері қоныстанған. Олардың дені колхоздың еңбеккеш адамдары, қалғаны – қолындағы бір-екі мал жайымен отырған шаруа кісілер.
Кезінде Қайырсуатқа болыстық еткен Бижан ағамыз заман өзгергеннен кейін сауда жолына оралып дүкен ұстады. Көзі ашық, көкірегі ояу кісі еді. Жоғары, төменді жол көрген ағамыз орыс тілін бір адамдай білетін. Сол шақтарда оның қалада тұратын бір орыс тамыры анда-санда үйіне келіп, қона жатып, қабан аулап кетіп жүретін. Ол кісі де қаладан келген тамырына қонақжайлық танытып, барын ауызына тосып, даладай пейілімен қарсы алып, жаны қалмай күтетін. Орыс досы Ваняның сол кезде екі аяқты қара мотоциклі бар. Сол мотоциклінің дыбысын естісімен ауыл балалары жиналып келіп, оны қызықтайтынбыз. Біздер үшін ол көлік сұмдық керемет көрінетін, – деп Есаға әңгімесін әріден бастады.
1958 жылы Желқазған алқабына егілген жүгері өте бітік шықты. Оның арасын атты адамның өзі аралай алмайды. Қашанда жүгеріге мал да, даланың жабайы аңы – қабан да өш келетіні белгілі. Жүгері собықтай бастағаннан, олар оны айналдыра бастайды. Сол жылы Бижан ағаның тамыры Ваня да алты ай жаз қауынын егіп, қабанын аулап, тапқанын қаладағы үйіне апарып тастайтын. Бижан ағамыз әйелі екеуі ғана тұрады. Оны досы жақсы біледі. Содан егін-тегін жиналып болған соң тамыры үйіне қайтады. Арада бір-екі-ай өткенде ойда-жоқта досы келе қалды. Оны көрген Бижан ағамыз мәре-сәре болып, баяғыша қарсы алады. Сол күні қонып ертесіне қайтады. Кетіп бара жатқанда, қаладан бір достары келіп, сексеуіл алып кететін айтады. Олар келсе көмектесуін өтінеді. Бұл кісі де жарайды деп қала берді.
Арада бір жеті уақыт өтеді. Содан Ваня тамырының айтқан адамдары түс қайта отын алуға келеді. Оларды жақсы етіп қарсы алып, күтіп, қондырады. Азанымен ертелеп олар отынға кетпекші болады. Анау-мынау әкелген заттарын осы үйге қалдыра бастайды. Соның ішінде бір дәу қанар қапты екі адам зорға кіргізіп, оны үйдің шығар ауызындағы дәлізге сүйеп қояды. Сөйтеді де, үйдің иесіне сексеуілі қалыңдау жеріне алып баруды өтінеді. Ойында қылаңы жоқ Бижан ағамыз қонақтарды бастап кетеді. Әйелі Әлима үйде бір өзі қалғысы келмей көршінің үйіне кетіп қалады. Ол кезде есікке құлып салмайтын шақ. Ел адамдары ол кезеңде ұйқыларынан тым ерте тұрып, малын жайғайтыны белгілі.
– Мен Қарауыз атты итімді ертіп алып Бижан ағасының үйіне келдім, деп Есен аға әңгімесін одан әрі жалғастырды. Үйге кірсем, жан адам жоқ. Төрдегі тұрған сандық пен кебежелердің аузы ашық жатыр. Үйдің ішін біреу үптеп кеткендей. Бір байқағаным жерде бір-екі ескі заем түсіп қалған. Аңырып біраз тұрдым да, сыртқа шықтым. Айналаға көз жүгірткенмен ешкім байқалмады. Шамалы жүргеннен кейін біреу дауыстағандай болды. Мені көріп қалған Әлима жеңгей айқайлап тоқтатып: «Үйге жүр, Пейішкүл жеңгең үшеуміз отырып, қоюлатып шай ішейік» деп қояр да қоймай жолдан қайырды. Жеңгейді көргесін көңілім орнына түсіп, ештеңе дей қоймайдым. Өйткені, сандық пен кебежесінің аузын ашып қойып, ішін жел қақтырып алайын деген шығар деп ойладым. Көбіне ауыл әйелдерінің солай жасайтынын жақсы білемін ғой. Осы шақта Пейішкүл де келіп жетті. Үшеуміз үй алдына келіп есікті аша бергенде, Қарауыз бізден бұрын алға ұмтылған бетте дәлізде тұрған қанар қаптың үстіне ырылдай атылып шығып, сыртынан тістеген бойы, жағын ашпай жұлқылай жөнелді.
Әдепкі де не болғанын өзіміз түсінбей қалдық. Сол сәтте қанар қаптың ішінен бір адамның жан дауысы шықты. Қолында қанжар қара пышағы бар екен. Әлгі адам қанар қапты тіліп жіберіп, далаға қарай қаша жөнелді. Қарауыз білегіне жабысқан күйі алыса түсті. Біз өң мен түс арасында ғажайып кино көргендей аузымыз ашылып, арпалысқа қарап тұрмыз. Менің он беске енді толған бозбала шағым. Анау қорыққанан итке пышақты жан далбасалап жүріп сұғып алды. Ит сол кезде оның қолын босатып жіберді. Бірбеткей ит қаңсылаған бойы оның аяғына қайта жармаса түсті. Қарақшының жерге құлап түскен сәтінде Қарауыз дереу үстіне атыла шығып, қос иығынан баса тырп еткізбеді. Мен көрші үйдегі Рахмет пен Маханбет ағайларды шақырып келемін дегенше, әлгі қанішер амалын тауып, үстінде тұрған Қарауызды тамағынан орып жібереді де, сол екі ортада үй іргесіндегі қалыңға кіріп, қарасын батырды.
Енді көрші-қолаң отын алуға келген орыстардан сезік алды. Бижан ағаны іздеп, сексеуілі қалың аймақты шарлады. Аймақты атпен шолып жүріп, ақыры ауыл адамдары оларды тапты. Атқа мінген жеті-сегіз ауыл адамы қойсын ба, отын алып жатқан орыстарды сабап, естерінен тандырып, соққыға жықты. Осы жағдайдан кейін Бижан ағаның орыс тамыры сол күйі төбесін көрсетпей кетті.
– Олардың негізгі мақсаты – сандық пен кебеже толған ескі заемды алу екен. Үйде ешкім жоқта анау қанар қаптағы қарақшы құнды қағаздарды бес қапқа салып дайындап қойған көрінеді. Оны айқай-шу басылғаннан кейін барып білдік. Көрші-қолаң көзбен көріп, жағасын ұстады. Қарауыз болмағанда, оның аяғы немен тынарын кім біледі? Мына оқиғадан кейін үлкендердің айтуымен, барлық бала жиналып ақылды итті ауыл сыртына апарып көмдік,–деп Есен ағай әңгімесін түйіндеді.
Сонда Есен ағай итінің өлгеніне қатты қиналыпты. Тіпті, итінің мал бағып келетін жақсы жақтары болған екен. Буаз болған ірі қараның соңына еріп кетіп, ол сыртта бұзаулап қалса, оны қасқырға алдырмай, бірнеше күн оның жанында болған сәті де кездескен. Сиырды бұзауымен үйге айдап келетіндігін де қызықтыра сөз етті.
Міне, жеті қазынаның бірі – иттің жақсы қасиеттері. Ерте кезеңде ауыл-аймаққа жау шабатын болса, ит жер бауырлап тынымсыз ұлып, мазасыздана күй кешкен. Ал табиғи апат – зілзала, дүлей дауыл, сұмдық өрт, тасқын, сел болатынын сезсе ит көкке қарап ұлыған. Ит бір жағынан адамға сенімді дос, малды күзеткен, үйді қарауылдаған. Міне, оның қасиеттілігі. Иесін танығаннан бұрын, оның білмейтін туыстарын да ит ажыратады екен. Содан болар, «Ағайынды тек бала мен ит білер» деген тәмсілдің ел аузында сақталуы. Ал, Қарауыздың иісшілдігінің арқасында қанар қап ішіндегі қарақшыдан бір отбасының аман қалуы.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ