Жабырқаған көңілге жүрек жылуы
Әрбір адам үшін ана деген аяулы жан болуы тиіс. Балаға жарық өмір сыйлап, тәрбиелеп, бар тілеуін тілеп отыратын қымбат адамның қарттық шағында бақытсыз күн кешуіне кім кінәлі? Өмір баспалдағын енді аттаған жастар да тағдыр жазуымен ет-жақындарынан шетқақпай көреді.
Өз үйінен далада қалып, тағдыр тәлкегіне түскен олар қайда барып паналайды? Кімнен қамқор күтеді? Жаны жабырқаулы жанға кім жылылық сыйлайды? Қызылордадағы дағдарыс орталығы осындай қамкөңіл жандарды өз қамқорлығына алып отыр. Иә, бұрын-соңды осындай үй бізде болмаған. Алайда, жастайынан отбасылық өмірдің ащы тұсын көріп, зорлық-зомбылық, ұрып-соғу секілді келеңсіз жайтқа тап болғандар саны жыл сайын артып келеді. Міне, осындай жайттың алдын алып, ондай жағдайда қиянат көрген ана мен баланың маңдайынан сипап, ыстық ықыласпен қарайтын «Қамқорлық» дағдарыс орталығы бар.
Жақында олар қаладағы «Шымбай» мөлтек ауданында орналасқан үлкен үйге көшті. Себебі, оған келушілер қарасы көбейіп барады. Ішіне кірсеңіз, үлкені де, кішісі де сізге көмек сұрағандай көзқараспен қарайды. Әрқайсысының айтары мұңы бар.
Бұл орын «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры жанынан құрылған. Нысан 2011 жылы өмірдің қиын жағдайында қалған азаматтарға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету үшін 8 орынға жабдықталып ашылған. 2011-2016 жылдары олардың қызметіне жүгінген 200-ге жуық адамға құжат рәсімдеу, тұрғын үй кезегіне тұру, отбасы мүшелерімен бітімгершілікке келу, денсаулық мәселесін реттеу, жәрдемақы немесе алимент өндіру секілді жағдайларға байланысты психологиялық, құқықтық қолдау жасалды.
Содан бері мұнда келушілер саны көбейе бастады. Өткен жылдан бері орталық 20 орынға кеңейтіліп, қайта жабдықталды. Ал, биыл олар 2 бөлімнен тұратын 100 орынға лайықталған жаңа ғимаратқа көшті. Бірінші бөліміндегі орын 60 адамға, 2-ші бөліміндегі 40 орын әлеуметтік балабақшаға арналады.
Аталмыш орталық директоры Жандос Тұсмағамбетовтің айтуынша, бұл орында азаматтарға өздерін қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік береді.
– Бізге келушілердің 6 айға дейін орталықта болуға мүмкіндігі бар. Орталық жұмысының негізгі бағыты – психологиялық оңалту, құқықтық көмек, жәбірленушілерге әлеуметтік көмек көрсету. Бізге физикалық, психологиялық немесе экономикалық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтар келеді, – дейді орталық директоры.
Былтыр орталық қызметіне 115 адам жүгінді. Ал, биылғы 1 желтоқсанына дейін 186 адамға (68 отбасы) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 66-і әйел, 2-і ер кісі, 7 жасөспірім, 111-і 0 мен 16 жас аралығындағы балалар. Сонымен қатар, осы жылы қызмет алғандар арасында зорлық-зомбылықтың 34-і экономикалық, 30-ы күш көрсету, 105-і психологиялық түрінен зардап шеккені.
– Негізінен орталыққа әйелдер өздерінің кішкентай балаларымен келеді. Мұндай келушілер бізді уақытша ғана паналайды, – дейді Ж.Тұсмағамбетов.
ОРТАЛЫҚ НЕ БЕРЕДІ?
– Біз оларға кешенді көмек береміз. Олардың көпшілігі жұмыс істемейді, кейбіреуінің жоғары білімі жоқ. Оны алу үшін балаларына қамқорлық жасалу керек. Сондықтан болашақта әйелдердің жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында әлеуметтік балабақша ашып отырмыз. Яғни, балалары балабақшаға барғанда аналары еңбек етуі үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөліміне өтініш бере алады. Оған қоса оқу курстарына тіркеліп, кейбірінің өз кәсібін ашуына мүмкіндігі де бар, – деді Ж.Тұсмағамбетов.
Бүгінгі күні орталық мамандары арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету барысында 8 қызмет түрін ұсынуда. Айталық, әлеуметтік-құқықтық, медициналық, психологикалық, психологиялық, еңбек, мәдени қызмет түрлерімен бірге экономикалық түрі де қамтылған. Онда қызмет алушыларға тиесілі жеңілдіктерді, жәрдемақыларды, өтемақыларды, алименттерді алуға ықпал жасалады. Яғни, әр бағыттың атқаратын өз жұмысы бар.
Статистикаға сүйенсек, еліміздегі әйелдердің 70 пайызы өмірінде бір рет болса да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Ал, БҰҰ қорының деректері бойынша Қазақстанда өз отбасында зорлық-зомбылық көріп, қаза болған нәзік жандардың саны 1 жыл ішінде 500-ге жетеді екен.
Бізде кейде әйелін балаларымен үйден қуып шығатын ер кісілер бар. Көбіне отбасында зорлық-зомбылық көретін әйелдер «Балалар үшін шыдаймын», «Бөтен емес өз күйеуім ғой», «Барлығы арақтың кесірі, ішуін қойса ұрмайды» деп өзін өзі жұбатып шыдай береді. Алайда, оның соңы қылмыстық оқиғаға немесе жанжалға ұласып кететіні тағы бар.
Кейбірі өмірдің осындай ащысына шыдап келсе, енді бірі үйіне кетуге мәжбүр. Ал, ондай тағдыр иелері қайда барады, кімнен көмек сұрайды? Көбісі «Қамқорлық» үйін паналайды. Мұнда 3 мезгіл тамақ беріледі. Бастысы, жататын орын тегін. Қиналып келгендерге көмек қолын созады.
ҚАРТ АНАНЫҢ ҚАЙҒЫСЫ
Орталықта керует үстінде ойға шомып отырған ақжаулықты ананы әңгімеге тарттық. Кейуана жылы қабақ танытты. Бірақ, оның астарында өз қайғысын жасырған үлкен жүректі жан екенін сездік. Екі ұлдың анасы екен. Биыл 76 жасқа толыпты. Шаңырағында шат-шадыман күй кешетін шағы емес пе? Бірақ, ол кісі балаларынан да қамқорлық емес, қорлық көріпті.
– Бірі балам болмады деп жылайды. Енді бірінің баласы болса, одан қорлық көріп қиналады. Соның бірі – мына мен ғой, қарағым, – деп әжей көзіне еріксіз жас алды. Сөйтіп, әңгімесін қайта жалғастырды. «Үлкен ұл наркологиялық ауруханада жатыр. Екіншісі де сол ішімдіктің кесірінен маған екі рет қол жұмсады. Сондағы жазығым – оған ақыл айтқаным. Екінші мәрте ұрған кезде шыдамай өзім кетіп қалдым. Енді үйге барғым келмейді. Өз баламнан көрмеген ықыласты осындағы жастардан көріп отырмын. Мен үшін бұл – өте ауыр» деп ақжаулықты ана ауыр күрсінді. Іштегі шері жүрегін ауырта түскендей. Арасында жылады. Ол кісіні жұбатуға, жылы сөзімізді арнауға тырыстық. Бірақ, оның жан жарасын кім емдейді?...
ЕГІЗ ҚЫЗДЫҢ АНАСЫ НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?
Бұл орталықта Дана есімді келіншекті де кездестірдік. Оның егіз қызы бар екен.
– Осы үйге келгеніме 2 айдан асты. Егіз қызым бар. Өзім 3-ші топ мүгедегімін, жоғары білімім де бар. Отбасылық жағдайым сәтсіз болып, ажырасуға тура келді. Содан анамның үйіне барып тұрдым. Алайда, бір күні туған інім қызымды зорлағысы келіп жатыр екен. Ондайға қандай ана жүрек шыдасын?.. Одан кейін екінші қызыма тиісіп жүргенін байқадым. Қос қызым ешнәрседен хабары жоқ. Әлі кішкентай, ойын баласы ғой. Олар қайдан білсін... Ал, бұл оқиғаға менен басқасының сенгісі жоқ. Амалсыз осы қыздардың амандығы, болашағы үшін өз үйімнен кетуге бел будым. Барар жерім жоқ. Қыс келді, күн суық. Сосын осы жаққа келіп тұрып жатырмын, – деді Дана.
Орталықта қилы-қилы тағдыр бар. Көбі жылаған аналар. Екі рет некеде болған Марал есімді келіншек екінші баласына аяғы ауыр. «Жүктілігіме 34 апталық болды. Еш жерде тіркеуде жоқпын. Әрқайсысы әр жаққа жұмсап, медициналық көмекті дұрыс ала алмай отырмын. Осындай қиын жағдайда құрсағымдағы шаранадан бас тартқым келді. Бірақ, ол ойымнан қайттым» деп көзі жасқа толды жүкті ананың.
Тағдыр әрбір адамға түрлі сынағын береді. Дегенмен, мұндай қатыгездік біздің қазақтың қанында жоқ еді. Жетімін жылатпайтын, жабырқағанның жанынан табылатын. Қазір сол қасиет бойымыздан жоғалып бара ма? Жақын жанның да жылуды сезіне алмайтын күйге түстік. Өмірдегі келеңсіз жағдайлар соның бір көрінісі.
– 2015 жылдан бастап орталық 300-ден аса балаға қамқорлық көрсетіп келеді. Олардың әкесіндей маңдайын сипап, ақылымды айтып, жылылық танытуға тырысамын. Өйткені, жеткіншектер жылуға, мейірімге зәру. Бір жағынан бұл дегеніңіз, үлкен сауапты іспен тең, – деді Ж.Тұсмағамбетов бізге.
Иә, өмірде жылағанды жұбатқан, сүрінгенде демеу болған осындай жүрегі кең, жанашыр жандардың көбейгені дұрыс-ақ. Бірақ, қиындықты, зорлық-зомбылықты көрген отбасылар саны азайса екен дейміз... Ана да, бала да жыламасын, ағайын!
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.