Сапалы қызмет – негізгі міндет
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаевтың айтуынша, бүгінге дейін филиал өңір тұрғындарына 1 млн. 200 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткен. Қызметтердің 500 мыңнан астамы электрондық форматта ұсынылған. Бұл жайында филиал басшысы брифинг барысында мәлімдеді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстық әкімдікпен бірлескен іс-қимыл жоспары негізінде филиал арқылы біршама жұмыс атқарылды. Сонымен қатар, «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтер көрсеткіші 72 пайызға артқан.
Айта кетейік, мемлекеттік корпорация ТМД елдері арасында алғашқы болып мемлекеттік қызметтердің проактивті қағидатын енгізді. Оңтайландыру аясында іске қосылған жоба арқылы проактивті форматта туу туралы куәлікті рәсімдеуге болады. Жоба іске қосылғалы бері облыс бойынша сәбилі болған 6300-ден аса анаға проактивті қызметті алуға SMS ұсыныс жолданды. Соның негізінде 5 мыңнан астам туу туралы құжат рәсімделіп, балабақша кезегіне 4 000 бала тұрды. Сондай-ақ, 2500-ден астам жәрдемақы тағайындалған.
Брифинг барысында филиалдың мамандандырылған ХҚО арқылы көрсетілген қызметтердің реті де баян етілді. Биылғы жылдың 11 айы ішінде онда 65 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Қызылордалықтар барлығы 92 млн. теңгеге жоғары сұранысқа ие 384 нөмер сатып алған. Оған қоса электрондық үкімет порталы арқылы 133 автокөлік тіркеліп, 2 мыңнан аса өңір тұрғыны жүргізуші куәлігін рәсімдеген.
– Бүгінде жер және жылжымайтын мүлікті тіркеу мемлекеттік қызметтері «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асады. Бір жерден алу мүмкіндігін ұсыну – өкілетті органдар мен азаматтар арасындағы тікелей байланысты болдырмай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, әкімшілік кедергілерді азайтады, – деді Айдын Қайруллаев.
Сонымен бірге, мемлекеттік корпорация жүктілікке, мүгедектік алуға, асыраушысынан айырылуына байланысты және зейнетақы тағайындау сияқты 43 түрлі әлеуметтік төлем бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді. І және ІІ топ мүгедектігі бар адамдар электрондық үкімет порталының 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы мемлекеттік қызметтерді үйлерінде алып отыр.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.