Облыс әкімі қарттар мен балалар ауылының тәрбиеленушілерін жаңа жылмен құттықтады
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бірқатар әлеуметтік мекемелерді аралап, олардың ұжымдарын келе жатқан мерекемен құттықтады.
Аймақ басшысы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, ондағы қызмет алушыларды құттықтап, облыстың дамуы жайлы айтып өтті.
«2018 жылы Тәуелсіз мемлекетіміз үшін де, Сыр елі үшін де берекелі де несібелі, ырысы мол жыл болды. Елордамыз Астананың 20 жылдығын және сүйікті қаламыз Қызылорданың 200 жылдығын атап өттік. Сіздер де әрқашан менің назарымнан тыс қалмайсыздар. Әрдайым жағдайларыңыз жақсы болуы үшін Өзім де, басқа демеуші азаматтар да қолдан келгеннің барлығын жасайтын боламыз. Жаңа жылда Сіздерге мықты денсаулық, жақсы көңіл-күй тілеймін! Жаңа жыл кең байтақ елімізге молшылығы мен ырыс-дәулетін, қасиетті жерімізге құт-берекесін әкелсін, жақсылық пен ізгілікке, қуаныш пен шаттыққа толы жыл болсын!»,-деді аймақ басшысы.
Кездесу концерттік бағдарламаға ұласып, жаңа жылдық сыйлықтар таратылды.
Өз кезегінде орталық тұрғындары қолдау көрсеткені үшін аймақ басшысына алғыстарын білдірді.
Биыл мамандандырылған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы құрылғанына 50 жыл толуын атап өтеді. Мекеме 1968 жылы "Қайырымдылық үйі" ретінде құрылды. 1992 жылы орталықтың жаңа ғимараты салынды, ал 2014 жылы облыс әкімінің қолдауымен ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Сол жылы нысанның жылу жүйесі табиғи газға ауыстырылды. Орталықта 180 стационар төсек-орны және 1 мен 2-топтағы мүгедектер, жалғыз басты қарттар үшін 100 жартылай стационар орны қарастырылған.
Бұдан кейін облыс әкімі отбасылық үлгідегі "Атамекен" балалар ауылында болып, тәрбиеленушілермен кездесті.
«Балаларымыздың бақыты, шат күлкісі, амандығы үшін Елбасы ұдайы қамқорлық, барлық жағдайды жасап келеді. Сіздердің білімді, жаңашыл, заманауи жаңа технологияларды меңгере алатын озық ойлы ұрпақ болып өсулеріңіз үшін бар мүмкіндік жасалған. Жыл сайын Елбасының тапсырмасымен гранттар саны да көбеюде. Сыр елінде жаңа білім ошақтары ашылып, инновациялық мектептер саны артып, түлектеріміз Ресейдің белді оқу орындарында білім алуда. Олардың қатарында «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының түлегі Наргиз Кашапова да бар. Құдай қаласа, Сіздер де сол аға-апаларыңыз сияқты заманауи білім беретін оқу орындарында оқитын боласыздар,»- деді аймақ басшысы.
Балалар ауылының тәрбиеленушісі Нұршат Нышанова облыс әкімінің қамқорлығы үшін ризашылығын жеткізді.
Тәрбиешілерге аймақ басшысының сыйлықтары табысталды.
Естеріңізге сала кетейік, "Атамекен" отбасы үлгісіндегі балалар ауылы 2015 жылы салынған болатын. Қазір балалар ауылында 46 бала тұрады. Мекеме 80 орынға есептелген, мұнда 40 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 9-ы тәрбиеші-аналар.
Мұнан соң облыс әкімі Қ.Көшербаев Талсуат елдімекеніндегі мамандандырылған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Орталық 1992 жылы ашылып, 2012 жылы жаңа ғимаратқа ауыстырылды. Онда 69 балаға қызмет көрсетіледі, 55 бала күндізгі стационар бөлімшесіне барады. Аймақ басшысы жаңа жылдық шыршаға қатысып, балаларға сыйлықтар табыс етті.
Естеріңізге салайық, орталықта әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетіледі. Уақытылы және кәсіби тұрғыдан көрсетілген қызметтердің арқасында 10 бала кресло-арбадан аяққа тұрса, 19 емделуші қосалқы тірек аппараттарынсыз қозғала алады. Сонымен қатар, 141 баланың психоэмоционалдық жағдайы, 27 баланың сөйлеу дағдылары, 100 жеткіншектің қозғалыс қабілеті жақсарып, 43 балақай өз отбасына оралды.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 26 қазанында Астанадағы салтанатты марапаттау рәсімінде балалар орталығы "Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме" номинациясы бойынша марапатқа ие болды.