Ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымов "Сырдария ауданының Құрметті Азаматы" атанды
Сырдария ауданының тумасы ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымов «Сырдария ауданының Құрметті Азаматы» атанды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Таланттардың өлкесі саналатын аудан ақын-жазушыларға қолдау мен құрмет көрсетуде өзгелерге үлгі көрсетіп келеді. Мәселен, соңғы жылдары Сыр өңірінің қасиеті мен киесін өз шығармашылығына арқау еткен бірқатар ақын-жазушыларға, журналистика саласының майталмандарына «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Енді олардың қатарына шіркейлілік ақын, «Шабыт» шығармашыл жастар сыйлығының лауреаты Нұрмұхаммед Әбілқасымов қосылды.
Ақынға «Құрметті азамат» атағын табыс еткен аудан әкімі Ғанибек Қазантаев ақын Нұрмұхаммед Қанатбекұлының өлеңдерінде қазақ жігітіне тән өр рух пен қайсарлық, ақынға қажетті өмірге құштарлық пен шынайылық бар екенін айтты. Сонымен қатар, шығармашылығына сәттілік тілеп, алдағы уақытта талғам таразысы жоғары оқырман қауымға тамаша туындылар ұсынатынына сенім білдірді.
Аудан тұрғыны 90 жастағы еңбек ардагері Мауия Нақыбаева мен ауданның құрылыс саласын дамыту бағытында адал еңбек еткен байырғы құрылысшы Мариа Бəйімбетова да «Сырдария ауданының Құрметті Азаматы» атанды.