Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Бизнестің түрі көп

Бизнестің түрі көп

   Қазір бизнес те, жарнама да көп. Әсіресе, базар маңынан осы бағытта жазылған бір тілік парақтың неше атасын көруге болады. Бірақ, бізді таңғалдырған дәл осы жарнаманы басқа емес, кәдімгі көппәтерлі үйдің темір есігіне қыстырып кетіпті. Онда үлкен қара қаріппен "Бит сатамын!" деп жазылыпты. Иә, тура осылай.
         "Қолдың сүтін сатамын!", "Жүннен тоқылған шұлық сатамын!" сынды қаншама құлақтандыру қағазын көріп жүрсек те, дәл осындай мәтіндегі жарнаманы алғаш көргенім рас. Құлаққа да түрпідей тиетін сыңайлы. Әуелде әріптен жаңылысқан болар деп екі ауыз сөзді қайта-қайта оқыдым. Мұндай хабарландыру көремін деп ойламасам керек, оқыдым да іштей бір күліп алдым.
         Жасыратыны жоқ, біраз таңырқағаным рас. Не де болса, хабарласып көрейін деп шештім. Содан қолымдағы телефоныма әлгі нөмірді тере бастағаным сол еді, әлде сыған, әлде тәжік пе екен деген ой санама сарт ете қалды. Әдетте, мұндай іспен көп қазақ айналыса бермеуші еді ғой деп ойладым. Мен мың толғанып тұрғанда сымсыз байланыстың жылдамдығы сол – терілген санға алғашқы қоңырау зырғып барып та үлгеріпті.
         – Алло, айта беріңіз, – деген әлгі дауыстан соң, бит сатуды да бизнес көзіне айналдырған өзіміз екен-ау деген ой келді.
         – Сәлеметсіз бе, бит сатасыз ба? – дедім сұрақты төтесінен қойып.
         – Жоқ, келесі айдың басында хабарласыңыз. Сол кезде болады, – деді кәдімгідей дүкенде түгесілген зат секілді.
         – Өтіп кеткен болды ғой, – дедім күлкі қысқан мен де жәй тұрмай. Тағы да ізе-шала: – Келесі айдың басында нақты бола ма? Сонда оған дейін өсіресіз бе? Біреуін қанша теңгеден бересіз? – деп бастырмалай сыр тартып көріп едім, менің қызықтап сұрап тұрғанымды іші сезді ме, әйтеуір, ләм-мим деместен тұтқаны қоя салды.
         Әлгі екеуара диалогтен соң, бит екеш биттің де бүгінде көк ақшаның көзіне айналғанына аң-таң қалдым. Енді өз құлағымызбен естігендей, бит те сатылатын болыпты. Естуімізше, қазір мұны сатып алып, пайдаланып көрушілер де аз емес екен. Саудагерлер біреуін 500 теңгеге дейін бағалайды деседі. Ал, сарыаурумен ауыр­ып, бауыры сарғайып кеткен науқас оны ішсе құлан-таза айығатын көрінеді. Тіпті, ішке қабылданған бит бауырға түсіп, бүкіл сарыаурудың сөлін өзіне тартып, ісінеді екен. Кейін үлкен дәрет ар­қылы сыртқа шығарылады-мыс.
         – Ертеректе етжақын бір апамыз қатты ауырып, дертіне шипа табылмай қысылған шақта бір көпті көрген ауыл ақсақалы науқасқа білдіртпей бит беруге кеңес беріпті. Содан апамның балалары тәуекел етіп, әлгі жәндіктің бірнешеуін айранға қосып ішкізген көрінеді. Сонда неше айдан бері төсек тартып сарыжанбас болған кісі арада көп уақыт өтпей-ақ беті қарады деп жататын туысқандарымыз әңгіме етіп. Кім біліпті енді? Дерт те, шипа да бір Алладан ғой. Десе де, осы жағдайдан кейін биттің адам денсаулығы үшін пайдасы бар деген түсінікке өзім аздап болса да иланамын. Қанайналым жүйесін жақсартып, оның құрамын тазартады деп те естігенім бар. Кейбіреулер нанға да қосып береді екен, – дейді  Үрпатша есімді көпті көрген кейуана.
         Иә, расында данышпан халқымыздың топшылағанындай, дала медицинасында бит әсерінің пайдасы зор болар. Өзіміз де бірді-екілі үлкендердің аузынан "Қазір биттемек түгілі, тірі биттің өзін қала кезіп, ауыл аралап табу қиын. Бит кеткен соң, дерт те көбейді ғой" деп отыратынын талай мәрте естідік. Ал, бір қызығы, бұл жәндіктің адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз дегенді дәрігер мамандар теріске шығарады.
         – Медицинада емдік әсері зерттелмеген, нақты дәлелденбеген нәрсені қабылдауға аса тыйым салынады. Сол сияқты биттің де емдік қасиеті әлі де белгісіз дүние. Ол жайында медицина саласында нақты тұжырым жоқ. Десе де, бит арқылы сары­ау­­руды ем­деуге болатынына өз басым дәрігер маманы ретінде қарсымын. Бәлкім, бұл алып-сатарлардың ақша жа­сау үшін ой­лап тапқан жабайы әдісі шығар. Мынадай медицина дамыған за­манда денсаулыққа немқұрайдылық танытпай, ауыр­ғанда нағыз дәрігердің кө­мегіне жүгінген дұрыс деп есептеймін. Керісінше, бит секілді зиянкес жәндіктерден көптеген инфекциялық ау­­рулар тарауы бек мүмкін. Сондықтан, нақты ғылыми тұрғыда дәлелденбеген түсінікке сеніп, бірінші байлыққа кесірін тигізіп алмайық. Әйтсе де, халықтың ұғымында бекіп қалған түсінігіне қандайда бір ықпал жасау қиындау. Себебі, тұрғындардың арасында әлі күнге дейін дәріханадан бит сұрап келетіндер бар, – дейді фармацевт Бибінұр Әміреева.
         Біз көптің көңілінде жүрген жәйтті қаузадық деген ойдамыз. Ал, оның ақ-қарасын ажыратып, іс ететін халықтың өзі. Себебі, әркім өз денсаулығына өзі жауапты.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
09 қаңтар 2019 ж. 1 293 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 440 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам