Алдағы міндеттер нақтыланды
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өткізілді. Оған қаладағы тиісті сала басшылары, ауыл және кент әкімдері қатысты.
Жиында Нұрлыбек Машбекұлы алдымен Жаңа жыл мерекесімен құттықтап:
– Былтыр қаламыз үшін берекелі табысты жыл болды. Сіздердің қолдау мен еңбектеріңіздің арқасында нәтижелі жұмыстар жасалды. Алдағы жылы да сол ілкімді істер жалғасатынына сенім зор. Оған барлық мүмкіндік бар. Жаңа жыл – жарқын бастамалар мен жақсы жаңалықтарға толы, берекелі, – деді.
Содан кейін қала әкімдігіндегі бірқатар кадрлық өзгерістер таныстырылды. 2018 жылғы 5 қазандағы Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында тиімсіз шығындарды оңтайландыру мен басшылық құрамын қысқарту арқылы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру міндеттелген болатын. Осыған орай аймақ басшысының келісімімен қала әкімдігіне қарасты бірқатар дербес бөлімдер біріктіріліп, қызметін оңтайландыру жөнінде шешім қабылданды.
Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі мен қалалық ветеринария бөлімдері біріктірілді. Енді ол Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі болып қайта құрылды. Аталған мемлекеттік мекеменің басшысы лауазымына Медет Сейіловтағайындалды.
Сонымен қатар, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөліміне қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімін қосу жолымен, Қызылорда қаласы әкімдігінің Қызылорда қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі болып қайта құрылды. Аталған бөлімге басшы қызметіне Гүлмира Рахметова тағайындалған.
Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімін қалалық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен қосу жолымен Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Осы бөлімнің басшысы қызметіне Марат Жаркеткенов тағайындалды.
Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметіне Жақсылық Төлегеновтағайындалды.
Мәжілісте алдымен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан жасалып жатқан жұмыстар таразыланды. Бұл жайында бөлім басшысы Жақсылық Ержанов кеңінен баяндады.
– 2018 жылы қаламыздың 200 жылдық мерейтойына орай сол жағалау құрылысы басталды. Құрылыстар соңғы заманауи технология негізінде қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек тұрғындардың тарапынан жол, ауыз су және жарық мәселесі көптен бері көтеріліп келген «Сабалақ», «Эдельвейс», «Орбита» саяжайлар кешендері қала аумағына енгізілді. Алдағы уақытта аталған аумақтарға тиісті қаржы бөлініп, инженерлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік болады, – деді ол.
Екінші мәселе бойынша – қала бюджетінің игерілуі жан-жақты сарапталды. 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін қала бюджетінің кіріс бөлігі жалпы 100,4 пайыз орындалса, шығыны 99,7 пайызға орындалған.
Сондай-ақ, мәжілісте қала бойынша қоғамдық
көлік қызметінде жүргізілген жұмыстар талқыланды. Бұл жөнінде «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Нұржан Ахатов кеңінен баяндады.
– Қоғамдық көліктерде электронды билет жүйесін енгізуге басымдық беруді қолға алудамыз. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша серіктестіктің базасында «Оңай», «Сенім», «Смарт ЖКХ» және «Касса 24/7» ЖШС-нің өкілдері келіп түсіндірме жұмыстары мен презентациялық материалдарын таныстырды. Нәтижесінде «Сенім» компаниясыменкелісім-шарт жасалып, автобуста смартфон арқылы жолақысын төлеу жобалары іске қосылды. Сонымен қатар, халықты жол журу билетін талап етуге ынталандыру мақсатында серіктестік тарапынан 2019 жылдың 8 қаңтар-8 ақпан аралығында «15 билет жинап, 3000 теңгенің 170 сертификатын ұтып ал» акциясы ұйымдастыру көзделуде, – деді ол.
Аппарат мәжілісінің отырысында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сала басшыларына тағы да сын-ескертпелер жасап, тиісті тапсырмаларды нақтылап берді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА