«ҚАЙСАРДЫҢ» АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСІ
Қызылорданың «Қайсар» командасы ертең, 27 қаңтарда Түркиядағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтайды. Дайындық барысында ойыншылар деңгейі таразыланды. Шетелдік бірқатар клубтармен жасыл алаң төрінде шеберлік байқасты.
Бас бапкер Стойчо Младенов былтыр команда сапында болған ойыншыларға сенім артатын секілді. Өйткені, өткен жылғы доп додасы мәресіне жеткеннен кейін көптеген футболшылармен келісім-шартқа қол қойылды. Сондықтан олар биыл да қызылордалық клубтың намысын қорғауға мүмкіндік алып отыр. Десе де кейбір шептер нығайтылатын тәрізді.
Бас бапкер ол үшін жаңа футболшылар шеберлігін таразыға тартуды жөн санап отыр. Кезінде Алматының «Қайраты» мен ұлттық құрама сапында ойын көрсеткен Марк Гурман енді «Қайсарға» келуі мүмкін. Ол былтыр Қостанайдың «Тобыл» клубының жейдесін киген еді. Сондай-ақ, осындай сынақтан өтіп жүргендер қатарында шетелдіктер де бар. Олардың бірі – Иоанн Аксель Кирьяк Аркин Мартиника құрамасының шабуыл шебінде ойнаған. Кезінде ол Францияның «Нанси» командасының жастары сапында кәсіби футболдағы алғашқы қадамын жасады. Одан кейінгі жылдарда сол елдің «Нант-Б», «Кемпер», «Пари-Сен-Жермен Б» және «Ред Стар-93» ұжымдарында доп тепті. 2011 жылдан бері Тұманды Альбион аймағына бет түзеп, содан бері «Херефорд Юнайтед», «Ноттс Каунти», «Росс Каунти» және Шотландияның «Сент-Миррен» клубтарында ойын көрсетті. Бұдан кейін Түркия жеріндегі «1461 Трабзон», Швециядағы «Сирянска» ұжымдарында ойнады. Осылайша Еуропаның бірнеше командасында тәжірибе жинақтаған ол Англияның «Мэнсфилд Таун» құрамына қабылданды. Иоанн Аркин Мартиника құрамасында 15 кездесуде жасыл алаң төрінен табылып, қарсыластарды 4 мәрте қапы қалдырып кеткен.
Қызылордалық жанкүйерлерді македониялық шабуылшы Християн Кировскидің шеберлік деңгейі қызықтырып отыр деуге негіз бар. Кезінде өз елінің ұлттық құрамасында жасыл алаңға шыққан ол бүгінге дейін дүниежүзінің 20-ға тарта клубында ойын көрсеткен. Шабуылшы үстіміздегі жылдың 12 қазанында 33 жасқа толады. Кәсіби футболдағы алғашқы әліппені тарихи отанындағы «Вардар», «Македония», «Работнички», «Скопье» «Шкендия» клубында 2002 жылы бастаған ол содан бері Сербияның ОФК, Украинаның Металлург (Запорожье), Карпатье (Львов), Кипрдің «Этникос» (Ахна), «Аполлон», Ресейдің «Луч-Энергия», Румынияның «Васлуй», Израильдің «Хапоэль» (Рамат-ха-Шарон), Грекияның «Ираклис», Болгарияның ЦСКА (София), Польшаның «Белхатув», Таиландтың «Прачуап» және «Чиангмай» командаларында доп тепті.
Оқу-жаттығу жиыны барысында жерлестеріміз екі жолдастық кездесу өткізді. Алдымен Румынияның «Сепси» клубымен шеберлік байқасып, оларды 2:1 есебімен тізе бүктірді. Румын клубы 2011 жылы құрылған. Сфингту-Георге қаласының намысын қорғайды. Өз елінің жоғары тобы саналатын А лигасында сынға түседі. Біздің команда сапынан Матиас Курьор мен Франк Джа Джедже гол соқты. Кеше Болгарияның «Дунавымен» ойнады.
«Қайсардың» алғашқы оқу-жаттығу жиыны 27 қаңтарға дейін созылады. Естеріңізге сала кетелік, футболдан ел біріншілігі 11 наурызда жалауын желбіретеді.
Ә.ӘЙТПЕНБЕТ.