Тау тұлғалы Асқар ақын
Төрт қабатты үлкен тұрғын үйдің бұрышына ескерткіш тақта ілінген. «Бұл үйде ақын Асқар Тоқмағамбетов тұрған» деген жазу менмұндалап алыстан көзге түседі. Бұл – заңғар ақынның талай туындысы өмірге келген, ұлтына қаламымен қызмет етумен қатар ғұмырының соңғы жылдарын өткізген құт қонысы. Өлмес өнер иесінің тірліктегі болмысы мен өз шаңырағында сақталған естеліктеріне қаныға түсу мақсатында тұғырлы тұлғаның отбасына бардық. Бізді ақынның қызы әрі мұрасын жинақтаушы, ұлағатты ұстаз Аякөз Асқарқызы Тоқмағамбетова жылы қарсы алды.
– Бұл үй 1975 жылы салынған, – деді ол көп бөгелмей ақынның кабинетіне қарай бастап. – Әкемнің дүниеден қайтқанына да биыл 37 жылға қарады. Бірақ кабинеті, жұмыс үстелі әлі сол қалпында тұр.
Қарымды қаламгердің шабытын шалқытқан бөлме ішіне көз жүгірттік. Жұмыс бөлмесі сол қалпында тұр. Ақын саусағының табы қалған есік тұтқасына дейін аяулы сезілетін бөлмеге алғаш кіргенде демің бітеледі. Жүрек өрекпи соғады. Әп-сәтте сыртқары дүниенің бәрі пәс, күңгірт тартып сала бергенін түйсінесің. Тап бір ұшпақтың төріне шыққандай бір масат көңіліңе желік жүгіртеді. Құдды бір ақын өмірінің соңғы сәтіне куә болғандай күйге енесің.
Шағын кабинеттің ортасына орныққан үстел үстінде айқара ашылған күнтізбеде «1983 жыл, 21 тамыз» деген жазу бар. Бұл – қазақ сөз өнерінде өшпес орны бар ақынның дүниеден қайтқан күні. Үстелдің бір шетінде «Жұлдыз» журналының сол жылғы бес-алты нөмірі, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1983 жылдың 17 тамызда шыққан саны. Ортада кирилл қарпіне транскрипцияланып үлгермеген, төте жазумен жазылған қолжазба жатыр.
Асқар Тоқмағамбетовтың өмірінің соңғы сәті тағы бір тылсым оқиғамен байланысты екен. Ақынның демі тоқтаған күн жексенбі, сағат 14.00 шамасы болса керек. Тіліне қарап талай уақытын шамалаған, талай жұмысын межелеген сағаты да тура сол мезетте тоқтапты. Сол сағат қазірге дейін оның жер бетілік ғұмыры тоқтаған уақытты көрсеткен күйі жұмыс үстелінде тұр.
Асқар Тоқмағамбетов – ел өмірінің күнгейіне қоса көлеңкелі жақтарын да күн тәртібінен түсірмеген ақын. Оны атақты еткен де ең алдымен оның сықақтары, фельетондары мен мысалдары екені белгілі. Оның сықақшылдығы – оның отаншылдығы еді. Сол отаншыл ақын «түнімен ұйықтап, түсте тұратын, кейде сағат үште тұратын» желіккен жеңгейлерден «дейді екендер дейді екендерге» дейінгі аралықтағы тірлігі терістердің бірін де «тірі» қалдырған емес. Сонысы үшін арғы-бергі таныс-білістері де, кейде тіпті министр де одан ығатын. «Денсаулық министрі Қамырбаев, қағазын күндегіден қалың жайып, отырған бір кез еді, жалғыз ғана өзі еді» деп бейнелей жазған сатира сардарының кейіпкерлерінің карикатуралық суреттері өз алдына бір төбе. Ақын кабинетінің бір бұрышын толтырып тұр.
Сол қатарда Жамбыл Жабаев, Ғали Орманов, Шыңғыс Айтматов, Самуил Маршак, Әбділда Тәжібаев, Нартай Бекежанов, Мұқағали Мақатаев секілді қазақ әдебиетінің ғана әмес әлемдік ой кеңістігінің төрінен орын алған тұлғалармен бірге түскен суреттері де жайғасыпты. Бір топ қаламгерлер өлең-сөздің дүлдүлімен кездесіп, оның ішінде Асқар ақынның болуы – Сыр тарихының өлшеусіз мұрасы. Оған қоса, ақ күріштің атасы, Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевпен түскен суретке бір қарап өте алмайсың. Сыр топырағынан шыққан қос тұлғаның әрқайсысының болмыс-бітімі өз ісінің, өз кәсібінің биік деңгейін көрсетеді.
Ғарышкер-ұшқыш, Кеңес Одағының батыры Герман Титовпен бірге тұрғанын көрудің өзі бір ғанибет. Сол қатармен суреттерді шолып шыққанда ақынның қазақ әдебиеті өкілдерінің арасында орны айрықша екенін байқайсың.
Бұл суреттерде ақын-жазушылардың Асқар ақынды қаумалап ортаға алуының өзінен ерекше құрметті, ілтипатты аңғарасың. Сонымен бірге, республикалық, облыстық басылым редакцияларында жастармен кездесуде де, аспан астындағы келелі жиын ортасынан да ол кісіні табасың. Ақынның 1965 жылы 60 жылдық мерейтойына арнап салынған күріштен жасалған портреті мен 1955 жылы 50 жылдығына арнайы жасалған бюсті де өз тарихы бар өнер туындылары деуге болады.
– Бүгінде әкеміздің шығармашылығы туралы сөз қозғалғанда, көпшілігі оның сатирик екендігін айтумен шектеледі. Дегенмен ол ірі ақындығына қоса парасатты прозаик, дарынды драматург те болатын. Аударма саласындағы еңбегі де елеулі еді. Сол қара сөздегі ең шоқтығы биік шығармасы «Жыр күмбезі» дер едім. Аты айтып тұрғандай, роман Сыр сүлейі, жасымас жырдың дүлейі Базар жыраудың өлмес өміріне арналды. Ол кісіден басқа ешкімде: «Зар еңіреп қызың менен ұлың келді, бізбен бірге зар жылап жырың келді. Бір сүйе алмай бетіңнен туған-туыс, Базар ақын, өлгенің шының ба еді?” деп ел-жұртын жылата алмас еді, – дейді ақын шығармаларының көбін жатқа білетін Аякөз Асқарқызы.
Ол әкесінің барлық қолжазбалары мен құнды құжаттарына асқан ұқыптылықпен қарайтынын айтып, кабинеттің бір қабырғасын тұтасымен алып тұрған сөрелердегі ақынның көзі тірісінде шығарған кітаптарын таныстырды. Олардың қатарында Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароковтармен бірге аударған Тарас Шевченконың 1939 жылы латын қарпімен шыққан кітабы да бар. Сондай-ақ, «Хазірет Сұлтан» пьесасының 1930 жылы араб қарпімен жазылған қолжазбасы да қаз қалпында сақталыпты.
Ақынның өмірі өзінің қайраткер дарынындай ерекше болды. Содан шығар ол кісінің сері мінезі туралы қызғылықты әңгімелер, ақын азаматтығы жайлы дәйекті деректер тамаша аңызға айналып жүр. Аякөз апай да отбасында көрген-білген, өзін қатты толқытқан жағдайларды тебіреніспен еске алады.
– Әкем отбасында жеті қыздан соң өмірге келген. Өз естелігінде «балалық шағым апаларымның арқасында өтті» дейді өзі де. Ол өте балажан адам еді. Іссапардан бізге үнемі кітап әкеліп беретін. Ең жақсы сыйлығы – кітап. Оқыңдар деп үнемі айтатын. Бізді қарапайым болуға тәрбиеледі. Сыпайы қалпынан жазбайтын. Тіпті дауысын көтеріп сөйлегенін көрген емеспін, – деді өткен күннің сәулелі сәттерін ойша шолып.
Ақын болмысының бір қыры – ішкі тәртібінің беріктігі болса керек. Үнемі ерте тұратын, шабыты келгенде бөгде дауыс, у-шуды елемейтін болыпты. Әрбір жазылған жаңа дүниесінің алғашқы сыншысы да ақынның жары мен балалары екен. Әр жаңа туындысын алдымен отбасына оқып беретін болған. Балаларына арнаған өлеңдері де көп. Олардан перзенттерінің әрбіріне деген айрықша сүйіспеншілігі сезіледі.
Ақынның әкелік махаббатын осылайша есіне алған Аякөз апай бала күнінде өзіне арнап жазылған:
Кім сүйкімді болмайды бала кезде
Балапаны құстың да болады өзге,
Сүйкімдісін жер-көктің жинасаң да,
Бәрібір тең болмайды Аякөзге – деген өлеңін оқып берді.
Тағы бір өлеңінде Асқар ағамыз:
Келер күннің мерейі, Аякөзім,
Үйренетін, оқитын, білер кезің.
Табанды бол, тапқыр бол, отаншыл бол,
Осы менің әкелік айтар сөзім, – деген ақын перзентінің келешегіне үлкен үмітпен қарап, өзіне тән талапшыл мінезімен тәлім айтыпты.
Әкенің осы сөзін өсиетке балап, өмірлік ұстанымына айналдырған Аякөз Асқарқызы өмірін ұстаздыққа арнаған. Қазіргі таңда М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғарғы колледжінің ардагерлер кеңесінің төрайымы. Ол еңбек жолын аталмыш білім ордасында 1970 жылы бастап, сол жерден зейнеткерлікке шыққан.
Жарты ғасырға жуық қызметі жолында талай дарынды шәкірт тәрбиелеген ұстаз әкесінің тағылымы мол мұраларын насихаттаудан шаршаған емес. Ақын өмірін тереңірек танысақ деп арнайы сәлем бере келген бізбен де жан толқытар жылы естеліктерімен бөлісті.
Биболат СӘТЖАН.