АҚСУАТ: Үлгілі ауылда үлкен жобалар көп
Қалаға жақын Ақсуат округінде көптеген айшықты істер атқарылып келеді. Ондағы халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы, көңіл-күйі жайдарлы. Ауылға кіре бергеннен елді мекен тазалығы, көшелерінің түзулігі, бірден көзге түседі. Әр көшенің бойында дүкен, дәріхана секілді тағы да басқа кәсіпкерлік нысандарын көре аласыз.
Соның арқасында бұл округтің қалаға қарасты кент және ауылдық округтер бойынша кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарған жұмыстары жоғары бағаланды. Осы бағытта қолға алынған қоғамдық рейтингісінің қорытындысымен «Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясына ие болды. Оған қоса аймақ бойынша 264 елді мекеннің ішінен «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы атанып, облыс әкімдігінің 10 млн. теңге грантын ұтып алды.
Әкімдердің есепті кездесуі барысында осындай жағымды жаңалықтар таразыланды. Ауыл әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаевтың баяндауынша округте 7800 тұрғын бар. Округке «Наурыз» саяжайы мен Жақыпбек Маханбетов елді мекендері қарайды.
– Бізде 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 4 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 52 шаруа қожалығы бар. Қожалықтардың көбісі мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал басын асылдандыру бағытында табысты еңбек етіп келеді, – деді ауыл әкімі.
Іргелі жылыжайдың ілкімді ісі
Округте кәсіпкерлік саласы өте қарқынды дамып келеді. Осы сала жағынан қалаға қарасты ауылдық округтер арасынан алдыңғы қатарда тұр. Бүгінге дейін 235 кәсіпкерлік нысан тіркелді. Өткен жылы ауыл бойынша 10 жобаны іске асыру, 25 тұрғынды жұмыспен қамту және 15 адамды бизнес негіздеріне оқыту межесі жоспарланған еді. Осы орайда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы арқылы 40 млн. 500 мың теңгені құрайтын 8, «Микробизнес-Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржылық ұйымынан» 69 млн. теңге болатын 16, «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы 2 жоба қаржыландырылып, 57 адам еңбекпен қамтылды. Ал, «Еңбек» бағдарламасы аясында қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқыған 5 ауыл тұрғыны қайтарымсыз 240 мың теңге грантына ие болып, өз кәсіптерін ашты.
Бұдан бөлек, «Самұрық құс» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 75 млн. теңгеге 20 мың құс ұстайтын екі ангар құрылысын аяқтап, бүгінгі таңда асырап отырған 10 мың құстан тәулігіне 5500 дана жұмыртқа өндіріп отыр. Аталған кооперативте 6 ауыл тұрғыны тұрақты кәсіп көзімен қамтылған. Ағымдағы жылы құс фермасы жұмыртқа бағытындағы тауықтар санын 20 мыңға көбейтуді жоспарлауда.
Сондай-ақ, былтыр «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы «КазАгроМир» ЖШС-нің автоматтандырылған өндірістік жылыжай құрылысын қолға алды. Жылыжай 2,2 гектар аумақты қамтиды. Бұл нысан іске қосылмақшы. Ол кезде 30-35 адам еңбекпен қамтылады.
«Көгілдір отын» – көптің игілігінде
Ауылдық округте бірнеше жылдан бері көтеріліп жүрген өзекті мәселенің бірі – табиғи газбен қамтамасыз ету.
– Облыстық бюджеттен бұл бағытта жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаржы бөлініп, «Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес ашық конкурс жарияланған еді. Бүгінгі күні конкурс жеңімпазы «Верус Инжиниринг» ЖШС тарапынан құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қарауына ұсынылды. Осы ретте айта кету керек, Ж.Маханбетов ауылы мен «Наурыз» саяжайында орналасқан 1489 тұрғын үйді, 18 коммуналдық және әлеуметтік нысанды газбен қамту үшін шыны зауытынан ауылдық округке дейін газ құбырын тарту керек. Ал, оған қажет етілетін қаржы көлемі 7 млрд. 946.8 млн. теңгені құрайды. Бұл аз қаражат емес. Сол себепті жұмысты кезең-кезеңімен жүргізу мәселесі қаралуда, – деді ауыл әкімі.
Есеп беру шарасында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылордада атқарылған жұмыс барысын саралады. Былтыр қала үшін табысты жыл болды. Бюджет артып, оған қыруар істің қарқынды жүргені көпшіліктің көз алдында. Жүздесу барысында ауыл ардагерлері қаланың дамуына үлестерін қосып жүрген ел азаматтарына алғыстарын білдірді.
– Ауыл тұрғыны болсақ та, қалаға көп бармаймыз. Себебі, біз жақта бәрі бар. Дүкеннің түр-түрі, шаштараз, керек десеңіз, көлік жуу орталығына дейін қамтылған. Ал, Қызылорданы айтар болсақ, соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Қала тазалығы, түнгі жарығы керемет, – деген бағасын берді зейнеткер Өмірсерік Әбуов. Ал, жиын соңында ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Батырхан Остаев қос әкімнің есебін жақсыға бағалап, батасын берді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.