Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Кітап оқу күйзелістен құтқарады

Кітап оқу күйзелістен құтқарады

   Қаланың қарбалас тіршілігімен таныс әрбірімізге байқалатын нәрсе – көшеде ашуға берліген адамдарды кездестіріп қаламыз. Біреулер қоғамдық көліктегі орын үшін керісіп жатады. Тағы сол қоғамдық көлік жүргізушілері жолын кесіп өткен әрбір жүргізушіні балағаттайтынына да құлағымыз үйренген. Базарда сатушының дөрекілігі сауда мәдениетінің соншалықты төмен екеніне көзіңді жеткізеді. Кейде болмашы нәрседен туындаған кикілжіңнің аяғы қып-қызыл төбелеске айналғанына да куә болып жатамыз.
Мұндай мысалдар өте көп. Бірақ осындай жағдайға куә болғандардың арасында бұқаралық психология немесе қоғамдық көңіл-күй туралы ойланатындар шамалы. Бұл жөнінде орыс психиаторы В.Бехтерев: «Егер біз кездейсоқ жиналған топты қарастыратын болсақ та қоғамдық көңіл-күймен кездесетін боламыз» деген екен. Ол көңіл-күйдің тұрақсыздығын, қозғалғыштығын, жиі ауыспалығын ескере отырып, осы құбылыстың себептерін динамикада немесе нақты әлеуметтік қатынастарда емес, тікелей адамдардың психикалық ерекшелігінен, көңіл-күйдің қасиетінен іздейді.
Бүгінде жұрттың бәріне уақыт жетпейді. Жанталасқан тірлік, жағаласқан өмір. Кітап оқуға кісінің қолы тимейді. Қоғамдық жүйе адам баласын осыған тәрбиелеп отыр. Ел аман, жұрт тыныш. Бірақ, адамның жан дүниесінде рахат сезім жоқ сияқты. Міне, осының бәрі елді ойсыздыққа, тек күнделікті күйбең тірлікке тәуелді етуге тәрбиелейді. Көпшілік ортада анық байқалатын тағы бір нәрсе – тілдің жұтаңдығы. Тіпті, кейбір жастарымыз ұзақ сөйлемді мүдірмей айта алмайды. Ал айта алатындарды «кітаби тілде сөйледі» деп кекетеді.
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Фаузия Шәмсиқызы жастар арасындағы мұндай мәселе назар аударуды қажет ететінін айтады. Ол кісінің пікірінше, қазіргі таңда жастардың көпшілігі өз ойын еркін жазып жеткізе алмайды. Сол себепті қоғамда жазылым мәдениеті де ақсап тұр.
Ал үнемі өз ойын мазмұндап айта алмайтын, ашық, еркін жеткізе алмайтын адамдарды өзгелер түсіне қоймайды. Бұл қарым-қатынас барысында біз жоғарыда айтқандай қиындықтар тудыруы мүмкін. Мамандар бұл жағдайда адам психикасы толығымен қанағаттандырылмайтынын айтады. Көкейдегі ойдың сөзге айналмауы салдарынан психологиялық қажеттілік жинала береді. Ол өз кезегінде психологиялық кризиске алып келеді.
– Өз-өзін бағалаудың төмен болуы, өзіне деген сенімсіздік, ортаға бейімделе алмау, қарым-қатынастың дұрыс орнатылмауына әсер ететін фактордың біріне өз ойын ашық, еркін жеткізе алмау да жатады. Ұзақ жылдар бойы орын алған дағдарыс әсерінен адам бойында депрессия пайда бола бастайды. Депрессия дегеніміз – бұл психикалық бұзылысты білдіретін ұғым. Адам мұндай жағдайдың алдын алуға тырысуы керек, – дейді психолог, «BilimFoundation» қоғамдық қорының координаторы Феруза Рахымқызы.
Әрине, қандай адам болмасын, ой-өрісінің, білімінің, мəдениеті мен рухани дүниесінің қаншалықты екені оның жазған жазуынан, сөйлеген сөзінен де байқалды. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал», деп тәмсіл тегін айтылмаған. Ана тілінің мол байлығын игерген, құдіретіне түсінген, күшіне тағзым етіп, бас иген адам өзіне де, өзгеге де талап қоя алады. Сөзді қалай болса солай қолдануға жол бермейді. Сөз мəдениеті мен өз мəдениетін қатар ұстай білу адами болмыстың биік үлгісі екені даусыз. Тілсіз рухани мəдениет те биікке жете алмайды. Себебі, халықтың рухани күші – тілде.
Бұдан шығатын қорытынды – бізге күнделікті өмірде, ауызекі әңгімеде анық байқалатын тіл байлығының таяздығы жалпыхалықтық депрессияға айналуы да мүмкін. Мамандар оған жол бермеу үшін тілдің тазалығына, нақтылығына мән беру керегін айтады.
Әр адам сөздік қорын молайтуға, өзінің тіл байлығын өзінің банктегі шотына есеп жүргізгендей қарауы қажет. Оған үнемі көңіл бөліп, түсімін молайтып, көлемін ұлғайтуы керек. Мұндағы мақсат – адамның өз ойын сол қалпында сөзге айналдыруына мүмкіндік беру. Басқаша айтқанда, тұлғаның қоғамда тепе-теңдік сақтай білуі. Бұл ретте сөз өнерінің де әр нәрсені өз атымен атау ғылымы екенін ұмытпаған абзал.
Себебі, көкейдегі ой, көңілдегі түйткіл айтылмай қалған сайын адамның психологиясы невроз, өзге де ауытқуларға жақындай түседі екен. Дегенмен, тіл байлығын арттыру үшін әдеби кітаптарды бас алмай оқу міндетті емес. Жай ғана сөздік сатып алып, оны күн сайын оқып тұруды әдетке айналдыру жеткілікті. Әрі сөздік кітаптары онша қымбат емес. Психологтың бір реттік қабылдауы 10 мың теңгеге жуықтайтынын ескерсек, кітап оқу мәселенің психиатр көмегіне жүгінуден гөрі әлдеқайда арзан шешімі.
Биболат Сәтжан.
22 қаңтар 2019 ж. 986 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 449 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам