Белгілі қаржыгерге құрмет
Аға ұрпаққа құрмет көрсету – кейінгі буынның бұлжымас міндеті. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы қалыптасып, елдің дамуы үдей түспек. Мұндай үрдіс қаламызда жақсы жүйеге қойылып, еңбек майталмандарына сый-құрмет көрсетіліп келеді.
Облыстың қаржы саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, туған жердің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан еңбек ардагері Бименді Баймахановқа қаламыздан көше атауы берілді. Тағылымы мол шараға қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ел ақсақалдары мен зиялы қауымы қатысты.
Бименді Баймаханов 1923 жылы қаңтарда Жалағаш ауданы Ақсу ауылында дүниеге келген. Жалағаш ауданындағы мектепті үздік нәтижемен бітіріп, 1942 жылдан 1949 жылға дейін Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеді. Соғысқа қатысып "Кавказды қорғағаны үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен марапатталды.
– Салтанатты түрде ашылғалы тұрған жаңа көше, ынтымақты халқымыздың мерейін асқақтатар көрікті орындардың біріне айналсын, – деген қала әкімі Н.Нәлібаев. Қала басшысы Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ ССР-нің, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген экономисі Бименді Баймаханұлының өмір жолы мен ерлік жолы туралы сөз етті.
Сондай-ақ, 1949-1984 жылдары еліміздің қаржы органдарында қызмет етіп, "Қажырлы еңбегі үшін", "Құрмет белгісінің", "Құрмет" ордендерінің кавалері атанған ардақты азамат Қызылорда облысының қаржы жүйесін қалыптастыруға сүбелі үлес қосты.
Тәрбиелік мәні зор шарада өңірге белгілі тұлғаның ерен еңбегі, азаматтық болмысы, қажыр-қайраты туралы естеліктер айтылды.
Б.Сәтжан