Қазалыда жер учаскесі берілмек

– Өткен жылы төрт түліктің барлық түрінде өсім болды. Аудан халқының негізгі тіршілігі – егін және мал шаруашылығы. Былтыр 17790 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Су жеткіліксіздігіне қарамастан негізгі дақыл – күріштің әр гектарынан 44,3 центнерден өнім жиналды. Ал биылғы жоспар – 17 700 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу, – деді аудан әкімі.
Қазалыда тұрғын үйге мұқтаж 842 азамат кезекте тұр. Мәселені шешу үшін былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Әйтеке би кентінде 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ, кент пен қала аралығынан 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысын салу үшін құжаттар әзірленген.
Ауданның инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылған. Былтыр бұл аумақтан 800 адамға жер берілді. Биыл электр желілері, ауыз су мен газ апару жалғасып, ол аяқталған соң, 1500 адам тұрғын үй салу үшін жер учаскесін иеленеді.
– Биыл «Әлсейіт» көпірінің құрылысын аяқтап, көпірдің игілін көреміз деп жоспарлап отырмыз. 2017-2018 жылы бөлінген қаражатқа тиісті жұмыс жасалды. Үстіміздегі жылы көпір құрылысын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Ал, «Қарлан» учаскесіне көпір салу облыс әкімінің қолдауымен САРАТС-2 жобасына енгізілді, – деді М.Ергешбаев.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.